|   |   |  Берік Маржықпаев: Спортты бұқаралық сипатта дамытқанды ұнатамын

Берік Маржықпаев: Спортты бұқаралық сипатта дамытқанды ұнатамын

Берік Маржықпаев: Спортты бұқаралық сипатта дамытқанды ұнатамын
Фотоны түсірген – Азиз ОРАЗБАЕВ

Оқушылар додасының былтырғы жеңімпазы шет елге барып, жаттығу жұмыстарын өткізіп қайтты. Балалар арасындағы қандай спорттық додада мұндай бар?!

Бүгін Астанадағы №40 орта мектепте футзалдан «Оқушылар лигасының» ашылу салтанаты өтті. 2003/2004 жылдары туған жас жеткіншектердің спорттық мерекесіне Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев та келіп, жас футзалшыларға игі тілегін білдірді. Ашылу салтанаты аяқталысымен екі мектептің оқушылары арасындағы ойынды тамашалап отырған Басқарма басшысын сөзге тарттық.

Берік аға, осынша мектепті, осынша оқушыны тартып отырған ауқымды спорттық жоба, спорттық дода бар ма?

– Жоқ. Ең бастысы, бұл додаға қатысушылар жыл санап өсіп келеді. Алғашқы екі жылы шағын футбол додасы ретінде өткізілді. Биыл міне, қыстың көзі қырауда, футзалдан 40 мектеп додаға түсіп жатыр. Келесі жылы қатысушылар саны бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Осы ретте Астана футбол федерациясының ерен еңбегін айрықша атап өткім келеді. Оқушылар додасының былтырғы жеңімпазы шет елге (Түркияға) барып, жаттығу жұмыстарын өткізіп қайтты. Тынығып келді. Балалар арасындағы қандай спорттық додада мұндай бар?! Федерация жас ұрпақтың теріс жолға түспей, спортпен шұғылдануына көп ықпал етіп отыр. Қай жағынан алсаңыз да, тәлім-тәрбиесі көп – игілікті іс. Оқушылар осындай додаларда шыңдала түседі. Ұжым болып бірігуді үйренеді. Сондықтан, Астана футбол федерациясының басшысы Лашын Аймағамбетов бауырыма айтар алғысым – шексіз. Оның жүзеге асырып отырған бұл ісінің мәні – зор, мағынасы – тереңде. Менің риза болатыным, федерация тек спорт додалар мен жарыстарды ғана ұйымдастырып қоймай, ақпараттандыру жағын да қолға алған. Әр түрлі ақпараттық негіздегі кітапшаларды да шығарып келеді. «Жақсының жақсылығын айт» дегендей, мұның бәрін қысқа да болса, айтып өткен жөн.

Жалпы, Астана қандай спорт түрлерін дамытуға қолайлы деп санайсыз?


Фото - Азиз Оразбаев

– Мен спорт түрлерін бұқаралық сипатта дамытқанды ұнатамын. Қолайлы-қолайсыз деп емес, халық көңілінен шыққанын қалаймын. Мысалы, Астана шаңғы спортын дамытуға қолайсыз демей, қала ішінде шаңғы жолдарын салып қойдық. Шаңғы тебу – тегін. Бұл халық көңілінен шығып та жатқан сияқты. Шаңғы тебушілер саны күннен-күнге артып келеді. Жалға беретін шаңғыларымыз жетпей де жатыр. Жергілікті тұрғындардың шаңғы сатып алып жатқандары да бар. Сондай-ақ қаланың әр жерінен бірнеше мұзайдын құйып қойдық. Оларда да коньки тебушілер саны көбейіп келеді. Әсіресе бала-шаға өте көп. Бұған да көңіліміз толады. Астана суық демей, міне, қыста да балалар доп теуіп, додаға түсіп жатыр. Яғни бірінші кезекте, шамамыздың жеткенінше, қолымыздан келгенінше, жағдай жасауымыз керек. Мына №40 орта мектептің спортзалын қараңызшы. Қандай кең, тамаша. Әр мектепте осындай спортзал болса, футболды да, басқа спорт түрін де дамыта беруге болады ғой.

Бүгінде Астана спорты тез дамып, елімізде көшбасшы аймақтардың біріне айналғандай...

– Өзіңіз білесіз, біздің елде бүкілқазақстандық Спартакиада өтіп тұрады. Спортың қай өңірде қандай қарқынмен дамып келе жатқанын сол Спартакиада айқындап бере алады. Осы бүкілқазақстандық дүбірлі додада біз үшінші болып жүрміз. Алдымызды Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысы орап кетіп жүр. Өйткені аталған екі өңірдің халқы бізден әлдеқайда көп. Бірнеше есе көп. Сондықтан осы екі өңірмен тайталасу оңай емес.

Биыл Астана спортының бағы жанатын шығар. Рио Олимпиадасынан елорда спортшылары алтынсыз қайтпауы керек деп ойлаймыз. Бәлкім, бір емес, екі алтын болар...

– Алдын-ала «тон пішпейік». Бірақ, рас, бұл жолы үмітіміз зор. Лондон Олимпиадасына 17 спортшымыз қатысып, бір ғана қола жүлдені қанағат тұтқанбыз. Бұл жолы қыз-жігіттерімізге, әсіресе былғары қолғап шеберлеріне сенеміз. Данияр Елеусінов бастаған үл-қыздарымыз жерге қараптпайды деп үміттенеміз. Василий Левит бар, балуан жігітеріміз бен ескекшілеріміз де бар. Қала әкімі осындай сенім артар саңлақтарымызға пәтер беріп, жағдай жасап келеміз. Былайша айтқанда, қыз-жігіттеріміздің мүмкіндіктері зор, ал бап шаба ма, бақ шаба ма, оны уақыт көрсетеді.

Тізімге қайта оралу