|   |   |  Елдос Ахметов – Ұлттық құраманы өзіміздің мамандар да жаттықтыра алады

Елдос Ахметов – Ұлттық құраманы өзіміздің мамандар да жаттықтыра алады

Елдос Ахметов – Ұлттық құраманы өзіміздің мамандар да жаттықтыра алады
Елдос Ахметов Қазақстан ұлттық құрамасы жайында

Ойыннан кейін керекуліктердің қорғаушысы Елдос Ахметовпен сұхбаттасып, өзінің осы ойын жайлы пікірін білгенбіз. Сондай-ақ, ұлттық құрамамыздың алдағы жолдастық кездесуі төңірегінде де әңгіме өрбіттік.

Кеше Павлодардың «Ертісі» ел кубогының ширек финалы аясында Астанада Көкшетаудың «Оқжетпесімен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті де, жартылай финалға жолдама алды. 

– Елдос, жеңіс құтты болсын! 

– Көп рахмет! Жеңіс, шыны керек, оңайлықпен келген жоқ. «Оқжетпес» «оңай шағылар жаңғақтардың» қатарынан емес қой. Ел чемпионатында үздік бестікте келе жатыр. Олар да осы кездесуде басым түсу үшін барын салды. Оның үстіне, «Астана-Аренада» төбесі жабық кезде ойнау өте қиын. Әсіресе жаз мезгілінде. Шатырын ашып қойса жақсы болар еді. Әйтпесе, қысым қатты, ауа жетпей тұрғандай болады. Мұнда бейімделу үшін біраз жаттығу жасау қажет. Өзім былтыр «Астанада» ойнағандықтан бұл стадионның құпиясын жақсы білемін.

– Енді жартылай финалда қай командаға қарсы ойнағанды қалайсыз?

– Бәрібір. «Астана», «Қайрат» және «Атырау» шығыпты. Қай-қайсысы болмасын, қарымды команда. Рас, «Қайрат» пен «Астананың» қасында «Атырау» әлсіз сияқты көрінеді. Дегенмен, құрамы қарымды. Ол жақта біраз достарым бар. Мықты ойыншылары жетерлік. Соңғы матчтарында жақсы ойнап жүр. Сондықтан, жартылай финал ешбір команда үшін оңай түспейді. Оның үстіне, жартылай финалда бір-бірімізбен екі реттен кездесеміз.

– Басты мақсат ел чемпионаты ма, әлде Қазақстан кубогы ма?

– Ел кубогы – Еуропа лигасына барар ең қысқа жол ғой. Сондықтан, біз осы турнирді жеңіп алуды өзіміздің алдымызға мақсат қылып қойғанбыз. Сондай-ақ, Қазақстан чемпионатынан да бас тартпаймыз. Дәл қазір турнир кестесінде екінші орында келе жатырмыз. Осы қарқыннан таймауымыз керек.

– Соңғы жылдары «Ертіс» пен «Астананың» арасында «шапқылап» жүрсіз. Павлодарға қайта оралу ойыныңызға қалай әсер етті?

– Өзіңіз айтып өткендей 2013 жылға дейін «Ертісте» доп тепкенмін. Осында жүріп 2010 жылы Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы қолама қол жеткіздім. Өзімнің туған қалам Тараздан кейін қоныс аударған қалам Павлодар болатын. Маған ол жақта бәрі ұнайды. Әсем қала, жанкешті жанкүйерлер. Адамдары ізетті. Әлбетте, «Астанада» да футболшы ретінде өстім. Екі рет чемпион атандық. Осы клубта ойнап, алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеттім. Сондықтан, «Астанаға» алғыстан басқа айтарым жоқ. Ал Павлодар мені биыл жылы күтіп алды. Бірден командаға сіңісіп кеттім. Бас бапкердің сенімі шығар, алғашқы ойындардан-ақ негізгі құрамнан орын алдым.

– Айтпақшы, бас бапкер демекші, болгариялық маман жайлы не айтасыз?

– Өте білікті маман. Негізі, Димитар Димитровтың «Астананың» бас жаттықтырушысы Станимир Стойловпен ұқсастығы өте көп екен. Екеуінің жаттықтыру мәнерлері де, мінездері мен адамгершілік қасиеттері де бірдей секілді көрінді. Димитровты «Стойловтың ұстазы» деген сөзде бір мән бар сияқты ғой. Еуропалық көзқарастағы білікті бапкер.

– Елдос, сұхбатымызды енді ұлттық құрама төңірегінде өрбітсек. Алда бізді Қытаймен болатын жолдастық кездесу күтіп тұр. Бұл матчтың маңында біраз дау болды. Тіпті, «Ертіс» басшылығының өзі осы кездесуге қарсы болған. Сіз қалай ойлайсыз, бұл матчтың ұлттық құрама үшін маңызы бар ма?

– Негізі, мен жауап беретін сұрақ емес қой. Біздікі алаңға шығып, ел намысын абыроймен қорғау. Шақырды. Барамыз. Ұлттық құрама шақырғанда басқа жұмыстардың барлығын шетке жиып тастап, жетіп баруға міндеттіміз. Ал матчтың қаншалықты маңызды екендігін мамандардың өздері талқылай жатар.

– Ал Қытай ұлттық құрамасы жайлы не білесіз?

– Шынын айтсам, ешнәрсе білмейді екенмін. Бірде-бір ойыншысын танымаймын. Дегенмен, соңғы жылдары Қытай футболы жылдам қарқынмен дамып келеді. Небір мықты легионерлерді тартып жатыр. Әлбетте, біз үшін таңсық құрама болғанымен ойынның қызықты өтетініне сенімдімін.

– Ұлттық құрамада уақытша жаттықтырушылар квартеті болғанымен тұрақты бас бапкер әлі күнге тағайындалған жоқ. Осы орайда қалай ойлайсыз, ұлттық құрамаға бас бапкерді сырттан шақырған жұрыс па, әлде отандық мамандарға сенім арту қажет пе?

– Бұл да менің құзырымдағы сұрақ емес. Қай жақтан қандай жаттықтырушы келсе де, өз басым ел намысы үшін барымды салып ойнаймын. Алайда, меніңше дәл қазіргі таңда ұлттық құрамамен өзіміздің мамандар да жұмыс жасай алады. Оның үстіне, бапкерлер алқасын жақсы білемін. Талғат Байсуфиновтің әлеуеті маған жақсы таныс. Нүркен Мазбаевтың шамасын бес саусақтай білемін. Ол кісімен де талай жыл бірге жұмыс жасап, қол астында жаттыққанмын. Өз ісінің хас мамандары. Ұлттық құраманы отандық мамандардың қолына тапсырса, ұят қалдырмайды деп сенемін.

Тізімге қайта оралу