|   |   |  Астана футболының энциклопедиясы (Ж – К)

Астана футболының энциклопедиясы (Ж – К)

Астана футболының энциклопедиясы (Ж – К)
Көпшілікке танымал орыс бапкері Борис Игнатьевтің Ақмола футболында да ізі қалған. Фото – sportbox.ru.

Футболдан Астананың шежіресіне үңіліп, өзіміз құрастырған қысқаша "энциклопедиясын" одан әрі жалғастырамыз. Бүгін "Ж" әріпінен "К" қаріпіне дейінгі аралықты қамтимыз.

Ж

Жеңімпаз (Чемпион)

Еліміздің бас қаласының клубтары Қазақстан чемпионатында бес рет жеңімпаз атанды. «Астана-1964» 2000, 2001 және 2006 жылы үш рет ел чемпионы атанса, «Астана» 2014 және 2015 жылдары теңдессіз танылды.

Сондай-ақ «Целинник» 1984 жылы КСРО чемпионатының ІІ-лигасындағы 8-аймақта топ жарып, жеңімпаз атанған.

З

Заң (Ереже)

Астана футбол федерациясы (АФФ) қысы-жазы қала біріншілігін өткізеді. Футболшы болуды армандаған, бірақ кәсіби клубтардың сапына іліге алмаған дарынды ойыншылардың көбісі – осында. Өйткені АФФ өткізетін доп додаларының ережелері көпшілікке қолайлы және тиімді.

Мысалы, қаланың жазғы біріншілігіне кәсіпқой футболшылар қатыса алмайды. Тек әуесқой футболшылар өнер көрсетеді.

Ал қысқы біріншілікте әуесқой ойыншылармен бірге кәсіпқой футболшылар да доп теуіп жүр. Тіпті ҚР премьер-лигасындай ойнайтын, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғайтын көпшілікке танымал тарландарымыз да қала біріншілігі додасының көрігін қыздырып келеді.

Осылай, әуесқой ойыншыларымыз ел футболының көрнекті тұлғаларымен бірге додаға түсіп, рухани ләззат алып жүр.

Айтпақшы, АФФ ұйымдастыратын қала біріншіліктерінде ойыншылардың жас мөлшеріне де қатаң шектеу қойылмаған. Футболды бұқаралық сипатта дамыту үшін жасы 15-тен асқан бозбалаларға да алаңға шығып, тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берілген.

И

Игнатьев Борис Петрович (5.12.1940)

Кеңес Одағының және Ресейдің көпшілікке танымал жаттықтырушысы, білікті маманы Борис Игнатьев 1971 жылы «Динамо» (Целиноград) клубының сапында ойнаған.

Өздеріңіз білесіздер, Игнатьев Кеңес Одағының жасөспірімдер және олимпиадалық құрамаларының бас бапкері болған. Кейіннен Ресей құрамасының бас бапкері де болды.

Й

Йоан Андоне (15.03.1960)

2013 жылы «Астана» футбол клубының бас бапкері болған Румыния маманы.

Жалпы, Егемендігімізге қол жеткізгелі Астанада Александр Заваров, Олег Протасов, Сергей Юран, Арно Пайперс, Мирослав Беранек, Хольгер Фах, Клаус Штерк, Владимир Муханов, Владимир Дергач және басқа да футбол әлеміне танымал шетелдік мамандар еңбек еткен.

К

Кенетаев Оралбекұлы Мэлс (6.09.1945)

Ақмола (Астана) футболына елеулі еңбек сіңірген футболшы һәм спорт қайраткері. 60-жылдары және 70-жылдардың басында «Динамо» сапындай ойнап, 80-жылдардан бастап, «Целинник» сапында жаттықтырушы болған. Кейіннен команданың бас бапкері де, басшысы да болды.

Үшінші бөлімі. Бірінші бөлімі мына жерден, ал екіншісін келесі сілтеме бойынша оқи аласыздар. Жалғасы бар...

Тізімге қайта оралу