|   |   |  Боти Демел – Бір жылда "Жетісудан" еш өзгеріс байқамадым

Боти Демел – Бір жылда "Жетісудан" еш өзгеріс байқамадым

Боти Демел – Бір жылда "Жетісудан" еш өзгеріс байқамадым
Боти Демел (ФК Жетісу)

Қазақстан Премьер-лигасында «Қара құрлықтан» келген легионерлер жетерлік. Солардың бірі – «жетісулық» Боти Демел. Кот д’Ивуар ұлттық құрамасының шабуылшысымен Астанада өткен «Ақтөбе» – «Жетісу» кездесуінен кейін сұхбаттасқан едік.

– Ел чемпионатының өткен турын елордада «Ақтөбеге» қарсы өткізіп, 2:3 есебімен жеңіліп қалдыңыздар. Сол ойында «Жетісуға» не жетіспеді?

– Алғашқы 10 минутты жақсы бастадық. Бірақ қақпамызға соғылған екі жылдам гол бүкіл жоспарымызды жоққа шығарды. Екінші таймда ойын тізгінін қолымызға алуға тырысып, таблодағы көрсеткішті қысқарта алды. Одан кейін де гол соғатын көптеген мүмкіндіктеріміз болды. Қақпаға талай доп тептік. Өздеріңіз де ойын статистикасынан хабардар шығарсыздар. Матч тізгіні бізде болғанымен сәттілік «Ақтөбе» жағында болып, жеңіс голын соғып кетті. Енді келесі турда жеңіске жетіп, жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.

– «Ақтқөбенің» әлеуетін қалай бағалайсыз?

– Осыдан екі жыл бұрын команда Қазақстандағы ең үздік клубтардың бірі болатын. Қазір де азулы ұжымдардың бірі. Дегенмен, біз алаңға қарсыласымызды жеңу үшін шыққанбыз. Жеңіске жету үшін жеткілікті шабуылдар ұйымдастырдық. Бірақ мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдалана алмадық. Бұл «Ақтөбені» жеңуге болар еді. Шабуылда ширақтық жетпегені өкінішті.

– Келесі турда өз «Астана» командасымен кездесесіздер. Елордалық клубтан ұпай алуға мүмкіндік бола ма?

– Әлбетте, «Астананың» қаншалықты қарымды команда екенін барша жанкүйер біледі. Биыл әлі жеңіліп көрмеген команда. Құрамы тәжірибелі, шебер ойыншылармен толыққан. Бірақ біз «Астананы» өз алаңымызда қабылдаймыз. Жанкүйерлер де қолдауларын аямайды деп үміттенемін. Қалай болған күнде де бізге тек жеңіс керек. Жеңу үшін бар күшімізді саламыз.

– Өзіңіз айтқандай, 2014 жылы «Жетісуда» ойнадыңыз. Бір жылдық үзілістен соң қайта оралдыңыз. Содан бері команда қаншалықты өзгерген?

– Еш өзгеріс байқамадым. Барлығы сол қалпында. Иә, аздап команда құрамы өзгерген. Бірақ басым бөлігі таныс адамдар. Сол стадион, сол жанкүйерлер. Шынымды айтсам, Талдықорғанда өз үйіме келгендей болдым.

– Ал 2015 жылы командадан кетуіңіздің себебі неде болды?

– Себебі келісімшарт аяқталған болатын. Оның үстіне, үйіме оралғым келді. Үнемі шетелде жүргендіктен ата-анамды, дос-жарандарымды сағындым. Олардың қасында мауқымды басқаннан кейін маған Грузияның командасынан ұсыныс түсті. Сол жақта бір жыл ойнап қайтып, Қазақстанға қайта келдім.

– Жаңа командаластарыңызға үйренісіп үлгердіңіз бе?

– Өте жақсы ойыншылар. Бір отбасындай болып кеттік. Арамызда ешқандай түсініспеушіліктер туындамайды. Үнемі бір-бірімізді демеп, қолдап жүреміз. Тек өкініштісі, әзірге еншімізде жеңіс жоқ. Осы жағы аздап көңілге қаяу түсіруде. Әйтпесе, бәрі жақсы. Жеңіс болса, көңіл-күй де тамаша болар еді.

– Сіз Испания, Франция, Грузия, Армения сынды елдердің чемпионаттарында ойнадыңыз. Қазақстан Премьер-лигасымен салыстырып көре аласыз ба?

– Ол елдердегі чемпионаттар әрине мықтырақ. Үйренетін нәрсе өте көп. Бірақ Қазақстан чемпионаты да жыл санап күшейіп келеді. 2014 жылмен салыстырғанда орасан айырмашылықтар бар. Иә, алаң, инфрақұрылым... бәрі бұрынғыдай. Алайда, командалар күшейіп, ойыншылардың шеберліктері артқан. Чемпионат қазір бұрынғыдан да тартысты.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тізімге қайта оралу