|   |   |  Белградтағы қазақ «ертегісі» әлі біткен жоқ!

Белградтағы қазақ «ертегісі» әлі біткен жоқ!

Белградтағы қазақ «ертегісі» әлі біткен жоқ!
Фото uefa.com сайтынан

...Егер, бұл шынымен де Еуропа чемпионаты болып, барлық құрамалар бразилиялықтарсыз ойнаса, біз чемпион болар едік. Бразилиялықтарды сатып алып, чемпион болу – дұрыс емес...

Қазақстан құрамасы Белградтағы «ертегісінің» нүктесін әлі қойған жоқ

Футзалдан Сербияда өтіп жатқан 2016 жылғы Еуропа чемпионаты бүгін түнде тәмамдалады. Қазақстан ұлттық құрамасы төрткүл дүниені таң қалдырып, жүлделі орындарға сына қағуға қамданып отыр.

Біздің жігіттер ширек финалда Италияны тізе бүктіріп, жартылай финалда Испаниямен тайталасты. «Қызыл фурияның» бағы бар екен, біздің құрама бұл ойынға негізгі бестіктегі екі ойыншысын шығара алмады. Әйтсе де, жеңіліп жатса да, жанкештілік танытып, есепті мейілінше қысқартты.

Соңғы минуттарда Испания футзалшылары атойлап алға шауып, өрнекті ойын үлгісін көрсете отырып, шешуші голды соқты. Осыдан кейін еуропалық басылымдардың бірсыпырасы «Белградтағы қазақ ертегісі жартылай финалда тәмамдалды» деп жарыса жазды.

Жо-жоқ! Асықпаңыздар, Еуропаның қаламы қарымды журналистері мен футзал өнерінің сүйек майын шаққан білікті мамандары. Сіздер «қазақ ертегісіне» балаған Қазақстан құрамасының өнері әлі аяқталған жоқ. Нүктесі бүгін түнде қойылады.

Футзал алаңындағы «қазақ ертегісі» алтын немесе күміс жалатылған «леп белгісімен» аяқталмаса да, қоламен көмкерілген «майлы нүкте» болуы әбден мүмкін.

Еуропа чемпионаты ма, әлде Бразилия біріншілігі ме?

Кім қалай ойлайды, қай ел қандай пікірде? Онда Сербияның шаруасы жоқ. Олар әлден өздерін «Еуропа чемпионымыз» деп санайды. Өйткені құрамы тек өз өрендерінен жасақталған санаулы құраманың бірі осы – Сербия.

Бұл ретте, Сербия құрамасының қақпашысы Миодраг Аксентиевич «Егер бұл шынымен де Еуропа чемпионаты болып, барлық құрамалар бразилиялықтарсыз ойнаса, біз чемпион болар едік. Бразилиялықтарды сатып алып, чемпион болу – менің ойымша, дұрыс емес. Бразилиялықтар нағыз қас шебер ойыншылар, жартылай финалда олар бізге екі гол соғып кетті», – деп қапаланыпты.

2014-2015 жылдар маусымында Қазақстан чемпионатында ойнап, «Тұлпардың» намысын қорғаған Аксентиевичтің сөзінің жаны бар һәм тұзы татиды. Испанияның «Marca» газеті санап шыққан екен, биылғы Еуропа чемпионатында Бразилияда туып-өскен 21 футзалшы әр елдің ұлттық құрамасының сапында ойнақ салып жүрген көрінеді (біздің құрама сапында – үшеу)...

Ал Сербия құрамасы – шынымен де азулы ұжым. Олар биылғы Еуропа чемпионатында әлі ешбір командадан ойының негізгі уақытында ұтылған жоқ. Жартылай финалда Ресей құрамасына тек экстра-таймда есе жіберіп алды.
Сербтер өз жерінде өтіп жатқан Еуропа чемпионатын «А» тобында бастап, Словенияны 5:1, ал Португалияны 3:1 есебімен ұтқан. Ширек финалда Украинаны 2:1 есебімен жолынан тайдырды. Ал жартылай финалдың қосымша уақытында Ресей футзалшыларынан 2:3 есебімен ұтылып қалды.

Енді үшінші орын үшін біздің жігіттермен додаға түседі. Бір көңіл аударарлығы, Еуропа чемпионатының финалдық додасында бесінші рет бақ сынап жатқан Сербия құрамасы да ешқашан жүлдеге ілігіп, тіпті жартылай финалға шығып көрмеген. Әрі кетсе, ширек финалмен шектелген...

Тізімге қайта оралу