|   |   |  Нокаут! Қазақ елінің ерлері Еуропа чемпиондарын есеңгіретті

Нокаут! Қазақ елінің ерлері Еуропа чемпиондарын есеңгіретті

Нокаут! Қазақ елінің ерлері Еуропа чемпиондарын есеңгіретті
Фото uefa.com сайтынан

Сүйінші! Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2014 жылғы Еуропа чемпиондарын "жүндей түтіп", Құрлық біріншілігінің жартылай финалына шықты....

Апам да аң-таң... Еуропа да аң-таң...

Белградта өтіп жатқан 2016 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалында Қазақстан ұлттық құрамасы азуын айға білеген Италия футзалшыларын ұтып, Еуропаны тағы да таң қалдырды. Есеп – 5:2.

Биылғы Құрлық біріншілігінде бұған дейін өз қақпасына бірде-бір гол жібермеген Италия құрамасының салы суға кетті. Бақандай бес рет өз қақпаларынан доп қармап, сеңдей соғысты. Қазақстан футзалшылары соңғы (2014 жылғы) Еуропа чемпиондарының мақтаулы қорғанысын парша-парша қылып, тасқамал қақпашысын жерге қатарып кетті.

«Апам да аң-таң, мен де аң-таң», Италия да аң-таң, Еуропада аң-таң! Қазақтың сайын даласынан келген футзалшылар ұстараның жүзіндей лыпылдап, қолды-аяққа тұрмай, зыр қағып, айбынды Италия құрамасын тас-талқан қылды.

Жүйкеге тиген табан тіресте Италия сыр берді. Кросс және апперкот...

Негізі, ойын өте тартысты басталды. Екі кұрама да мейілінше мұқият ойнады. Басты мақсат қателеспеу еді. Алаңдағы футзалшылардың бәрі де әрбір ойын сәтінде жіті қимылдап, тыңғылықты болуға тырысты. Жүйке жүйесіне тиетін өте жауапты сәттерде біздің жігіттер байсалдылық танытты. Әрі ешқайсысы да аянған жоқ. Аяқтарын тартпай, айылдарын жимай, өжеттік танытты.

«Бірінші таймның жартысынан өтіп, бәріне де шыдасақ, бағымыз жанар» деп отырдық. Өйткені алғашқы ойында дәл осы 11-інші минутта жаза басып, 27 секундтың ішінде ойын тағдыры шешіліп, ұтылып қалып едік қой...

Жігіттер жарады. 11 минут тұрмақ, 15-іне шыдады. Осындай шектен тыс шиеленісті матчтың аяғына қарай Италия футзалшылары қарқындарын сәл-пәл бәсеңсітіп алғандай болды. Әйтеуір соған дейін өте сақ ойнаған қарсыластарымыз, бірінші таймның аяғында екі рет жаза басты. Әуелі Лео алыстан шірене тартып, мақтаулы Маммарелланы қапы қалдырды. Бокс өнеріндегі «кросс» соққысына келетіндей...

Көп ұзамай қақпа алдында шүйіліп жүретін Серік Жаманқұлов жантайып жатып алып, үшінші мүмкіндігінде дедек қаққан теңбіл допты қақпа ішіне енгізді. 2:0! «Апперкот»! Италия футзалшылары нокдаунға түскен боксшы секілді аңтарылып қалды...

«Ашық» айқас немесе хук, джеб...

Екінші таймда Италия «әліптің артын бағуды» доғарды. Біздің ойыншылардың қателескен сәтін аңдып, арқаны кеңге салу, жарға жығатынын білді. Сондықтан атойлап алға шапты. Тіпті бір гол соғып, есепті де қысқартты да.

Алайда біздің жігіттер бірден «жауабын» беріп, яғни жарты минуттың ішінде үшінші голды соғып, аптықтарын қайта басып тастады.

Шыңғыс Есенаманов қасқайып алға қарай тура тартты. Өзі жалғыз Италия қорғанысын бұзып өтіп, аяғындағы допқа атылған екі ойыншыны бір қимылымен дәрменсіз қалдырып, ышқына тепті. Маммарелла тағы да сан соғып қала берді. Бокс болса, мұндай соққыны «джеб» деуге болатын шығар...

Секундтар сырғып өтіп жатыр, уақыт болса өтіп жатыр. Ал Италия құрамасының азуы біздің қорғанысымызға батар емес. Алыстан да тепті, алдап өтуге де тырысты, тағысын тағы... Бірақ нәтиже болмады. Содан олар қақпашыларын бесінші ойыншыға алмастырып, бесеулеп шабуылдауға көшті.

Бұл әрекеттері жүзеге асып, есепті қайта қысқарты. Бірақ олардың бұл қуаныштары тағы да ұзаққа бармады. Бұл жолы небәрі алты секундтан кейін Қазақстан құрамасы тағы бір гол соғып, Италия футзалшыларын мүлде мең-зең күйге түсірді.

Сол қапталдан Есенаманов тепкен, көлбеу ұшқан допты Дәурен Нұрғожин «ебдейсіздеу» қимылымен-ақ қақпа торында тулатты. Қақпа алды, жақын қашықтық, біздің жігіттердің орындауындағы – «хук»...

«Свинг» немесе ойынның нүктесі

Әрине, бұдан кейін де Италия құрамасы есепті қысқартуға тырысты. Бірақ олардың бұл әрекеттері «суға кеткен, тал қармайдының» кері ғана еді. Тіпті естерін жинай алмай, еңселерін тіктей алмай жүріп тағы бір гол жіберіп алды. Тағы да бесеулеп шабуылдауға көшкендерінде допты Лео «қиып» алып, алыс қашықтықтан теңбіл допты доғаша иіп, қарауылсыз қақпаны дөп көздеді. Тура, бокстағы свинг соққысы дерсіз. Есеп – 5:2!

Болды! Италия тізе бүкті. Соңғы секундтарда тіпті ойнаудан да қалды. Жеңілгендерін мойындады. Ендігі қарсылас – Испания. Алда – жартылай финал...

Қазақстан – Италия – 5:2

Голдар: Лео, 15:51 (1:0) Жаманқұлов, 18:47 (2:0) Фортино, 22:21 (2:1). Есенаманов, 22:51 (3:1). Каналь, 36:24 (3:2). Нұрғожин, 36:30 (4:2). Лео, 39:37 (5:2).

Қазақстан: Игита, Довгань, Лео, Дуглас, Есенаманов – Шамро, Жаманқұлов, Першин, Сүлейменов, Гребонос, Кнауб, Пенгрин, Таку, Нұрғожин.

Италия: Маммарелла, Эрколесси, Габриэл Лима, Алекс Мерлим, Фортино – Миарелли, Романо, Леджьеро, Джассон, Мурило, Онорио, Де Лука, Патиас, Каналь.

Төрешілер: Камил Четин (Түркия), Седрик Пелиссье (Франция)

Қақпаға бағытталған соққылар: 45 – 45

Тура соққылар: 15 – 15

Қиыс кеткендері: 19 – 12

Тойтарылған соққылар: 11 – 18

Қақпашылардың сейвтері: 13 – 9

Қақпа маңдайшасынан (бағанасынан) кері қайтқаны: 2 – 2 

Тізімге қайта оралу