|   |   |  Еременко кубогы. Бірінші күн: Қазақстан – Ресей – 2:0

Еременко кубогы. Бірінші күн: Қазақстан – Ресей – 2:0

Еременко кубогы. Бірінші күн: Қазақстан – Ресей – 2:0
Фото kairat-futsal.kz сайтынан

Бүгін Алматыда футзалдан Еременко кубогы басталды. Сәрсенбінің сәтті күні екі ойын өтіп, екеуінде де Қазақстан клубтары Ресейден келген қонақтардан басым түсті.

Алты команда, екі топ

Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған Еременко кубогы додасына биыл алты команда қатысып жатыр. Олар екі топқа қақ бөлінген.

«А» тобы: «Қайрат» (Қазақстан), «Тюмень», «Норильский Никель» (екеуі де – Ресей);

«В» тобы: «Астана-Тұлпар» (Қазақстан), «Синара» (Ресей), «Никарс» (Латвия).

Әуелі 2-4 наурыз аралығында бір айналымдық жүйемен топтық ойындар өтеді. 5 наурызда екі топтың үздіктері жартылай финалда додаға түседі. Ал финалдық матчтар 6 наурызға белгіленген.

Айта кетуге тиіспіз, Еременко кубогы додасында әрбір матчтың бір таймы Ресей суперлигасының ережелеріне сай 25 минутқа созылады.

«Астана-Тұлпар» – «Синара» – 5:3

Алатау бөктеріндегі Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніне әуелі «Астана-Тұлпар» және «Синара» клубтары шықты. Екатеринбург клубы – Еременко кубогының 2015 жылғы жеңімпазы, Ресейдің азулы клубтарының бірі. Екі ойыншысы жақында ғана Белградта өткен Еуропа чемпионатында күміс жүлдегер атанып қайтқан.

Әміржан Мұқановтың шәкірттері қайсарлық танытып, көрші елдің азулы командасын сан соқтырып кетті. Ресейліктердің негізгі құрамдағы екі ойыншысы жарақаттарына байланысты ойынға қатыса алмаған екен. Содан ба, әлде «Астана-Тұлпар» клубынан мұндай жанкештілікті күтпеген бе, алғашқы ойында сүрінді...

«Астана-Тұлпар» – «Синара» – 5:3 (2:1)
Голдар: Герасимов, 15 (0:1). Гребонос, 18 (1:1). Болинья, 21 (2:1). Аширов, 26 (2:2). Болинья, 29 (3:2). Загузов, 30 (3:3). Таку, 47 (4:3). Довгань, 50 (5:3).
«Синара» (Екатеринбург, Ресей): Викулов, Калмахелидзе – Мохов (к), Аширов, Иванов, Бастриков, Фахрутдинов, Чистополов, Герасимов, Сорокин, Шевчук, Загузов.
«Астана-Тұлпар» (Астана): Реннан, Перемышлин (к) – Мун, Болинья, Довгань, Витор Уго, Гребонос, Роджер, Кнауб, Пенгрин, Күкімбаев, Таку.
Төрешілер: Михеев (Ресей), Пуриньш (Латвия).

«Қайрат» – «Тюмень» – 9:5

«Тюмень» де осал команда емес-тін. Қазір Ресей чемпионатында үшінші орында тұр. Былтыр дәл осы Еременко кубогының жартылай финалында «Қайраттың» жолын кесіп, 5:4 есебімен жеңіске жеткен.

«Қайрат» Тюменьдегі сол жеңілісін ұмытқан жоқ. Бүгін Алматыда есесін еселеп қайтарып, Ресей клубының қақпасына тоғыз голды «топырлатты». Бірақ өз қақпасына бес доп жіберіп алды. Мұның басты себептерінің әр таймның 25-минутқа дейін созылатындығынан да сияқты...

Бірден айта кетейік, бұл додаға «Қайратың» белді ойыншыларының бірі Шыңғс Есенаманов қатыса алмайды. Ол Еуропа чемпионатының ширек финалындағы жарақатынан әлі толық айығп кете алмай жүр екен.

Әйтсе де, бұл ойын өте тартысты өтті. Ойының соңына қарай екі доп айырмасымен ұтылып жатқан қонақтар қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырып, ...тағы да екі гол жіберіп алды.

«Қайрат» – «Тюмень» – 9:5 (3:3)
Голдар: Дуглас, 18 (1:0). Антошкин, 19-пенальти (1:1). Игор, 21 (2:1). Антошкин, 25 (2:2). Лео, 25 (3:2). Антошкин, 25-пенальтиден (3:3). Барон, 28 (4:3). Игор, 28 (5:3). Лобков, 30 (5:4). Нефедров, 35 (5:5). Игор, 35 (6:5). Игор, 43 (7:5), Лео, 45 (8:5). Игита, 47 (9:5).
«Тюмень» (Тюмень, Ресей): Аксентиевич, Логинов – Милованов, Упалев, Абышев, Батырев, Абрамович, Антошкин (к), Соколов, Лобков, Исламов, Асланян, Курбатов, Неведров.
«Кайрат» (Алматы): Ронкальо, Игита, Гуров – Эвертон, Жаманқұлов, Игор, Сүлейменов (к), Лео, Першин, Дрот, Дуглас, Диваней, Нұрғожин, Барон.
Төрешілер: Қосмұхамбетов (Қазақстан), Кадыков (Ресей)

 

Ертең «Қайрат» Ресейдің «Норильский Никель» клубымен, ал «Астана-Тұлпар» Латвияның «Никарсымен» кездеседі.

Тізімге қайта оралу