|   |   |  Максим Жалмағамбетов – Мұндай ұлттық құрамаға мәңгілік жанкүйер болуға дайынмын

Максим Жалмағамбетов – Мұндай ұлттық құрамаға мәңгілік жанкүйер болуға дайынмын

Максим Жалмағамбетов – Мұндай ұлттық құрамаға мәңгілік жанкүйер болуға дайынмын
Максим Жалмағамбетов - Қазақстан ұлттық құрамасының экс-қорғаушысы

Осыдан тоғыз жыл бұрын Қытай – Қазақстан кездесуіне қатысып, биыл теледидардан тамашалағандардың бірі – Максим Жалмағамбетов. Бүгінде жаттықтырушылық карьерасын бастап кеткен экс-қорғаушы порталымызға сұхбат беріп, ұлттық құрама төңірегінде біраз ой толғады.

– Ойынның алғашқы 15-20 минутында қытайлықтар бізді қыспаққа алып, тұқыртқысы келгенімен жігіттер тізгінді берген жоқ. Одан кейінгі уақыттардың барлығында басымдық бізде болды. Әділ жеңіс, - деп бастады сұхбатымызды Максим Жалмағамбетов.

– 2007 жылы Қытай құрамасына қарсы алаңға шыққан едіңіз. Осы жолы теледидардан тамашаладыңыз. Олардың ойыны өзгерген бе? Жалпы, осы аралықта қай команда күшейген?

– Тоғыз жыл бұрынғы ойынмен кешегі кездесуді салыстыру қиын. Содан бері футбол әлемінде талай нәрсе өзгерді ғой. Меніңше, Қытайға қарағанда Қазақстан құрамасының деңгейі өскен секілді. Жігіттерде өздеріне деген сенімділік бар. Мықты командаларға қарсы ойнап, тәжірибе жинақтағандары көрініп тұр. «Астананың» жігіттері, мысалға Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған. Осының барлығы жиналып келіп, кешегідей жеңістерге жеткізіп жатыр.

– Осы жолдастық кездесудегі ойынымызды сіздің кезіңіздегі Арно Пайперс жаттықтырған ұлттық құрамамызға ұқсатып жатқандар көп.

– Салыстыру оңай емес. Екеуі екі бөлек команда ғой. Команданың құрамында болсам, ұқсастықтарын айтуға болар еді. Сырттан қарағанда Қытаймен болған ойын көңілден шықты. Бірақ, біздің құрама өкінішке қарай, қатарынан екі жыл осындай деңгейде ойнай алмай келеді. Ал біз кезінде Еуро-2008 іріктеу додасында 10 ұпай жинағанбыз. Содан бері сегіз жыл өтті. Төрт іріктеу циклі артта қалды. Алайда сол көрсеткішті әлі күнге қайталай алмай келеміз.

– «Аспан асты» елінің баспасөзінің жазуынша олар бізбен ойынымыз Өзбекстандыкіне (2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қытай мен Өзбекстан бір топта – авт) ұқсас болғандықтан ғана ойнапты. Ал Қытай біздің алдағы қарсыластарымыздың қайсысына ұқсайды?

– Ешқайсысына да. 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде қай құрамалармен бір топқа түстік? Румыния, Польша, Дания, Монтенегро және Армения ғой. Біреуіне де титімдей де ұсамайды. Жалпы, Азия футболы мен Еуропа футболы бір-бірімен қабыспайтын екі бөлек дүние. Он рет ассаң да сорпасы қосылмайды. Біздің іріктеу кезеңіндегі алғашқы қарсыласымыз – Польша. Поляктардың ойыны мен Қытайдың ойыны тіптен бөлек. Сол сияқты, егер Қытай Қазақстан футболын Өзбекстанға ұқсатса, онда олар да қатты қателеседі. Біз өзбектермен тек шекараласпыз. Бірақ ойындарымыз тіптен басқа. Меніңше бұл ойын Қытай жағына көбірек керек болды. Өйткені, олар өз деңгейін Еуропада ойнап, тәжірибе жинақтаған командамен тексеріп көргісі келді. Ал біздікілер жәй келісе салды.

– Енді жоспар бойынша тамыз айында Бишкекте Қырғызстан құрамасымен жолдастық кездесу өткіземіз. Мұндай деңгейдегі командаға қарсы матч бізге керек пе?

– Польшамен болатын маңызды матчтың қарсаңында Қырғызстанмен жолдастық кездесу өткізу дегенді мүлдем түсінбеймін. Сонда бапкерлер алқасы қандай тактикалық жаңалықтарды тексеріп көрмек? Қырғыздарға қарсы ойынды толығымен шабуылда өткізетініміз түсінікті. Бірақ поляктарға қарсы матчта олай ойнай алмаймыз ғой. Әлде, сол жолдастық кездесуде қырғыздарға допты беріп қойып, өзіміз қарымта шабуылдарға иек артамыз ба? Польшаға қарсы сәтті ойнағымыз келсе, бізге алдағы жолдастық ойында кемі өзімізден мықты командамен бәске түсу қажет. Осы орайда Грузия, Армения, Өзбекстан құрамаларына қызығамын. Бір дегенде бір емес, екі командамен жолдастық кездесу өткізіп жатыр. Қарсыластары да қарымды. Армения құрамасы Сальвадор, Гватемала сынды командалармен шеберлік байқасты. Грузия құрамасы Румыниядан ұтылғанымен Испанияны 1:0 нәтижесімен тізе бүктіріп кетті. Бәрі де бізбен бірге Тәуелсіздігін алған елдер ғой. Ал көрші Өзбекстанның Канадамен жолдастық кездесу өткізгенін естігенде «қалай келісіп жүр» деп таңғалдым. Демек, дұрыс жұмыс атқарса, жақсы қарсылас табуға болады ғой. Әйтпесе, қашанғы қырғыздар мен тәжіктерді ұта бермекпіз? Мен Қырғызстан футболын тұқыртып тұрған жоқпын. Бірақ, турасын айтқанда, біздің деңгейіміз емес қой. Біз Еуропада ойнаймыз. Ендеше Азияға қарайлай бергенше Еуропаға ұмтылайық та.

– Максим, жалпы бұл командадан алдағы іріктеу додасында не күтуге болады?

– Егер шындыққа тура қарайтын болсақ, бізге қазір әлем чемпионатының финалдық додасын армандауға әлі ерте. Тобымыздағы қарсыластар өте мықты. Дегенмен, дәл осылай ойнасақ, талай фавориттің «қанын ішеміз». Алты команданың ішінен төртінші орын алуға шамамыз жетеді.

– Бәлкім одан биік мақсаттарды көздеу үшін құраманы легионерлермен толықтыру керек шығар?

– Неліктен? Не қажеті бар? Біз ол кезеңнен өттік қой. Пайдасы кәне? Қазіргі құрама мың есе артық. Сергей Малыйдан басқасының барлығы өзіміздің жігіттер. Ұлтына, дініне қарамай-ақ қоялық, бәрі де Қазақстанда туған, осында өскен. Тіпті, жаттықтырушылар алқасы да өзіміздің мамандар. Мұндай құрамаға мен мәңгілік жанкүйер болуға дайынмын. Қытайға қарсы матчта теледидар алдында жігіттер үшін шынымен де уайымдап, толқып отырдым. Тек Ұлан Қонысбаевқа обал болды.

– Қалай ойлайсыз, сол сәтте қытайлық ойыншының қаншалықты кінәсі бар?

– Фолдың болғаны 100 пайыз. Бірақ, әдейі істеді деп ойламаймын. Жеңілгісі келмеді де, рефлекс бойынша секіріп қалды. Ұлан да жерге дұрыс қона алмады. Бұл жазатайым нәрсе ғой. Тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Кемі үш ай ойнамайды деп жатыр ғой. Алайда, құлан-таза айығып кетуі қиын болады-ау. Біріншіден психологиялық тұрғыда бұл жарақатты ұмыту оңайға түспейді. Енді допқа талас кезінде аяғын тартып ойнайтын шығар. Дегенмен, Қонысбаевтың мінезін жақсы білемін. Қиындыққа мойымайтын қайсар жігіт. Міндетті түрде бұрынғы бабына қайта келіп, алаңға одан да мықты болып оралады деп сенемін.

– Осы жолы Самат Смақов ұлттық құрама сапындағы 74-ші ойынын өткізіп, жаңа рекорд орнатты. Сіздіңше Смақов бас командада әлі қанша ойын өткізуге қабілетті?

– Қорғаушы үшін 37 жас дегенің түк емес қой. Алдағы іріктеу циклін толық өткеруге қауқары жетеді деп ойлаймын. Егер біздің құрама жолдастық кездесулерді жиірек өткізгенде Смақов бас командамыздағы кездесулерінің санын 100-ге жеткізіп қояр еді.

– Талғат Байсуфинов бастаған бапкерлер алқасы үш ойынды да жақсы өткерді. Қалай ойлайсыз, алдағы іріктеу додасын осы отандық мамандарға тапсыру қажет пе, әлде сырттан шақырған жөн бе?

– Бар нәрсені бүлдірмейік те. Өздеріне берілген мүмкіндіктерді жап-жақсы пайдаланып жатыр. Ендеше неліктен одан әрі де осы мамандарға сенім арта бермеске?! Талғат Байсуфинов қазақстандық футболшылардың шамаларын жақсы біледі. Әрқайсысының жетесіне жететіндей сөздер айтып қайрай алады. Керек кезде тізгін тартып, қажет кезде қамшы басатын бапкер. Одан бас тартқаннан не ұтамыз?! Ал сырттан шақырсақ, оған бейімделудің өзіне біраз уақыт кетеді. Нәтиже бере ме, жоқ па, ол жағы мүлдем белгісіз.

Тізімге қайта оралу