|   |   |  Бүгін – қазақ футболының “туған күні”

Бүгін – қазақ футболының “туған күні”

Бүгін – қазақ футболының “туған күні”

Бүгін, 25 сәуір – қазақ футболының «туған күні». Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитетінің шешімімен ресми түрде бұл мереке «Футбол күні» деп аталады.

Қазақ футболының бір ғасырдан асқан тарихына көз жүгіртіп, жыл он екі айдағы 365 күннің басқа күні емес, неліктен тура осы 25 сәуірі «Футбол күні» мәртебесіне ие болуына атүсті тоқтала кеткеніміз артық бола қоймас.

Ресми түрде қазақ жерінде футбол өнерінің бастау алуы нақты уақыты 1913 жыл болып есептеледі. Себебі сол жылдары Мәсекуде басылып шығатын «Русский спорт» газетінің 8 қыркүйектегі санында 1913 жылы Семейде үш команда («Ярыш», ССК және «Олимп») құрылғандығы жайлы мақала жарияланып, суреті жарыққа шыққан.

Қазақ жерінде бұған дейін де футбол ойнап, аяқдопты «дәнін» еккендер болды, әрине? Бірақ бұдан басқа ресми, дәлелді дерек жоқ. Сондықтан бүгінде екі аяқты пенденің дегбірін алып, айықтырмас дертке шалдықтырған теңбіл доп қазақтың сайын даласына 1913 жылы келген болып есептеледі.

Өкінішке қарай, шаң басқан мұрағаттардан жоғарыдағы үш команданың қай күні құрылғандарын білу мүлде мүмкін болмады. Сондықтан 2003 жылы Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті қазақ футболының 90 жылдық мерейтойын атап өту үшін 25 сәуірді алаш аяқдобының туған күні етіп бекітті.

Өйткені содан тура бір жыл бұрын, яғни 2002 жылғы 25 сәуірде Қазақстан ресми түрде УЕФА құрамына қабылданған болатын. Содан бері қазақ жерінде 25 сәуір – Футбол күні.

Бүгін бұл мереке еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтеді. Футбол десе, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін һәм ішкен асын жерге қоятын жанкешті жанкүйер бұл мейрамды жоғары жақтың тойлап бергенін күтіп, жайбарақат отырмайды. Доп қуған жігіттер мен футболды сүйетін адамдар өз беттерінше тойлай береді. Кім қалай атап өтеді, ол әркімнің өз еркі. Бұл футболдың ақыл-есті билеген сиқыры мен құдіретінің – бір қыры.

Сонымен футбол күні құтты болсын, футбол десе түн ұйқысын төрт бөлетін жанкүйер қауым! Тепкен доптарыңыз түзу ұшып, әрдайым қақпа ішінен табылып, қуанышқа кенеле беріңіздер.


Тізімге қайта оралу