|   |   |  Кирилл Шестаков – "Ақтөбеге" әлі уақыт керек

Кирилл Шестаков – "Ақтөбеге" әлі уақыт керек

Кирилл Шестаков – "Ақтөбеге" әлі уақыт керек
Кирилл Шестаков

– Самат Смақов сияқты футболшының болуы кез-келген команда үшін үлкен абырой ғой. Оған қарап жастар өседі. Сондай-ақ, бізге Мұрат Тілешев қосылды. Он мүмкіндіктің тоғызын голға айналдыра алатын сұрмерген. Енді гол соғу оңайырақ болады деп үміттенемін.

Өткен жылды Қызылорданың «Қайсар» футбол клубында өткізіп, қысқы маусымаралық үзілісте алдымен «Оқжетпеске», кейін «Ақтөбеге» ауысқан жартылай қорғаушы Кирилл Шестаков «Астана-Арена» стадионында өткен елордалық командамен болған ойыннан кейін sportsffa.kz порталына сұхбат берді.

– Кирилл, «Астанамен» ойнап 0:1 есебімен жеңіліп қалдыңыздар. Сол ойында командаңызға не жетпей қалды?

– Біріншіден, шыдамдылық. Сәл шыдағанымызда тең есепке де қол жеткізуге болар еді. Өкінішке қарай, ойын соңына таман сәл ғана босаңсып қалдық та, қақпамызға гол жіберіп алдық. Әйтпесе, «Астанаға» қарсы тәп-тәуір ойнаған едік. Негізі, тең есеп әділетті нәтиже болар еді.

– Ал матчқа қандай тапсырмамен шыққан едіңіздер?

– Әр ойынға тек жеңіс үшін шығамыз ғой. Егер екінші таймның ортасында Егор Сорокин өз мүмкіндігін голға айналдыра алғанда жеңіс бізге бұйырар еді. Мұндай матчтарда гол соғатын мүмкіндіктер минут сайын туа бермейді. Әр шабуылыңды бағалай білуің керек.

– Биыл «Ақтөбе» маусымды әдеттегіден сәтсіз бастады. Үнемі үздіктер қатарында жүретін команданың аутсайдерлер қатарынан бір-ақ шыққаны қызық екен...

– Біздің команда биыл жаңадан жасақталды десек болады. Былтырғы құрамнан қалғандар бірен-саран. Бізге өз ойынымызды табу үшін кішкене уақыт керек. Әлі-ақ үздіктер қатарынан көрінеміз деп ойлаймыз.

– Жалпы, «Ақтөбенің» алдында биыл қандай мақсаттар тұр?

– Біздің алдымызға нақты мақсат қойылған. Алдымен бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша үздік алтылыққа енуіміз қажет. Ал сосын? Сосын маусым қорытындысы бойынша 4-орынды иемденуіміз керек. Тапсырманы орындай аламыз деп ойлаймын. Өйткені, командамыздың құрамы қарымы. Бас бапкеріміз білікті. Ал ойын уақытымен келеді.

– Командада Самат Смақовтың болуы футболшыларға қаншалықты көмек болып жатыр?

– Сэм сияқты футболшының болуы кез-келген команда үшін үлкен абырой ғой. Оған қарап жастар өседі. Ол да бар білгенін жастарға үйретуден жалықпайды. Тіпті, сөзбен де кез-келген ойыншыға рух беріп, алаңға қайрап шығарады. Сондай-ақ, бізге Мұрат Тілешев қосылды. Он мүмкіндіктің тоғызын голға айналдыра алатын сұрмерген. Оның «Ақтөбені» таңдағаны жанкүйелеріміз үшін жақсы болды. Енді гол соғу оңайырақ болады деп үміттенемін.

– Жақында «Ақтөбе» футбол клубына «Бауырсақ бала» жедел тағам мейрамханасы титулды демеуші болады деген ақпарат шығып, соңында олар демеушіліктен бас тартқан еді...

– Сөзіңізді бөлейін. Мен бұл сұрағыңызды жауапсыз қалдырсам деп едім.


Кирилл Шестаков "Астанаға" қарсы ойында 

– Ендеше өзіңіз жайлы. Қысқы маусымаралық үзілісте Көкшетаудың «Оқжетпес» командасымен бірге жаттығып жүрген едіңіз. Соңғы сәтте ғана «Ақтөбеге» ауысуыңызға не себеп болды?

– Иә, «Оқжетпесте» бәрі жақсы болатын. Барлығымен танысып үлгергенмін. Келісімшартқа қол қойып қойғанбыз. Бірақ, бәрі ойламаған жерден болды. Маусымның басталуына бірнеше күн қалғанда «Ақтөбеден» ұсыныс түсті. Ойлана келе осында ауысуды жөн көрдім. «Оқжетпес» басшыларымен де шық сөйлестік. Үш тараптық келіссөздерден кейін «Ақтөбеге» ауысатын болып шешілдім. Өкініш жоқ, тағдырдың қалауы осылай болып тұр ғой. Маған «Ақтөбеде» бәрі ұнайды.

– Алғашқы екі турда қосалқы құрамда қалып, соңғы матчта ғана негізгі құрамда алаңға шықтыңыз. Маусымға физикалық тұрғыдан дайын болмадыңыз ба?

– Жоқ, «Оқжетпес» сапында оқу-жаттығу жиынын жақсы өткіздім. Тек «Ақтөбеге» кеш қосылуымның себебінен алғашқы екі матчта қосалқы құрамда қалып қойдым. Кішкене командаға үйренісуім керек болды.

– Соңғы екі маусымды «Қайсар» футбол клубында өткіздіңіз. Былтыр қызылордалықтардың Премьер-лигадан ұшып кетуіне не себеп болды деп ойлайсыз?

– Демек мен кінәлімін. Команданың дұрыс ойнай алмағаны үшін сол кезде клубта болған біз кінәліміз. Дегенмен, қолымыздан келгеннің барлығын жасадық. Маусымның сәтсіз өтуіне әртүрлі факторлар себеп болды. 2014 жылы 5-орынды иемденіп жанкүйерлерімізді қуантқан едік. Былтыр бізді қырсық шалды. Ойынымыз жүрмей, көптеген матчтарда сәттілік жетіспей жатты.

– Қалай ойлайсыз, биыл Қызылорданың командасы Премьер-лигаға қайта орала ала ма?

– «Қайсар» жанкүйерлеріне шыдамдылық, ал командаға сәттілік тілеймін! Келесі жылы Премьер-лигадан қайта көреміз деп үміттенемін. Мен үшін бұл клуб бөтен емес. Құрамы қарымды. Футболшылары шебер. Тек қана сәттілік тілеймін!  

– Сұхбатыңызға көп рахмет!  

Тізімге қайта оралу