Главная страница
 |   |   |  Барселонада доп теуіп жүрген қазақ баласын Ла лигадан көріп қалуымыз әбден мүмкін

Барселонада доп теуіп жүрген қазақ баласын Ла лигадан көріп қалуымыз әбден мүмкін

Барселонада доп теуіп жүрген қазақ баласын Ла лигадан көріп қалуымыз әбден мүмкін
Барселонада доп теуіп жүрген қазақ баласы Ла лигада қалуды армандайды

Суреттегі бұл жігіттің есімі – Жамбыл Қайырбек. Бүгінде Барселонадағы «Fundacion Marcet» футбол мектебінде тәлім алып жүр. Келесі жылы Испанияның "Эспаньол" футбол клубының оқу-жаттығу жиынына қатыспақ. Яғни, алдағы бір-екі маусымда қазақтың қарадомалақ баласын Ла лигадан көріп қалуымыз әбден мүмкін.

Жамбыл ҚАЙЫРБЕК

Туған жылы: 25.10.1996

Туған жері: Алматы қ.

Бойы: 177 см.

Салмағы: 64 келі.

Алғашқы жаттықтырушысы: Владимир Ольшанский (Қызылорда

Жамбылдың Испаниядан оралғанына бір аптаға жуықтапты. Жаңа жылдық мерекелерден кейін жаттығуын жалғастыру мақсатында Каталонияға қайта кетеді. Осы қысқа мерзімдік демалысын пайдаланып, жас футболшыны сұхбатқа шақырған едік.

– Қыркүйек айынан бері Барселонадамын. «Fundacion Marcet» футбол мектебінде жаттығып жүрмін, – деп бастаған Жамбыл Қайырбек алдымен аталмыш мектепті таныстырып өтті. –  Бұл Испаниядағы ең мықты футбол мектептерінің бірі. Ғаламтор арқылы жұмыстарымен танысып, жаздың соңында Каталонияға аттанып кеткенмін. Іріктеуден бірден өттім. Командасы Испанияның төменгі дивизиондарының біріне қатысады. Бірақ, ол жақта чемпионат ерте басталып қойғандықтан, фитча алып үлгермедім. Осы күнге дейін тек жолдастық кездесулерде ғана алаңға шығып жүрдім. Бәлкім, жаңа жылдан кейін фитча алып, ресми ойындарға шыға бастайтын шығармын.

Жамбыл Қайырбектің «Фитча» деп тұрғаны рұқсат қағаз. Яғни, біріншілікке қатысу үшін футболшының сол чемпионатқа тіркелгендігі туралы ресми құжаты болуы тиіс. Оны қалаған уақытыңда ала алмайсың. Маусым басында және ортасындағы траснферлік кезеңде жүзеге асатын процедура. Ал «Fundacion Marcet» расымен де Испаниядағы алдыңғы қатарлы футбол мектептерінің бірі. Өзінің толыққанды базасы бар. Оның ішінде жаттығу залдары, компьютер бөлмелері, бассейн сынды қажеттіліктің бәрі барын былай қойғанда, үлкен футболға арналға үш үлкен алаңы және шағын футболға арналған бір алаңы барын айтсақ та жеткілікті. Бүгінде бұл мектептің филиалдары Пиреней түбегінен бөлек, Мексикадан бастап Ресей, Ангола, Қытай, Аустралия елдері сынды елдерді қосқанда әлемнің 30 елінде жұмыс жасайды. Испанияда «Реал Мадрид», «Барселона», «Атлетико Мадрид», «Валенсия», «Эспаньол» сынды клубтармен, Португалияда «Спортингпен» тығыз қарым-қатынаста екен.

– Әлбетте, дәл қазір «Реал», «Барселона» сынды клубтардан орын алу мүмкін емес екенін түсінемін. Менің жасымда футболшы кем дегенде Испанияның Сегунда дивизионында доп теуіп жатуы керек, - деп ойын жалғастырды Жамбыл. – Дегенмен, жаттықтырушылармен жақсы қарым-қатынастамын. Олар менен өз кеңестерін аямайды. Айтуларынша, Ла лигада ойнауға шамам жетеді. Қазір ақырындап келісіп жатырмыз. Бәлкім, келесі жылдың шілдесінде «Эспаньолдің» оқу-жаттығу жиынына қатысып көретін шығармыз.


Негізі, Жамбыл Испанияға дейін Англияда да жарты жыл доп тепкен екен. Алайда, «Тұманды альбионға» футбол ойнау үшін емес, тіл білу үшін барған. Алты ай Лондонда жалғыз жүрген бозбала қарап жатсын ба, формасын киіп ауладағы алаңға қойып кетіпті. Алдымен аулада өзі құралпы жастармен доп тепкен. Кейін өзге өңірлердегі кішігірім турнирлерге қатыса бастаған. Сөйтіп жүргенде бір күні жергілікті «Барнет» командасының жетекшілері көріп қалып, өздеріне шақырыпты. Бірақ, әкесіне берген уәдесі бойынша, бірінші кезекке футболды емес, сабақты қойған. Алты айдан кейін тіл үйреніп, елге қайтты.

– Англияда тек әуесқой деңгейде ғана формамды бабыма келтіріп тұру үшін ғана футбол ойнайтынмын. Дегенмен, әкем менің футболға деген махаббатымды түсінді. Испанияға жіберіп, «Fundacion Marcet» футбол мектебіне өтуіме себепші болған да сол. Алғысым шексіз, - деген Жамбыл бала кезінде үйіндегілерден тығылып та футболға қашып кеткен кездері болғанын айтты. – Ол кезде Қызылордада тұратынбыз. Әкем мені спорттың қай түріне болса да, қатыстырды. Бетімнен қаққан жоқ. Ақыры каратэге тоқталатын болдық. Бірақ, бәрібір аңсарым доп тебуге ауып тұратын. Ақыры футболға кеттім. Бірақ, 9-шы сыныпта үйдегілер менің ғылым жолына түскенімді қалап, «қазірден бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаласың» деп футболмен айналысуыма тиым салып тастады. Содан не керек, футболмен ешкімге білдіртпей қатысып жүрген кездерім де болған.

Расымен де, Жамбылдың да тағдыры өзге футболшылардыкіне ұқсас. Әкесі әскери адам. Алматыда туған ол 6 жасында отбасымен бірге Қызылордаға көшіп кетіпті. Футболдың әліппесімен Сыр өңірінде танысқан. Мектептегі дене шынықтыру пәніне қатысып, балаларды сырттай бақылап жүрген жергілікті тәжірибелі жатттықтырушы Владимир Ольшанскийдің көзіне осы бала оттай басылған екен. Кейін Құттыбай Досманбетов, Төребек Жақсылық сынды жаттықтырушылардың қол астында тәрбиеленіп, кейін тағы да әкесінің қызметіне байланысты Астанаға қоныс аударған.

– Бұл 2013 жыл еді. «Астана-1964» командасына бірден қабылдандым. Алайда, кейін клуб банкротқа ұшырап, шәкірттерінің барлығын таратып жіберді. Мен «Астана» футбол орталығына қабылдандым. Әжептеуір жаттығып жүргенмін. Бір күні жаттықтырушымыз бас команданың қосалқы құрамына іріктеу болатыны туралы хабарландыру айтты. Қуанып кеттім. Енді бір аттасам, «Астана» футбол клубына өтейін деп тұрмын. Кенет, жаттығу кезінде жарақат алып қалдым да, іріктеуге қатыса алмай, арманымның күл-паршасы шықты. Қайтерімді білмей, футбол орталығынан да шығып кеттім. Тек әуесқой лигада ойнап жүрдім. Бірақ, арманыңа ұмтыла білу керек екен ғой. Испаниядан шақырту келіп, қазір «Fundacion Marcet» футбол мектебінде тәлім алып жүрмін, - деді сағы сынбаған жас футболшы.

Жамбыл Қайырбектің амплуасы – шабуылшы. Шабуылды сол қапталмен бастағанды жақсы көреді. Сұңғақ бойлы жігіттің ойын мәнері Ибрагимович, Левандовскилерден гөрі, Серхио Агуэро немесе «Реалдағы» Исконыкіне ұқсас. Гол соға аларына жүз пайыз сенімді болған жағдайда ғана қақпаға тебеді, әйтпесе әріптестерін іздейді. Яғни, пасқа сараң емес. Қыркүйек айынан бері талай жолдастық кездесулерге қатысып, көбінде командасының негізгі құрамынан орын алып отырған. Әлбетте, дәл қазір Қазақстан ұлттық құрамасы, тіпті жастар құрамасына да дайын емес. Онысын өзі де жасырмайды. Әйтсе де, «Эспаньол» бапкерлерінің сынағынан сүрінбей өтіп, Ла лигада доп теуіп жатар болса, онда екі-үш жылда бас командамыз үшін нағыз жетілген, дайын шабуылшы болып шығары сөзсіз.

Сұхбатымыздың соңында Жамбылдан испаниялықтардың қазақ футболына деген көзқарасын сұрадық. Сөйтсек, теңбіл доптан хабары бар жергілікті фанаттар үшін «Астана» мен «Қайрат» жақсы таныс екен.

– «Fundacion Marcet» футбол мектебінде менен бөлек, Қазақстаннан тағы үш бала бар. Бірақ, біз Испаниядағы бірінші қазақ емеспіз ғой. Ол жақта қазақ футболы жайлы біраз біледі. Әсіресе «Астананың» жетістіктеріне таңғала айтып отырады. Сондай-ақ, менен «Астана» мықты ма, әлде «Қайрат» па?, - деп те сұрап жатады. Өзіме екеуі де ұнайды. Екеуі де өз алдына ерекше. Дегенмен, әзірге елге келгім жоқ. Келесі жылдың тамызында жаттығу курсым аяқталады. Оған дейін «Эспаньолдың» жаттығу жиынынан өтіп, Каталонияда қалып қоямын деп үміттенемін. Бірден Ла лига болмаса да, Сегунда дивизионынан бастап жатсам, жаман емес, - деп Жамбыл Қайырбек әңгімені аяқтады.

Иә, Испания чемпионатында тым болмаса бір қазақ доп теуіп жатса, қуанамыз ғой. Жамбылға да соны тіледік. Келесі жылы дәл осы уақытта «Эспаньолдың» футболшысы ретінде сұхбат алайық деп келістік.

Тізімге қайта оралу