|   |   |  "Тараз" ФК директоры Махамбет Дүйсембаев – Тізгінді жылдың басында жіберіп алдық

"Тараз" ФК директоры Махамбет Дүйсембаев – Тізгінді жылдың басында жіберіп алдық

"Тараз" ФК директоры Махамбет Дүйсембаев – Тізгінді жылдың басында жіберіп алдық
Махамбет Дүйсембаев

Маусым басында үздік алтылықтан орын аламыз деген «Тараз» футбол клубы қазір Қазақстан чемпионатында соңғы орында келеді. Осы мәселе жайлы клуб директоры Махамбет Дүйсембаевпен сөйлесіп, команданың бұл тығырықтан шығу жолдарын сұраған едік.

– «Жетісумен» болған ойында сәл сәттілік жетіспеді. Екі гол соғып үлгердік, бірақ одан әріге шама болмады. Уақыт жетіспеді. Әйтпесе, жап-жақсы ойнап, екі гол соққан едік, - деп бастады Махамбет Ахметұлы.

– Жалпы, «Тараздың» қазіргі сәтсіздіктерінің себебі неде?

– Жылдың басында кішкене тізгінді жіберіп алдық. Негізі жергілікті түлектерге сенім арту стратегиясын көздегенбіз. Өзіміздің Жамбыл облысының жас балаларына сенім арттық. Өйткені, былтыр біздің жастар дубльдік командалар арасында Қазақстан чемпионы атанған. Солардың арасынан 5-6 ойыншыны негізгі командаға қосқанбыз. 70-80 пайыз футболшылар өзіміздің түлектер. Қазақстанның басқа бірде-бір командасының көрсеткіші мұндай емес. Бірақ жігіттер көсіліп ойнай алмай жатыр. Одан кейін жарақаттар да ойынымызға кесірін тигізіп жатыр. Қазір маусымның басында команда негізін қалаған бірқатар ойыншыларымыз Испания, Италияға емделуге кетті. Үміт артқан шабуылшымыз Игорь Зенькович қатардан шығып қалды. Сол сияқты, сербиялық саңлағымыз Йован Голичтің де жарақаты бар. Тағы бір жартылай қорғаушымыз Олег Недашковский де «сынды». Солардың орнына бәрібір жас балаларды қоюға тура келді. Олардың биыл тәжірибелері жетпей жатыр. Бірақ келесі маусымдарда шеберліктері толысып, команданы жеңістерге жетелейтіндіктеріне сенімдімін.

– Енді трансферлік науқанда команданы күшейтесіздер ме?

– Әлбетте, күшейтеміз. Біз жақында бас бапкерді алмастырып, Украинадан Юрий Максимовты шақырттық. Енді трансферлік кезеңде команданы біраз күшейтуіміз керек. Екі футболшымен келісімшартқа отырып үлгердік. Біреуі ресейлік қорғаушы Антон Григорьев, екіншісі украиналық жартылай қорғаушы Александр Алиев. Ол бір гол соғып, бір нәтижелі пастың авторы атанып үлгерді. Тағы да үш-төрт ойыншы қарастырып жатырмыз.

– Юрий Максимовтың «Жетісумен» болған ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатын youtube арқылы қарап отырмын. «Футболшыларды ойната алмасам, кетемін» депті.

– Бізге ренжіп, эмоциямен айтып жатқан шығар. Осының барлығын кешіктірмей, жылдың басында жасау керек еді деп жатыр ғой. Бірақ жылдың басында біз оны шақырдық. Келді қалаға. «Өзім емес, көмекшілерімді ертіп келемін. Осындай бюджет керек» деп шарт қойды. Оған біздің қалтамыз көтермеді. Дағдарыс кезінде оған облыстың шамасы жетпейді ғой. Бізге қанша қаржы берді, соған сәйкес жұмыс жасап жатырмыз. Содан Максимовқа «келетін болсаң, өзіңе ғана жағдай жасай аламыз» деді. Қазір өзі ғана, көмекшілерінсіз келді. Жұмыс жасап жатыр. Көңіліміз толады. Бірақ, команданы күшейтуіміз керек.

– Енді «Тараздың» биылғы маусымдағы мақсаты не?

– Үздік алтылыққа шыға алмасымыз белгілі ғой. Трансферлік науқанда жақсылап күшейсек, одан кейін турнир кестесінде неғұрлым жоғары көтерілуге тырысамыз. Сондай-ақ, бәрібір өзіміздің жергілікті жігіттерге басымдық беріледі. 

Тізімге қайта оралу