|   |   |  Қайрат Айманов – Ұлттық құраманы Талғат Байсуфинов жаттықтыруы қажет

Қайрат Айманов – Ұлттық құраманы Талғат Байсуфинов жаттықтыруы қажет

Қайрат Айманов – Ұлттық құраманы Талғат Байсуфинов жаттықтыруы қажет
Қайрат Айманов қазақстандық жаттықтырушылар жайлы

«Ауылдағының аузы сасық» деген мақал бар. Қазақстан футболының бүгінгі ахуалын дәл суреттейтін мақал. Өз футболшыларымызға сенбейміз, «бар тәттіні» легионерлердің аузына тосамыз. Өз жаттықтырушыларымызды құрметтемейміз, шетелдік мамандарды аспанға көтереміз. Бірақ бізде де білікті бапкерлер жетерлік қой.

Мәселен, бүгінде Ақтаудың «Каспиін» жаттықтырып жүрген Қайрат Айманов. Талай жыл Премьер-лига клубтарында қызмет етіп, Қазақстан жастар және ұлттық құрамаларында да бапкерлер алқасында болған Қайрат Тыныштықбекұлы отандық бапкерлердің бастан кешіп жатқан жағдайларын баяндап берді. Бірақ, алдымен «Каспий» клубы мен Ақтау футболы жайлы...

– Қайрат Тыныштықұлы, бүгінде «Каспий» футбол клубының бас бапкерісіз. Бірақ, ақтаулық команда қазір Бірінші лигада үш ойынды да ұтылды және біріншілікте әлі бір гол соққан жоқ. «Каспийге» не жетіспей жатыр?

– Командамыз негізінен жергілікті ойыншылардан жасақталған. Құрамның 90 пайызы өз қаракөздеріміз. Негізі ойынымыз жаман емес. Әр кездесуде жігіттер жігерлік танытып, соңына дейін айқасады. Бірақ, бізге гол соғатын сұрмерген шабуылшы жетіспей жатыр. Осы мәселені шешер болсақ, жеңістер де келеді деп ойлаймын. Орталық Африка Республикасынан келген Лиман Муса бар. Алайда ол да әлі бабына келген жоқ.

– Осы жылға команданың алдында қандай мақсаттар тұр?

– Биыл Бірінші лиганың да жүйесін Премьер-лиганыкіне ұқсатып қойған. Яғни, бірінші кезеңнен кейін командалар екіге бөлініп, алтауы бас жүлдеге таласты жалғастырса, қалған төртеуі соңғы орындарды сарапқа салады. Біздің алдымызға қойылған тапсырма – алдымен алғашқы алтылыққа ену. Одан кейін үздік үштікті көздейміз. Дегенмен, облыс басшылығы әзірге Премьер-лигаға жолдама алу жайлы мақсат қойып отырған жоқ.

– Ендеше, сіздің ойыңызша, биыл Бірінші лигада кім фаворит?

– Олар үшеу – «Қызыл-Жар», «Алтай» және «Қайсар». Басты тартыс осы үш команданың арасында өрбиді деп ойлаймын. Алайда, «Мақтаарал» да тәжірибелі ойыншылармен жасақталған. «Екібастұз» да өте қарымды команда. Бірінші орында бекер тұрған жоқ. «Қыран» да фавориттерге лайықты қарсылас бола алады. «Байқоңырдың» да ойындарын бейнетаспадан қарадым. Ойыншылары жас болса да ойындары жақсы. Бір сөзбен айтқанда биыл «Бәйтеректен» басқасының барлығы біріншіліктін көркін қыздыратын болады.

– «Каспийдің» Қазақстан Премьер-лигасында ойнамағанына 15 жыл болды. Соңғы рет жоғарғы дивизионда 2001 жылы өнер көрсетіпті. Енді қашан ақтаулық команданы Премьер-лигадан көре аламыз?

– Егер облыс басшылығы ертең Премьер-лигаға шығу керек деген тапсырма қойса, біз оған бүгін-ақ дайынбыз. Жігіттердің барлығы дайын. Тек әзірге реттелмеген шаруалар бар. Команда дайын болғанымен Премьер-лигаға қала дайын емес.

– «Каспийде» жүргеніңізге бір жылдан асты. 2015 жылдың басынан бері жаттықтырып келесіз. Содан бері клубта, жалпы Ақтау футболында алға жылжушылық бар ма?

– Бар. Қазір футболшылардың дерлігі өздеріне сенімді ойнай бастаған. Командамыз кіл жастардан құралғанымен бәрі де дарынды жігіттер. Көбісі Қазақстан жастар құрамасында ойнауға лайық. Егер осы қарқындарынан таймаса, кейбірін Премьер-лига клубтарынан да көріп қаларсыздар.


Қайрат Айманов Премьер-лига клубын жаттықтырғысы келеді

– Мен Ақтау футболы жайлы сұрағанда инфрақұрылым мен стадион жағдайын меңзеген едім...

– Бұл мәселе бәрімізді алаңдадаты. Иә, Ақтаудың стадионы Премьер-лига талаптарына сай келмейді. Жоғарғы дивизионда ойнай алмай жүргеніміздің басты себебі де сол. Жанкүйерлер мен жергілікті футбол ардагерлері де осы мәселені жиі қозғайды. Клубта футбол орталығы жақсы жұмыс жасап жатыр. Болашағынан мол үміт күттіретін жастар көп. Алайда дұрыс стадионның жоқтығы бәріміздің жанымызға батады. Облыс басшылығы да бұл проблеманың шешу жолдарын қарастырып жатыр. Дегенмен, мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

– Сіз талай жыл Премьер-лига клубтарында жұмыс жасағансыз. «Астана», «Атырау», «Ертіс», «Қайсар», Қазақстан ұлттық құрамасы мен жастар құрамаларының бапкерлер алқасында болдыңыз. Осындай карьерадан кейін Бірінші лига командасын жаттықтырған қалай екен?

– Мен бас жаттықтырушы ретінде жеке жұмыс жасағым келді. Өйткені, бұған дейін көмекші болып келдім. Қазір өз қожалығым өзімде. Осындай мүмкіндік беріп отырған Маңғыстау басшылығына алғысым шексіз.

– Ал Премьер-лига клубтарын жаттықтыруға дайынсыз ба?

– Дайынмын. Премьер-лигада талай жыл жұмыс істеген тәжірибем бар. Егер шақырса, қуана барамын және кез-келген команданы алға сүйреуге әлеуетім жетеді. Бірақ ол үшін қазақстандық мамандарға сену керек. Өкінішке қарай, бізде отандық бапкерлерге деген көзқарас дұрыс емес.

– Жақында Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті Бірінші лига клубтарына бас бапкерлерді шетелден шақыруға рұқсат берді. Бұл ел футболына, оның ішінде отандық мамандарға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Мен бұл идеяға қарсымын. Егер шетелден жаттықтырушылар шақырар болсақ, онда өз бапкерлеріміз далада қалмай ма? Онсыз да көптеген отандық мамандар жұмыс таппай жүр. Ал олар келеді де, біздің орнымызға отыра салады. Бұл дұрыс емес. Өзімізде де білікті бапкерлер жетерлік. Мәселен, жақында ұлттық құраманы уақытша болса да қолына алған Талғат Байсуфинов пен Нүркен Мазбаев тандемі жап-жақсы нәтиже көрсетіп, екі ойынның біреуінде жеңіске жетсе, біреуінде тең түсті. Сондықтан, шетелдік мамандар көрсеткен нәтижеге өзіміздікілер де қол жеткізе алады деп ойлаймын.

– Дегенмен, Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер болып шетелдік маман келеді деген сыбыс әлі өршіп тұр...

– Қазақстан футбол федерациясы қалай шешсе, солай болады ғой. Бәрібір, олардың шешіміне қарсы келе алмайсың. Дұрыстап ойланатын нәрсе. Егер жоғары тапсырмалар қойып, оны шетелдік маман шынымен де орындай алатын болса, онда олардыкі жөн. Алайда, бізде әлі алға жылжу жоқ қой. Өзіміздің мамандармен-ақ белгілі бір белестерді бағындыруға болады. Меніңше, Талғат Байсуфиновке мүмкіндік беру керек. Ол өзін көрсете алады.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!      

Тізімге қайта оралу