|   |   |  Талғат Байсуфинов – Қалай болса да "қайраттық" футболшылар болашақта бәрібір керек болады

Талғат Байсуфинов – Қалай болса да "қайраттық" футболшылар болашақта бәрібір керек болады

Талғат Байсуфинов – Қалай болса да "қайраттық" футболшылар болашақта бәрібір керек болады
Талғат Байсуфинов - Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері

Біздің қоңырауымыз бас командамыздың бас бапкері Талғат Байсуфиновті жиналып жатқан жерінен тап түсті. Асығыс болса да, сұрақтарымызға жауап берген Маруанұлы ұлттық құрамадағы соңғы өзгерістер туралы айтып берді.

Бүгін таң әлекеуіммен футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматы әуежайы арқылы Қытайдың Далянь қаласына ұшып кетті. Енді 7 маусым күні жерлестеріміз сол елдің ұлттық құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді.

– Талғат Маруанұлы, қалаған ойыншыларыңыздың барлығын ұлттық құрамаға шақырта алдыңыз ба?

– Иә, жоспарымыздағы футболшылардың барлығы келді. Тек «Қайрат» қана өз ойыншыларын жіберген жоқ.

– «Қайрат» футбол клубының өз ойыншыларын жібермеуі туралы не айтасыз?

– Мен не айта аламын. Бұл олардың өздерінің шешімі. Қалай болса да «қайраттық» ойыншылар болашақта бәрібір керек болады, бәрібір бас командамызда ойнайды. Сондықтан, дүрлігетін ештеңесі жоқ.

– Демек, бұл футболшыларсыз-ақ қытайлықтарға қарсы лайықты қарсылас бола аламыз ғой?

–Әлбетте, «қайраттықтар» бізге жақсы көмек болар еді. Енді жібермеген соң, айла жоқ, оларсыз-ақ бірнәрсе етерміз. Кез-келген жағдайдан шыға білуіміз керек деп есептеймін.

– Ал резервтік тізімнен негізгі құрамға өткен ойыншылар бар ма?

– Иә, «Қайрат» футбол клубы өз ойыншыларын жібермейтін болған соң басқалармен толықтыруға тура келді. Владимир Плотниковтің орнына «Ақтөбе» қақпашысы Самат Отарбаевты шақырдық. Сондай-ақ, «Тобылдан» Альмир Мухутдинов пен Тимур Досмағамбетов алдырттық. «Тараздан» қорғаушы Берік Айтбайдың да әлеуетін тексеріп көруді жөн көріп отырмыз. Міне, резервтен осы жігіттер бар.

– Ел чемпионатының соңғы турында сіздің «Ақжайығыңыз» Көкшетаудың «Оқжетпесімен» ойнады. Ол командада Жасұлан Молдақараев бар. Ол да резервтік тізімде болған еді. Бірақ бұл жолы шақыртылмады. Молдақараевтың ойыны туралы не айтасыз?

– Біз Жасұланды жақсы білеміз. Үнемі бақылап жүреміз. Жақсы шабуылшы. Бірақ дәл қазіргі таңда бізде алғы шепте Роман Муртазаев, Сергей Хижниченко, Таңат Нөсербаев сынды саңлақтар бар. Осы жолы осы жігіттерге үміт артып отырмыз. Дегенмен, болашақта бәрібір Жасұланда да ұлттық құрама сапында ойнауға мүмкіндігі болады. Біз оны ешқашан назарымыздан тыс қалдырған емеспіз.

– Ал Қытай құрамасы жайлы не білесіз? Зерттеп үлгердіңіз бе? Жалпы, бұл жолдастық кездесудің ұлттық құрама үшін маңызы қаншалықты?

– Қытай ұлттық құрамасы туралы материалдардың барлығы қолымызға тиді. Жол бойы зерттейміз. Ол жаққа барған соң да уақытымыз болады. Жалпы, мықты құрама. Азиядағы алдыңғы қатарлы футбол командаларының бірі. Ойыншыларымен танысып үлгердім. Бәрі де бұрыннан шақыртылып жүрген футболшылар. Сондай-ақ, өзіміздің соңғы өткен Грузияға қарсы ойынымызды да талдаймыз. Сосын бір қорытынды шығарып, жігіттерге жеткізетін боламыз. Әлбетте, дәл қазір қандай жолдастық матч болмасын, біз үшін маңызы зор. Өйткені, күзде бізді жаңа іріктеу додасы күтеді. Сондықтан, халықаралық матчтарда тәжірибе жинақтап, футболшыларды ысылдыра түсуіміз қажет.

– Ұлттық құрамамызда әлі күнге бас бапкер бекітілген жоқ. Егер алдағы іріктеу турнирінде бас командамызды сізге ұсынса, қабылдауға дайынсыз ба?

– Оның барлығын футбол басшылары шешеді. Біз сарбаз секілдіміз ғой. Қалай айтса, солай істейміз. Өз басым, ұлттық құраманы бұдан әрі де жаттықтыра беруге дайынмын. Қасымда Нүркен Мазбаев, Андрей Ферапонтов, Юрий Новиков сынды білікті ассистенттер бар. Мойнымызға артылар жауапкершілік ауыр болса да, бірге көтеріп жүруге дайынбыз.

Тізімге қайта оралу