|   |   |  Бұйыртса, әлем чемпионатына да барармыз...

Бұйыртса, әлем чемпионатына да барармыз...

Бұйыртса, әлем чемпионатына да барармыз...
Фото uefa.com сайтынан

Қазақстан құрамасы Сербияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатындағы қарқынын жоғалтпаса, «алтын күзде» әлем чемпионатында ойқастап журуі әбден мүмкін деп ойлаймыз.

2016 жылғы Еуропа чемпионаты өтіп жатқан Сербия астанасы Белградта әлем біріншілігінің жеті жолдамасынан дәмелі 14 құрама арасында жеребе тартылды.

ХІІІ әлем чемпионаты биыл күзде, яғни 14 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Колумбияда өтеді. Бүкіләлемдік біріншіліктің финалдық додасында 24 құрама бақ сынайды. Еуропаға жеті жолдама бөлінген.

Осы жеті жолдама електік кезеңде іріктеліп шыққан 14 команда арасында сарапқа салынады. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан құрамасы Еуропаның бесінші електік тобында сынға түсіп, бірінші орынға ие болған. Словения, Чехия және Франция футзалшыларын «шаң қаптырып» кеткен.

Осылай, өз тобында бірінші орынға ие болып, шешуші кезеңде басқа топта екінші болған құрамамен кездесу мүмкіндігіне қол жеткізді. Яғни Испания секілді азуы алты қарыс құрамалармен кездеспейтін болды.

Ал екінші орын алған құрамалардың ішінде ең қарымдысы Сербия футзалшылары болатын. Сөйтіп, жеребе де тартылды, қарсылас та анықталды. Қазақстан құрамасы Сербияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатындағы қарқынын жоғалтпаса, «алтын күзде» әлем чемпионатында ойқастап журуі әбден мүмкін деп ойлаймыз.

Сонымен, жеребе 14 құраманы мына жұптарға жіктеді:

Польша – Қазақстан

Словения – Испания

Словакия – Украина

Сербия – Португалия

Беларусь – Ресей

Нидерланд – Әзірбайжан

Венгрия – Италия

Әлем чемпионатының жолдамалары сарапқа салынатын шешуші ойындар 22 наурыз бен 12 сәуірге белгіленген. Електік дода сатысындағы топтық кезеңде бірінші орын алғанның пайдасы тағы да тиіп отыр. Бірінші ойын – түзде. Ал қарымта кездесу – үйде.

Жігіттерге сенеміз. Хорватияны қирата жеңіп, Италияны бас игізген, Ресей құрамасының екі аяғын бір етікке тығып, Испания футзалшыларының өздерін састырған ұлттық құрамамыз Польшамен болатын екі ойында білгендерінен жаңыла қоймас...

Тізімге қайта оралу