|   |   |  «Қайрат» Еременко кубогын екінші рет жеңіп алды

«Қайрат» Еременко кубогын екінші рет жеңіп алды

«Қайрат» Еременко кубогын екінші рет жеңіп алды
Фото amfr.ru сайтынан

Футзалдан Алматыда ұйымдастырылған Еременко кубогы додасы тәмамдалды. Финалда жергілікті «Қайрат» Ресейдің «Тюмень» клубынан басым түсіп, бас бәйгені жеңіп алды.

«Қайрат» Еременко кубогында екінші рет топ жарды

«Қайрат» финалда «Тюмень» футзалшыларын 4:1 есебімен тізе бүктірді. Бұл ойындағы голдарды Игор, Жаманқұлов, Игита және Диваней соқты.

Жалпы, Алматы клубы Еременко кубогының биылғы додасында төрт ойын өткізіп, төртеуінде жеңіске жетті. Қарсыластарынан деңгейі де жоғары, шоқтығы да биік екендігін іс жүзінде дәлелдеп шықты.

Сөйтіп, Алматының «Қайраты» үшінші рет ұйымдастырылған халықаралық турнирде екінші рет жеңімпаз атанды. Бірінші рет 2014 жылы топ жарған болатын.

«Астана-Тұлпар» соңғы матчта сүрінді

Өкінішке қарай, үшінші орын үшін өткен матчта «Астана-Тұлпар» Ресейдің азулы командаларының бірі «Синара» клубынан ойсырай ұтылып қалды. Есеп – 3:10.

«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей, Еременко кубогы барысында «Астана-Тұлпар» клубының жолына кесе-көлденең біткен сәтсіздіктер аз болған жоқ. Үздік ойыншыларының бірі жарақат алып қалды, екіншісі алаңнан қуылды, ең көп гол соққан сұрмергені де маңызды ойындардан аластатылды...

Осының бәрі «Астана-Тұлпар» футзалшыларының жүйкелеріне тиген бе, жоқ әлде жартылай финалда Ресей төрешісі С.Михеев аптықтарын су сепкендей басқан ба, белгісіз? Бәлкім, дағдарыс кезінде клуб мүшелерін сергелдеңге түсіріп, сары уайымға салған қаржы мәселесі де кері әсерін тигізген болар...

Әйтеуір 2016 жылғы Еременко кубогының алғашқы күні өздері 5:3 есебімен жеңген Ресей клубына доп додасы соңында есе жіберіп алды...

2016 жылғы Еременко кубогының үздік ойыншылары:

Үздік қақпашы: Сергей Викулов ("Синара", Ресей)

Үздік қорғаушы: Витор Уго ("Астана-Тұлпар", Қазақстан)

Үздік шабуылшы: Артем Антошкин ("Тюмень", Ресей)

Ең көп гол соққан ойыншы: Игор ("Қайрат", Қазақстан, 9 доп)

Ең үздік ойыншы: Игита ("Қайрат", Қазақстан)

2016 жылғы Еременко кубогының қорытындысы:

1-орын. "Қайрат" (Қазақстан)
2. "Тюмень" (Ресей)
3. "Синара" (Ресей)
4. "Астана-Тұлпар" (Қазақстан)
5. "Никарс" (Латвия)
6. "Норильский никель" (Ресей)

Еременко кубогының барлық жүлдегерлері:

2014 жыл: 1. "Қайрат" (Қазақстан); 2. "Синара" (Ресей); 3. "Газпром-Югра" (Ресей)
2015 жыл: 1. "Синара" (Ресей); 2. "Тюмень" (Ресей); 3. "Қайрат" (Қазақстан)
2016 жыл: 1. "Қайрат" (Қазақстан); 2. "Тюмень" (Ресей); 3. "Синара" (Ресей)

Тізімге қайта оралу