|   |   |  Аңтарылды «Қарт құрлық», қоланы қазақтар «құрықтап»

Аңтарылды «Қарт құрлық», қоланы қазақтар «құрықтап»

Аңтарылды «Қарт құрлық», қоланы қазақтар «құрықтап»
Фото uefa.com сайтынан

«Қарт құрлықтағы» азулы құрамалар мен айбынды клубтардың «мына қазақтар Еуропаға қайдан ғана келіп еді, Азияда жүре бермей» деп зар илейтін уақыттары әлі алда деп білеміз...

Футзалдан көпшілікті Белградқа телмірткен Еуропа чемпионаты көмбеге жетті. Құрлық біріншілігінің финалдық додасына алғаш рет қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасы үшінші орын үшін өткен ойында Сербия футзалшыларын тас-талқан қылды. Есеп – 5:2.

«Комбанк Арена» аузы-мұрнынан шыға лық толып, жергілікті жанкүйерлер өздерінің футзалшыларын қамшылаумен болды. Бірақ көптеген футзалшыларының техникалық шеберліктері өте жоғары болса да, Сербия құрамасы қазақтың сайын даласынан келген жанкешті жігіттерден көз жазып қала берді. Қазақстан футзалшылары ширақ қимылдап, сербтерді сеңдей соғыстырды.

Жартылай финалдағы Ресей құрамасымен өткен шиеленісті матчта шаршап қалып, спорттық баптарына келе алмаған ба, баз-базында Сербия футзалшылары біздің жігіттерге ілесе алмай, дәрменсіз күй кешті. Ол аз болғандай, сербтердің қақпашысы біздің жігітердің алыстан шірене тепкен доптарына тосқауыл бола алмай, екі мәрте жаза басты.

Қалай десек те, сербтер Какаудың тактикасына қарсы ештеңе ойлап таба алмағандай. Ал біздің бас бапкер олардың қарсы шабуыл ұйымдастыруға бейімді екендерін ескерген секілді. Әйтеуір футзалшыларымыз Сербия құрамасының адымын аштырмады.

Бес гол соққаннан кейін ғана қарқындарын сәл бәсеңсіткендей болды. Сербтерді өз жерлерінде ұятқа қалдырғылары келмеген де шығар. Ойынның аяғында чемпионат қожайындары екі гол соғып, жанкүйерлерін сәл де болса желпіндіре алды...

Жалпы, қақпашымыз Игитаның да шеберлігін бөле-жара айта кетуге тиіспіз. Ол бірінші таймда сербтердің бірнеше қауіпті шабуылдары мен пәрменді соққыларын тойтарып, аптықтарын басып тастады. Тіпті қарауылсыз қалған қақпаларына допты дөп түсіріп, гол да соқты.

Сондай-ақ бұл ойында Дуглас та көсіле сілтеді. Қорғаныста да, шабуылда да жай оғындай ойқастап, ұжымдық ойын үлгісінің үйлестірушісі бола білді. Команданы алға сүйреп, үш гол соқты. Нағыз қас шебер футзалшы екендігін паш етті.

Негізі, құрама сапындағы барлық жігіттер де мақтауға тұрарлықтай. Ешқайсысы аянған жоқ. Бәрі де қайсарлық танытытып, шүмектетіп тер төкті. Теңгеміз тұрақтай алмай теңселіп, доллар мен еуроға шаққандағы бағамы төмен қарай құлдырап, халықтың ұнжырғасын түсіргенде, дәл осы футзалшыларымыз ерен ерліктерімен отандастарын бір марқайтып тастады. Астарлы мысқылдары дайын тұратын шетелдіктердің де оншақты күн болса да, ауыздарына құм құйылды.

Өткен күзде «Астана» футбол клубы төрткүл дүниені дүрліктіріп, Чемпиондар лигасын «шулатса», қыстың көзі қырауда футзалшыларымыз Еуропа чемпионатын «шайқады». «Қарт құрлықтағы» азулы құрамалар мен айбынды клубтардың «мына қазақтар Еуропаға қайдан келіп еді, Азияда жүре бермей» деп зар илейтін уақыттары әлі алда деп білеміз...

Қазақстан – Сербия – 5:2

Голдар: Дуглас, 19:43 (1:0). Жаманқұлов, 20:59 (2:0). Дуглас, 29:40 (3:0). Игита, 31:06 (4:0). Дуглас, 33:50 (5:0). Ракич, 37:12 (5:1). Райчевич, 39:58 (5:2).

Қазақстан: Игита, Лео, Дуглас, Жаманқұлов, Довгань – Шамро, Сүлейменов, Нұрғожин, Першин, Гребонос, Кнауб, Пенгрин, Таку, Есенаманов.

Сербия: Аксентиевич, Перич, Яньич, Коцич, Райчевич – Момчилович, Живанович, Лазич, Ракич, Симич, Пршич, Радованович, Милоевич.

Төрешілер: Паскаль Лемаль (Бельгия), Камил Четин (Түркия).

Қақпаға бағытталған соққылар: 47 – 33

Тура соққылар: 14 – 13

Қиыс кеткендері: 24 – 9

Тойтарылған соққылар: 9 – 11

Қақпашылардың сейвтері: 8 – 10

Қақпа маңдайшасынан (бағанасынан) кері қайтқаны: 2 – 1

Тізімге қайта оралу