|   |   |  Бақтияр Байсейітов – "Ордабасы" биыл Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуға тырысады

Бақтияр Байсейітов – "Ордабасы" биыл Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуға тырысады

Бақтияр Байсейітов – "Ордабасы" биыл Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуға тырысады
Бақтияр Байсейітов "Ордабасының" бүгінгі жайы туралы айтып берді

«Ордабасының» биылғы хал-ахуалы жайлы команданың бас бапкері Бақтияр Байсейітовпен сұхбат.

Турнир кестесінде 4-орында тұрғанымен «Ордабасы» биыл ел чемпионатын ала-құла өткізіп жүр. Маусым басынан бері үш ойынды жеңсе, үшеуінде жеңіліп қалды. Тағы біреуінде тең түсті. Әлбетте, тұрақсыздығы қынжылтады. Оның үстіне, Еуропа лигасында қалай өнер көрсетер екен деген уайымның да бар екені жасырын емес. Осы орайда, команданың биылғы хал-ахуалы жайында бас бапкері Бақтияр Байсейітовпен сұхбаттасқан едік.

– Бақтияр Даниярұлы, Премьер-лиганың соңғы турында «Ордабасы» Астанада «Оқжетпестен» ұтылып қалды. Матчты соншалықты сүреңсіз бастауға не себеп болды?

– Бірінші минуттарда-ақ жылдам екі гол жіберіп алғаннан кейін ары қарай моральдық тұрғыда көкшеліктерге қарсы тұру қиын болды. Әйтпесе, жеңілетін ойын емес еді. Кездесудің қалған бөлігінде тізгін біздің қолымызда болды. Бірақ «Оқжетпес» жақсы қорғанды. Әттең, қақпашымыздың қателігі бәрін құртты.

– Қақпашы демекші, Сергей Бойченконың биыл бұлайша өрескел қателікке бой алдыруы бірінші рет емес. Шымкентте өткен «Астанаға» қарсы матчта да жас балаша қателескен болатын. Оған не көрініп жүр?

– Оған не болып жүргенін өзім де түсінбеймін. Жаттығуларда бәрінен мықты. Жалпы, Сергей – өте тәжірибелі қақпашы ғой. Кішкентай бала емес. Өзіне сенімді болуы тиіс. Өзінің әдемі ойынымен әріптестерінің де бойына сенімділік ұялатуы тиіс. Алайда, бұл қақпашы осымен екінші рет жерге қаратты.

– Бәлкім, бар гәп қақпашылар жаттықтырушысында шығар?

– Мен олай ойламаймын. Бізде қақпашыларды білікті бапкер Александр Кулаков баптайды. «Ордабасыда» жұмыс істеп жүргеніне аз болған жоқ. Ал оған дейін Латвия ұлттық құрамасының жаттықтырушылар алқасына кірген. Мен оған сенемін.

– Ендеше алдағы ойындарда резервтегі қақпашылардың біріне мүмкіндік беріп көру керек шығар?

– Иә, бұл мәселені де ойлап үлгердік. Бізде қазір Бойченкодан бөлек тағы үш қақпашы бар. Бәлкім, алдағы матчтарда Алмат Бекбаевқа мүмкіндік беріп көретін шығармыз. Ол да тасқамал қақпашылардың бірі. Өз мүмкіндігін бұрыннан күтіп жүр. Өзгерістер міндетті түрде болады.


Алдағы ойындарда Бойченконы Бекбаев алмастыруы мүмкін

– Бақтияр Даниярұлы, жалпы маусымның алғашқы турларын қалай бағалайсыз? Қандай ой түйдіңіз?

– Ел чемпионатын жақсы бастадық. Бірақ, әзірге команданың ойынында тұрақтылық болмай жатыр. Бірде ұтсақ, бірде ұтылып қалып жатырмыз. Алайда, әлі қорытынды шығаруға ерте. Маусым ұзақ. Біз міндетті түрде өзімізге тиесілі ұпайларды аламыз. Сондықтан, алаңдайтын дәнеңе жоқ. Алда бізді өз алаңымыздағы екі ойын күтіп тұр. Алдымен Ел кубогының аясында Қызылорданың "Қайсарын" қабылдаймыз. Міне, сол матчта өз мықтылығымызды жанкүйерлерімізге дәлелдеуіміз керек. 

– Ал команданың алдында биыл қандай мақсаттар тұр?

– Алдымен үздік алтылыққа еніп алуымыз керек. Қалғанын содан кейін көре жатармыз. Сондай-ақ, биыл бізді Еуропа лигасы күтіп тұр. Жанкүйерлерімізді жасытпай, бұл турнирде де төрден көрінуге тырысамыз.

– Қазіргі ойынымен «Ордабасы» Еуропа лигасында абыроймен өнер көрсете ала ма?

– Бәрі де бірінші ойынға байланысты. Егер сәтті бастай білсек, 2-3 кезеңді бағындыруға болады. Біле білсеңіз, біз биыл Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуды көздеп отырмыз. Ойын әлі түзеледі. Еуропа лигасының іріктеу кезеңі басталғанша кейбір компоненттерімізді жетілдіріп үлгереміз. Сондықтан, жанкүйерлердің команда жайлы уайымдамауларын сұраймын.

– Ал Шымкенттің Қажымұқан атындағы Орталық стадионы биыл Еуропа лигасының ойындарын қабылдауға дайын ба?

– Қазір бұл тұрғыда жұмыстар жасалып жатыр. Негізі бізге келетін қонақ командалардың дерлігі киім ауыстыру бөлмесінің жайсыздығына байланысты шағымдарын айтып кетіп жататынын білеміз. Бірақ облыс басшылығы Еуропа лигасының ойындары басталғанша жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бәрін ретке келтіріп беруге уәде етті.

– Сонымен қатар, былтыр стадионның жарық беретін шамы істен шыққандықтан «Ордабасы» Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің аясында Израильдің «Бейтарын» 40 градустық ыстықта қабылдағаны әлі есімізде...

– Былтыр сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл мәселені биылдан қалдырмай шешіп беруге уәде еткен. Бірақ қазіргі облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов та нағыз футбол жанашыры. Стадионның шамы алдағы бір-екі айда толық жөнделіп, жап-жарық болып жанып тұратын болады.


"Ордабасыға" Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығатын кез келді

– Еуропа лигасына орай жазғы трансферлік кезеңде «Ордабасы» жаңа ойыншылар қарастыра ма? Әлде осы футболшыларға да қанағат па?

– Оны ойыншылардың бабына қарай көреміз. Оған дейін әлі уақыт бар ғой. Бәлкім, қазіргі футболшылар да бір-бірімен түсінісіп, жақсы ойнап кетер. Әйтпесе, командаға қысқы трансферлік маусымда қосылған ойыншылар да жаман емес. Филип Касалица болмасын, басқасы болмасын, бәрі тәжірибелі ойыншылар. Әзірге командада бар жігіттерге сенемін.

– Ел чемпионатына қайта оралайық. Қай командалар таңғалдырып жатыр?

– Жақсы жағынан «Астананы» атап өте аламын. Әдеттегідей өзінің көшбасшылық мәртебесін дәлелдеп келе жатқан команда. Олар басқалардан бір бас жоғары тұр. Сондай-ақ, «Оқжетпестің» де ойыны ұнады. Әр кездесуін сәтті өткізіп жүр. Үздік үштіктің қатарында бекер жүрмеген команда. Дегенмен, маусымның алғашқы турлары «тосын сыйларға» толы болды. Біз ғана емес, басқалар да сүрініп жатыр. Мәселен, «Қайратты» қараңыз, ойындары ала-құла. Үнемі фавориттер қатарынан көріп үйреніп қалған «Ақтөбе» де әзірге жанкүйерлерін қуанта алар емес. «Атырау» да аяғын әзер сылтып басып келеді.

– «Ордабасының» және сіз атап өткен командалардың сәтсіз ойындарының себептері неде деп ойлайсыз?

– Бірінші кезекте стадионға байланысты. Оралдағы стадионда доп тебу мүлдем мүмкін емес. Жасыл желекте емес, тастақ жерде футбол ойнап жүргендейсің. Атыраудағы алаң да өте нашар. Көктемде еліміздің көптеген стадиондарының күйі осындай болады ғой. Соған сәйкес, фавориттерге де өз ойынын көрсету мүмкін болмай жатыр. Бізге де Шымкенттегі табиғи алаңнан кейін Астананың жасанды жасыл желегіне үйрену қиын болды.

– Ендеше сұхбатыңызға рахмет! Алдағы ойындарыңызға сәттілік тілейміз!

Тізімге қайта оралу