|   |   |  Нүркен Мазбаев – Ұлттық құраманың мүддесі жеке мақсаттан жоғары болуы шарт

Нүркен Мазбаев – Ұлттық құраманың мүддесі жеке мақсаттан жоғары болуы шарт

Нүркен Мазбаев – Ұлттық құраманың мүддесі жеке мақсаттан жоғары болуы шарт
Нүркен Мазбаев - Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері

Маусымның 7-сі күні Қазақстан ұлттық құрамасы Қытайдың Далянь қаласында аталмыш елдің бас командасымен жолдастық кездесу өткізеді.  Осы ойынның қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері Нүркен Мазбаевпен хабарласып, футболшыларымыздың дайындығы жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Нүркен Қалдыбекұлы, ұлттық құраманың алдағы оқу-жаттығу жиыны қайда, қашан, қалай өтпек?

– Маусымның 3-і күні Талғардағы оқу-жаттығу базасында жиналамыз. Сол күні кешке жалпы ұйымдастыру жиналысынан кейін ойыншыларды қалпына келтіру жаттығуын өткіземіз. 4 маусым күні таңертең сағат 06:30-да арнайы чартермен Алматы әуежайынан Қытай елінің Далянь қаласына ұшу жоспарланып отыр. Ол жақта маусымның 4-і мен 6-сы аралығында  дайындығымызды пысықтап, 7 маусым күні Даляньда Қытай ұлттық құрамасымен жолдастық кездесу өткіземіз. Матч 2013 жылы салынған 61 мың көрермен сиятын сол қаланың орталық стадионында Қытай уақытымен 19:35-ке белгіленген.  

– Жалпы, Қытай ұлттық құрамасы жайлы не айтасыз? Олардың әлсіз-күшті жерлері қандай?

– Бүгінде Қытай ұлттық құрамасы ФИФА рейтингі бойынша 81-ші орында орналасқан. Азия құрлығында алдыңғы қатарлы ұжымдардың бірі. Қазіргі уақытта Қытай футболында үлкен серпілістің болып жатқаны баршамызға мәлім. Сондықтан, ойын өте тартысты өтеді деп ойлаймын. Қазір жаттықтырушылар алқасы Қытай құрамасының ойындарын зерттеп, сараптама жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әлсіз және күшті тұстарын ойыншыларымызға теориялық жаттығулар барысында көрсетеміз.

– Қытаймен болатын жолдастық кездесуге байланысты даудың туындағаны рас. Жалпы, бұл жолдастық матч ұлттық құрама үшін қаншалықты маңызды?

– Өздеріңіз білесіздер, 2018 жылы Ресейде өтетін Әлем чемпионатына іріктеу ойындарының басталуына бар болғаны 3-ақ ай уақыт қалды. Көзді ашып-жұмғанша өтеді де шығады. Сондықтан іріктеу додасына дайындық мақсатында бұл ойын біз үшін өте маңызды.

– «Қайрат» футбол клубы осы кездесуге ойыншыларын жібергісі келмейді деген ақпарат шықты. Бұл мәселені қалай шешпексіздер? Негізі, алматылық команданың ұлттық құрама ойынына футболшыларын жібермеймін деуі дұрыс па?

– Ұлттық құраманың ойындары өз елінің намысы мен абыройын  қорғап, туын желбіретіп, жанкүйерлерінің бірауыздан жеңіске ұран салып, қолдау көрсетуінің керемет көрінісі. Жас ұрпаққа патриоттық - тәрбиелік мән беретін үлкен шара деп ойлаймын. Сондықтан ұлттық құраманың мүддесі жеке мақсаттан жоғары болуы шарт.

– Өткен іріктеу кезеңінде голдардың басым бөлігін ұлттық құрамамыз стандартты жағдайлардан соқты. Онда гол соғып жатқан негізінен қорғаушылар. Шыны керек, қазір сұрмергенге зәруміз. Шабуылшылар мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?

– Биылғы біріншілікті сараптап, бапкерлермен кеңесе отырып, осы жаттығу жиындарына «Ертіс» шабуылшысы Роман Мұртазаевты  шақырдық. Одан бөлек, «Оқжетпес» шабуылшысы Жасұлан Молдақараев резервтік тізімге енді. Іріктеу-сараптама жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.  Өздерін жақсы қырынан көрсеткен шабуылшылар әрдайым біздің назарымызда.

– Бүгінде Германия, Италия чемпионаттарында ойнап жүрген Қазақстанға қатысы бар футболшыларды ұлттық құрамаға тарту қаншалықты актуальді? Бұл бағытта жұмыстар жасалып жатыр ма?

–  Қазіргі уақытта ел чемпионатында сол ойыншылардың позициясында ойнап жүрген футболшылардың шеберлік деңгейлері өсіп келеді. Біздің ойыншылар Чемпиондар лигасының топтық кезеңі және Еуропа лигасының плей-офф ойындарында үлкен тәжірибе алып жатыр. Мәселен, Генрих Шмитдгаль ойнап жүрген команда үшінші Бундеслигаға түсіп қалды. Константин Энгель мен Александр Меркель жарақаттарына байланысты биылғы маусымда 1-2 ойын ғана алаңға шықты. Біз үміткерлерді үнемі назарда ұстап отырамыз. Алдағы уақытта олардың ойын тәжірибесі мен деңгейі біздің талапқа сай болып жатса,  ұлттық құрамаға шақырылады.

– Ұлттық құрамамызда әлі күнге тұрақты бас бапкер жоқ. Талғат Байсуфинов екеуіңізге тандем ретінде алдағы іріктеу турнирінде жұмыс істеуге ұсыныс болған жоқ па?

– Біріншіден, мен онсыз да ұлттық құрамада аға жаттықтырушы болып қызмет атқарып жатырмын. Екіншіден, Талғат Маруанұлы өзінің сұхбатында ұлттық құраманы жаттықтыру – үлкен абырой және зор жауапкершілік екенін айтып өткен. Негізі, бапкерлерді тағайындау мәселелерін лауазымды тұлғалардың өздері шешуі керек.

Тізімге қайта оралу

Ұқсас мақалалар: