|   |   |  Қазақстан Хорватияны жеңіп, «Қарт құрлықты» қайран қалдырды

Қазақстан Хорватияны жеңіп, «Қарт құрлықты» қайран қалдырды

Қазақстан Хорватияны жеңіп, «Қарт құрлықты» қайран қалдырды
Фото uefa.com сайтынан

Неткен қайсарлық, неткен батылдық, неткен жауапкершілік! Осындай намысқой да, жігерлі жігіттері бар құрама қалай осал болады? Қазақстан құрамасы қажымас қайсарлығымен «Қарт құрлықты» қайран қалдырды...

Футзалдан Белградта өтіп жатқан 2016 жылғы Еуропа чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы екінші ойынын өткізіп, қарымды Хорватия құрамасын 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Тарихи жеңіс

Еуропа чемпионатының финалдық додасында бірінші рет бақ сынап жатқан Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне де қол жеткізді. Әрі азулы Хорватия құрамасын жеңіп, Еуропа чемпионатының ширек финалына шықты. «С» тобындағы екінші жолдаманы енді Ресей мен Хорватия өзара сарапқа салады.

Негізі, бұл ойында біздің футзалшылар ірі есеппен басым түссе де, таң қалмас едік. Бірақ Хорватия құрамасының бағы «бес елі» екен. Теңбіл доп бес рет (!) Балқан түбегі елі қақпасының бағанасына немесе маңдайшасына тиіп, қақпаға енбей қойды...

Қайсарлық мен батылдық

Бұл ойында Қазақстан футзалшылары атойлап алға шапты. Жанкештіліктері мен қажыр-қайраттарына өзгелер тұрмақ, өзіміз де сүйсіндік. Айылдарын жиған жоқ, тізгіндерін тартқан жоқ, тек алға қарай ентелеумен болды.

Павел Таку сенімді ақтап, шабуыл өтіне май құйып отырды. Бұл ойында оның соққылары қақпа бағанасына дөп тиіп, жанкүйерлерді дүр сілкіндірумен болды. Әйтсе де, Такудің алғашқы тепкен добы діңгекке тиіп, кері қайтқанда Дуглас оны асқан ұқыптылықпен қақпа ішіне «сүңгітіп», есепті ашты.

Алайда іле-шала хорваттер таразы басын теңестіріп кетті. Ұлттық құрама капитаны Дінмұхамбет Сүлейменов пен қақпашымыз Игита бірін-бірі түсіне алмай, екеуі де жаза басты...

Бұл Димаштың (Дінмұхамбеттің) жүйкесіне тиіп, зығырданын қайнатқандай. Ол доп ортадан ойынға қосылысымен, аяғымен іліп алып, Хорватия қорғанысын жалғыз өзі бұзып өтіп, шірене тартты. Неткен қайсарлық, неткен батылдық, неткен жауапкершілік! Гол! Қазақстан қайтадан алға шықты. Осындай намысқой да, жігерлі жігіттері бар құрама қалай осал болады? Қазақстан құрамасы қажымас қайсарлығымен «Қарт құрлықты» қайран қалдырды...

Гол соғатын нүктені «иіскеп» білетін сұрмерген

Біздің құраманың сұрмергені – Серік Жаманқұлов. Әзірше екі ойында үш гол соқты. Қақпа алдында оқтаулы мылтықтай шүйіліп жүріп, «сылқ» еткізіп, гол соғып кетеді. Өткен жолы Ресей қақапашысын қарнымен-ақ қапы қалдырған. Бұл жолы Хорватия құрамасын екі мәрте сан соқтырып кетті. Тағы да гол соғатын мүмкіндіктері болған. Бірақ бұйырғаны екеу болды...

Хорватия құрамасының қақпасына кірген үшінші және төртінші голдарды осы Серік соқты. Бірінші таймның аяғына қарай ширақ қимылдап, абдырып қалған хорват қорғаушылары мен қақпашыларын сеңдей соғыстырып кетті. Ал екінші таймда Сүлейменов пен Лео тамаша пастарын түйіндеді.

Бақ пен бап...

Бұл жеңістің жігіттерімізді жігерлендіре түсірері сөзсіз. Өздеріне деген сенімділіктерін артыра түсіреді деп те ойлаймыз. Шыны керек, кейбір жігіттеріміз өз қабілеттері мен әлеуеттерін әлі толық көрсеткен жоқ. Ал кейбіреуі тағдыр сынағынан өту үстінде де сияқты.

Бұл ретте, Шыңғыс Есенамановты атап өтуге болады. Хорватиямен ойнағанда, қанша тырысып, шүмектетіп тер төксе де, ештеңенің сәті түспеді. Тамаша мүмкіндігі болса да, гол соға алмай қалды, ескерту алды, жарақаттанып та қалды. Бірақ мұның бәрі – сынақ. Шыңғыс мұның бәрінен мүдірмей өтті деп ойлаймыз. Әйтеуір аянған жоқ. Жанкештілігі мен табандылығына адам қызығады. Жасыма, Шыңғыс! Жұлдызың жарқырап жанар сәт алда! Біз саған сенеміз!

Қазақстан – Хорватия – 4:2

Голдар: Дуглас, 5 (1:0) Матошевич, 6 (1:1) Сүлейменов, 7 (2:1). Жаманқұлов, 16 (3:1). Жаманқұлов, 26 (4:1). Сутон, 32 (4:2).

Қазақстан: Игита, Довгань, Лео, Дуглас, Есенаманов – Шамро, Жаманқұлов, Першин, Сүлейменов, Гребонос, Кнауб, Пенгрин, Таку, Нұрғожин.

Хорватия: Юкич, Грцич, Еловчич, Новак, Маринович – Билич, Матошевич, Грбеша, Бабич, Петрович, Пандуревич, Хорват, Сутон.

Төрешілер: Олег Иванов (Украина), Габор Ковач (Венгрия)

Қақпаға бағытталған соққылар: 45 – 23

Тура соққылар: 18 – 12

Қиыс кеткендері: 17 – 6

Тойтарылған соққылар: 10 – 5

Қақпа маңдайшасынан (бағанасынан) кері қайтқаны: 5 – 0

Тізімге қайта оралу