|   |   |  Владимир Муханов – Бөлешевтің 100 гол соғуына көмектесеміз

Владимир Муханов – Бөлешевтің 100 гол соғуына көмектесеміз

Владимир Муханов – Бөлешевтің 100 гол соғуына көмектесеміз
Владимир Муханов – "Оқжетпес" ФК бас бапкері

Жаңа ойыншылар командаға қаншалықты сіңісіп кете алды ма? Биыл командадан не күтуге болады? Осы тектес сұрақтарға жауап берген «Оқжетпес» футбол клубының бас бапкері Владимир Муханов екінші жастық шағын өткізіп жатқан Әлібек Бөлешевтің жаңдайына кеңірек тоқталды.

– «Атыраумен» болған матчта Әлібек Бөлешевті жиырмасыншы минутта-ақ алмастырдыңыз. Әлібек ойынға дайын болмады ма, әлде жарақат алып қалды ма?

– Әлібек шамасы келсе, ойынды әрі қарай жалғастыра алар еді. Бірақ жарақат алып қалып, ауыстыруын өзі өтінді. Жарақатының қаншалықты ауыр екенін енді анықтаймыз.

– Бөлешевтің соққан голдарының саны 100-ге жетуіне аз қалған еді. Мұндай статистика команда үшін маңызды ма? Әлде тек футболшының өзін қызықтыра ма?

– «Оқжетпесте» биыл өте ұйымшыл футболшылар жиналған. Мұндай мәселелерге бей-жай қарамайды. Жігіттер Бөлешевтің мақсатына жетіп, голдарының санын 100-ге жеткізуге көмектесу керектігін түсінеді. Мүмкіндік барда аянып қалмайды. Алайда көп жағдайда бұл футболшының өзіне байланысты. Егер әрдайым бабында болса, бұл межеге көп созбай-ақ жетеді.

– «Атыраумен» болған ойында Бөлешевті алмастырған Жасұлан Молдақараев жақсы ойнап, гол соқты. Бұған дейін оны алаңға аз уақытқа ғана шығаратын едіңіз, енді көбірек сенім артатын боларсыз?

– Мұндай жағдайлар менің бапкерлік тәжірибемде көп кездеседі. Командаға жаңа ойыншы келгенде бірден сіңісіп кете алмай жүреді. Уақыт өте команданың ойнау стиліне бейімделеді де, жасыл алаңда жайындай орғиды. Дегенмен, командаға сол күйі үйренісе алмай, өз әлеуетін толық паш етпестен кетіп қалатындар да болады. Рас, Жасұланның бас кездегі ойындары көңілімнен шықпайтын. «Оқжетпестің» ойын мәнеріне аздап үйренісе алмай жүрді. Алайда осы жолы жарады. Гол соғып, жеңіске жетуімізге сүбелі үлесін қосты. Басқа да сәтттерде аянып қалған жоқ. Осылайша Молдақараев өзінің негізгі құрамда ойнауға лайық футболшы екенін дәлелдеді.


Әлібектің 100 гол соғуына әріптестері де көмектеседі

– Александр Алхазов былтыр Ресей біріншілігінде «Волгарь» сапында жақсы ойнаушы еді. Командасының көшбасшысы болатын. Оған «Оқжетпесте» алаңнан орын табылмауына не себеп? Әлде Қазақстан чемпионатын дұрыс бағамдай білмеді ме?

– Бас кезінде Қазақстан чемпионатын менсінбеді деп айта алмаймын. Бәрін де біледі ғой. Бес тур артта қалды. Ел чемпионатына баға беріп үлгерген де шығар. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, кейбір футболшылар жаңа командаға келгенде бірден сіңісе алмай жүреді. «Волгарьдің» ойын философиясы  басқашалау болатын. Олар қорғаныста тығыз ойнап, күтпеген жерден бір сәтте шабуылға көшіп кетеді. Біздің ойын стиль сәл өзгешелеу. Дегенмен, маусым ұзақ, ал Саша жоқ жерден гол соғуға қабілетті шабуылшы. Ол бізге әлі керек болады. Командаға сіңісіп кете алады деп ойлаймын.

– Команда қақпашысының тәжірибелі екені көрініп тұр. Бірақ бүгінге дейін бұл қақпашы туралы білмей келдік.

– Біз Саша Стаменковичпен келісімшартқа отырғанымыз туралы тек осы жақын күндері ғана мәлімдеме жасадық. Себебі соңғы уақытқа дейін қақпамызда легионер тұрғанын қаламадық. Сонда да алуға тура келді. Өйткені, бұл шепке тәжірибелі жігіттер қажет. Ал Саша өзінің негізгі құрамның қақпашысы екенін дәлелдеді. Әзірге осы шешім дұрыс деп санаймын.

– Бес тур артта қалды. «Оқжетпестің» аяқ алысына берер бағаңыз қандай?

– «Атыраумен» болған матч толығымен көңілімнен шықты. Қорғаныста сауатты ойнап, шабуылда ширақтық таныта білдік. Барлық ойыншы өз позицияларында міндеттерін жақсы атқарып шықты. Қорғаушылар мен шабуылшылар арасында баланс бар. Қай футболшы болмасын, бір-бірімен жақсы түсіністі. Ал бұған дейінгі ойындарда, шыны керек, бірнәрсе жетіспей тұрғандай болды. Кейде шабуылға тым әуестеніп кетсек, кейде қорғаныстан шыға алмай жаттық. Алда әлі ойын көп. Ойынымыз бұдан да жақсара түседі деп сенемін.

– Жалпы, биылғы чемпионатта алдарыңызға қандай мақсат қойып отырсыздар?

– Былтыр үздік алтылыққа бір қадам жетпей тоқтаған едік, биыл осы межені бағындыруды мақсат қойып отырмыз. Басшылықтың алдымызға қойған тапсырмасы да осындай. Орындауға бар күшімізді саламыз.

Тізімге қайта оралу