|   |   |  Құралбек Ордабаев – Бауыржан Исламханды "жұлдыз ауруынан" емдеу керек

Құралбек Ордабаев – Бауыржан Исламханды "жұлдыз ауруынан" емдеу керек

Құралбек Ордабаев – Бауыржан Исламханды "жұлдыз ауруынан" емдеу керек
Құралбек Ордабаев

Александр Бородюк қызметін енді ғана бастады. Жұмысын жалғастыра берсін. Бәлкім, кеше қызбалықпен, эмоциямен «кетуім керек шығар» деп айтқан болар. Дегенмен, оның командадағы ары қарайғы тағдырын клуб басшылығы шешуі тиіс.

"Қайрат" футбол клубының қазіргі жайы жайлы қазақ футболының тірі аңыздарының бірі Құралбек Ордабаев порталымызға пікір білдіріп, бас бапкер Александр Бородюк пен жұлдызды ойыншысы Андрей Аршавин туралы айтып берді. Сондай-ақ, Бауыржан Исламханның әлеуетіне тоқталды.

– Меніңше, «Қайраттың» маусымды сәтсіз бастауының екі себебі бар. Біріншісі, қысқы оқу-маусымы жиыны кезінде бапкерлер алқасынан ағаттық кеткен тәрізді. Футболшылар маусымға физикалық тұрғыдан дайын емес. Жігіттер ойын соңына шыдамай, шаршап қалып жатыр, – деп бастаған Құралбек Досжанұлы екінші себепке де тоқталды. – Сондай-ақ, менің байқағаным, команданың ішкі атмосферасы дұрыс емес секілді. Футболшылардың өзара түсініспеушіліктері бар сияқты көрінді маған. Мәселен, кеше «Ақжайық» қақпасына пенальти берілгенде неліктен командада бұрыннан жүрген Бауыржан Исламхан, Анатолий Тимощук емес, ұжымға енді ғана қосылған Леандре Тавамба нүктеге жақындады? Осы нәрсені сол күйі түсіне алмадым. Менің білуімше, көшбасшы Исламхан мен Тимощук емес пе? Әлде, басқа да біз білмейтін нәрсе бар ма? Негізі, пенальтиді кім тебетінін ойын алдында бас бапкер айту керек қой. Ал Тавамба бірінші ойыны болғандықтан тым қобалжып кетті.

– Андрей Аршавин «Қайрат» сапындағы алғашқы ойынын тәп-тәуір өткізгенімен командасының қорытынды көрсеткішіне әсер ете алған жоқ. Қалай ойлайсыз, Аршавин сияқты жұлдыздар «Қайратқа» көмектесе ала ма?  

– Ақырын күтейік. Аршавин енді ғана қазақ футболының алаңына шығып отыр. Бәлкім, алдағы ойындарда өзін жақсы қырынан көрсете алар. Менің айтарым, оны командаға шақырған екен, демек «Қайрат» басшыларының бір ойлағаны бар болар. Оның әлеуетін клуб басшылары жақсы біледі. Бапкерлер алқасы әбден сынады, зерттеді. Аршавиннің өзі де «егер ойнай алмай жатсам, кез-келген уақытта команда менімен келісімшартты үзе алады» деп айтты ғой. Ойнасын, көрейік қалай боларын.


Құралбек Ордабаев Александр Бородюкке уақыт қажет дейді

– Былтыр Қазақстанның үздік футболшысы атанған Бауыржан Исламханның биыл сүреңсіз ойнап жүргені не себептен деп ойлайсыз?

– Бауыржан жайлы бұған дейін де айтқанмын. Ол өте талантты футболшы. Өзім де жақсы көремін. Бірақ Исламхан соңғы кездері ауырып жүр. «Жұлдыз ауруына» шалдықты. Оған сол аурудан емделу қажет. Капитан олай ойнамауы керек. Командасының моторы болуы тиіс. Егер осы қалпында қалып қойғысы келмесе, ары қарай дамығысы келсе, Бауыржанға жақсылап ойлану қажет. Футболға деген көзқарасын өзгертуі тиіс.

– Көптеген жанкүйерлер «Қайратта» Владимир Вайсс қалғанда қазір жағдай басқаша болар еді деп жүр. Қалай ойлайсыз, Александр Бородюкпен келісімшартты үзген дұрыс па, әлде әлі де мүмкіндік беру қажет пе?

– Владимир Вайсстың біліктілігінде күмәнім жоқ. Бірақ ол енді өткен шақтың еншісінде қалды. Өкінудің қажеті шамалы. Алға қарауымыз қажет. Ал Александр Бородюк қызметін енді ғана бастады. Жұмысын жалғастыра берсін. Бәлкім, кеше қызбалықпен, эмоциямен «кетуім керек шығар» деп айтқан болар. Дегенмен, оның командадағы ары қарайғы тағдырын клуб басшылығы шешуі тиіс. Құжат жүзінде өзара келісімшарттары бар ғой. Бородюкке дұрыс қорытындыға келіп, ары қарайғы жұмысы жайлы ойлану қажет. Уақыт бар әлі. «Қайраттың» ойыны қалпына келеді деп үміттенемін. Владимир Вайсс та алғашқы маусымын бірден жеңіспен бастаған жоқ қой.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тізімге қайта оралу