|   |   |  Артық екенін сезсе Смақов өзі-ақ кетеді – Асқар Қожабергенов

Артық екенін сезсе Смақов өзі-ақ кетеді – Асқар Қожабергенов

Артық екенін сезсе Смақов өзі-ақ кетеді – Асқар Қожабергенов
Асқар Қожабергенов

Дәл қазір Қазақстанға Жозе Моуриньоны шақыртсаң да ешнәрсе өзгермейді. Өйткені, футболшылар осылар, материал баяғы. Бәлкім шетелден бапкер шақыру мәселесі қазіргі балалар мен жасөспірімдер өскен соң актуалды болатын шығар. Әзірге ұлттық құрамамызды отандық мамандар да жаттықтыра алады. Оның үстіне, Байсуфинов бастаған бапкерлер алқасы өздерін жақсы жағынан көрсете алды. Ары қарай да қызметті осы мамандар атқара берсін.

Алдымен Әзірбайжан футболшыларын ұтқан Қазақстан құрамасы кеше грузиялықтармен тең түсті. Осы екі жолдастық кездесудің жілігін шағып, сараптап беретін маман іздеп, кезінде өзі де бас командамызда қызмет атқарған Асқар Қожабергеновке хабарласқан едік. Бапкерлер алқасының жұмыстарын, Самат Смақовтың ойынын, қақпашылар жайын қозғаған Асқар Сейдахметұлы порталымызға тұщымды ойларын айтты.

– Бұрынғы Кеңес одағына қарасты құрамалардың ішінде Ресей мен Украинадан кейін футболы қарыштап дамып келе жатқан Әзірбайжан мен Грузия ғой. Бірін жеңіп, екіншісімен тең түскеніміз көңл қуантады, - деп бастады сарапшы маман. – Екі матч та көңілімнен шықты. Талғат Байсуфинов бастаған бапкерлер алқасы өздеріне берілген мүмкіндікті жақсы пайдаланды.

– Грузия құрамасымен тең ойын мақтануға тұратын нәтиже ме?

– Бөркімізді аспанға атпасақ та көңілден шығатын көрсеткіш деп ойлаймын. Өйткені, санап қарасаңыз, Грузияның 15 шақты ойыншысы Еуропаның еңселі командаларында ойнайды. Ал ол жақта футболдың деңгейі мүлдем бөлек. Біздің жігіттер ше? Покатиловтан басқасының барлығы өз елімізде доп тебеді. Стастың өзі де «Ростов» сапында әлі алаңға шыққан жоқ. Грузия бұрыннан әлеуеті зор команда. Оның үстіне, Қазақстанда футбол маусымы енді ғана басталды. Футболшылар әлі толық бабтарына келіп үлгермеді. Сондықтан, дәл қазір Грузиямен тең ойын жаман нәтиже емес.

– Осы екі кездесуде ұлттық құрамамыздың ойындары Юрий Красножанның кезіндегі футболмен салыстырғанда қаншалықты өзгерді?

– Бір аптаның ішінде ұлттық құраманың тактикасын толық өзгертіп, жаңалық енгізу оңай емес. Талғат Байсуфинов бастаған бапкерлер алқасы Красножан қойып кеткен тактиканы бұзбай, футболшыларға психологиялық серпін беруге тырысты. Ойынымыз бұрынғыдай. Тек жігіттердің өздеріне деген сенімділіктері күшейгені көрініп тұрды. Жалпы, бұл екі матчтың ұлттық құрамаға бергені көп болды. Өйткені, рейтингте өзімізден жоғары тұрған екі командамен де көңіл көншітерлік нәтижеге қол жеткізіп, жігіттердің психологиялық сенімдерін күшейте алды.

– Осы екі кездесуге Талғат Байсуфинов ұлттық құрамаға ең үздіктерді шақырды ма, әлде ескерусіз қалып қойғандары болды ма?

– Иә, Александр Меркель, Генрих Шмитдгаль және Константин Энгельді қоспағанда осы жолғы жиынға барлық қаймақтар жиналды. Рас, жарақаттарына және басқа да себептерге байланысты қалып қойған бірді-екілі футболшылар болған шығар. Бірақ дәл қазір еліміздің үздіктері осылар. Ал қалғандарын ойнағандарына қарай уақыт өте келе шақыра берер. Егер келесі кездесулерде Меркель, Шмитдгаль және Энгельдер қосылса, олар ойынды әлсіретпейді, керісінше жаңа серпін қоса алады.


Грузия - Қазақстан 1:1

– Самат Смақов ұлттық құрама сапында 73 кездесу өткізіп, Руслан Балтиевтің рекордымен теңесті. Қалай ойлайсыз, Самат ұлттық құрамада әлі қанша уақыт ойнай алады?

– Әзірбайжанға қарсы кездесуде де, Грузиямен болған ойында да Самат ешкімнен кем болған жоқ. Әлі де бабында екенін көрсетті. Шау тартып бара жатқанын да байқамадым. Егер артық екенін сезсе, Смақов ұлттық құрамадан ешкім айтпай-ақ өзі-ақ кетеді. Жалпы, дәл қазір ол ұлттық құрама үшін өте қажет футболшы. Украина құрамасында Анатолий Тимощуктің рөлі қандай болса, Қазақстанда Смақовтың да рөлі сондай. Мұндай ойыншылар алаң жиегінде таптырмас көшбасшы. Әріптестеріне жігер беру үшін және рухтандыру үшін аса қажет футболшылар. Бірақ Украинада Тимощук қазір негізгі құрамнан орын ала алмай жүр. Ал Самат алаң жиегінде ғана емес, алаңда да лидер.

– Осы екі кездесуде Стас Покатилов, Давид Лория және Владимир Плотниковтің үшеуі де алаңға шығуға мүмкіндік алды. Сіздіңше ұлттық құрамамыздың негізгі қақпашысы кім болуы тиіс?

– Негізі үшеуінің де шеберліктері деңгейлес. Давид Лория – өте тәжірибелі қақпашы. Владимир Плотников бас командамыздағы алғашқы матчын жақсы өткізді. Жас та болса, реакциясы зор. Стас Покатилов те жас, әрі дарынды қақпашыларымыздың бірі. Қайсысын алаңға шығарса да, әлсіремейміз. Дегенмен, болашақ үшін қазірден бастап Стас Покатиловқа сенім артқан дұрыс секілді. Ол әлі жас және алдағы іріктеу додасында бәрібір бас қақпашымыз сол болмақ.

– Соңғы сұрақ. Қалай ойлайсыз, Талғат Байсуфинов бастаған бапкерлер алқасын қалдыру қажет пе, әлде ұлттық құрамаға шетелден басқа мамандарды шақыртқан дұрыс па?

– Талғат Байсуфинов, Нүркен Мазбаев, Андрей Ферапонтов және Юрий Новиковтың жаттықтыруымен Қазақстан ұлттық құрамасы осы екі кездесуді жақсы өткізіп, өздеріне берілген тапсырманы жоғары деңгейде атқарып шықты. Әлбетте, жолдастық кездесулер мен іріктеу турнирінің айырмасы жер мен көктей. Ол жақта отандық мамандар өздерін қалай көрсете алатынын білмейміз. Дегенмен, қазіргі кезде біз өз тобымызда бірінші немесе екінші орындарға таласа алмаймыз. Ашығы сол, төртінші-бесінші орындарға таласамыз. Ендеше неліктен ұлттық құрамамыздың тізгінін отандық мамандарға ұстатып көрмеске?! Білесіз бе, сырттан келген мамандардың бәрі Қазақстан футболының менталитетіне үйренісіп кете алмайды. Футболшылармен жақсы түсінісе біледі деп Ресейден Юрий Красножанды шақырттық. Бірақ соның өзінде ортақ тіл табысу оңай болған жоқ. Дәл қазір Қазақстанға Жозе Моуриньоны шақыртсаң да ешнәрсе өзгермейді. Өйткені, футболшылар осылар, материал баяғы. Бәлкім шетелден бапкер шақыру мәселесі қазіргі балалар мен жасөспірімдер өскен соң актуалды болатын шығар. Әзірге ұлттық құрамамызды отандық мамандар да жаттықтыра алады. Оның үстіне, Байсуфинов бастаған бапкерлер алқасы өздерін жақсы жағынан көрсете алды. Ары қарай да қызметті осы мамандар атқара берсін. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!          

Тізімге қайта оралу