|   |   |  Испанияға Игитасыз азуымыз батпады

Испанияға Игитасыз азуымыз батпады

Испанияға Игитасыз азуымыз батпады
Фото uefa.com сайтынан

Төрт жердегі бірім – төрт. Бес емес. Ал Какау қанша тактик болса да, сиқыршы емес. Бұл жолы ол бізге төрт жердегі бірімді бес қылып бере алмады. Сондай-ақ Игитасыз ойының сәні болмады.

Игитасыз елегізу басым болды

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Белградта көмбесіне таяған 2016 жылғы Еуропа чемпионатының жартылай финалында Испанияға есе жіберіп алды. Есеп – 3:5.

Бұл ойында Қазақстан құрамасының негізгі бестіктегі екі ойыншысы ел намысын қорғай алмады. Қақпашымыз Игита бұған дейінгі матчтарда екі рет ескерту алуына байланысты жартылай финалдық кездесуде алаңға шығу құқығынан айырылған болатын. Ал Шыңғыс Есенаманов Италияны тізе бүктірген ойында жарақаттатнып қалған-ды.

Өкінішке қарай, Игитаның орнын басқан Григорий Шамро өз мүмкіндігін пайдаланып, төрткүл дүниені тамсандыра алмады. Бірақ «сенім үдесінен шыға алмады» деп айта алмаймыз. Бірнеше рет қарсыластарымыздың қатерлі шабуылдары мен жойқын соққыларының бетін қайтарды. Десек те, бірінші таймда толғанысын баса алмады ма, әйтеуір қолынан допты шығарып ала берді...

Ал Испания қақпашысы, керісінше, ойынның бірінші жартысында біздің футзалшылардың бірнеше қауіпті шабуылдарын тойтарып, пәрменді соққыларын дарытпай діңкелетті. Сөйтіп өз командасын жігерлендіре білді.

Ал біздің жігіттер болса, қақпамыздың «құлыпы» осал деді ме, әйтеуір қорғанысқа алаңдаумен болды.

Есепті біздің жігіттер ашқанымен, Испания құрамасы үш рет гол соғып, таразы басын бірінші таймда-ақ өздеріне қарай аударып алды.

Төрт жердегі бірім төрт... бес емес...

Екінші таймда Қазақстан құрамасы тәуекелге бел буып, көбінесе қақпашымызды бесінші ойыншыға алмастырып, алға ентелеумен болды. Басында опық жеп, тағы бір гол жіберіп алды. Испания футзалшылары қарауылсыз қалған қақпамызды алыстан дөп көздеп, есепті ұлғайта түсті.

Бірақ Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какау да өз ұстанымынан қайтпады. Сонда да бес ойыншымен шабуылдауын жалғастыра берді. Жігіттер де жасымай, тыраштанып жүріп, екі гол соқты.

Енді Испания құрамасы тықыршиын деді. Бірақ тәжірибелі құрама тез сабаларына түсіп, соңғы минуттарда біздің қақпаның торын бесінші рет бүлк еткізді. Болды. Әрі қарай уақыт та жоқ, айла-амал да түгесілуге айналған...

Иә, төрт жердегі бірім – төрт. Бес емес. Ал Какау қанша тактик болса да, сиқыршы емес. Бұл жолы ол бізге, кеңесшісі Алесиомен бірге, төрт жердегі бірімді бес қылып бере алмады. Себебі құрама сапында Игита секілді өзгелерден бір қабілеті артық дарынды ойыншысы болған жоқ.

Енді, 13 ақпан күні Сербия құрамасымен қола жүлдені сарапқа салатын боламыз.

Қазақстан – Испания – 3:5

Голдар: Довгань, 03:17 (1:0). Бебе, 07:34 (1:1). Мигелин, 16:10 (1:2). Рауль Кампос, 17:32 (1:3). Алекс, 26:28 (1:4). Лео, 35:39 (2:4). Жаманқұлов, 37:17 (3:4). Рауль Кампос, 38:54 (3:5).

Қазақстан: Шамро, Лео, Дуглас, Жаманқұлов, Довгань – Сүлейменов, Першин, Гребонос, Кнауб, Пенгрин, Таку, Нұрғожин.

Испания: Пако Седано, Ортис, Марио Ривильос, Пола, Рауль Кампос – Хесус Эрреро, Хуанхо, Хосе Руис, Бебе, Андресито, Рафа Усин, Лин, Алекс, Мигелин.

Төрешілер: Саша Томич (Хорватия), Эдуарду Фернандеш Коэлью (Португалия).

Қақпаға бағытталған соққылар: 42 – 30

Тура соққылар: 17 – 11

Қиыс кеткендері: 11 – 12

Тойтарылған соққылар: 14 – 7

Қақпашылардың сейвтері: 8 – 10

Қақпа маңдайшасынан (бағанасынан) кері қайтқаны: 1 – 1

Тізімге қайта оралу