|   |   |  Дайындық деңгейін өзбектермен таразыға тарттық

Дайындық деңгейін өзбектермен таразыға тарттық

Дайындық деңгейін өзбектермен таразыға тарттық
Фото kairat-futsal.kz сайтынан

Ресейліктер Қазақстан құрамасын қиналмай жеңетіндеріне бек сенімді көрінеді. Үш ұпайды әлден «қалталарына» салып та қойған секілді...

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы өткен аптаның аяғында Алатау бөктеріне жиналып, Еуропа чемпионаты қарсаңындағы дайындық жұмыстарын өткізді.

2-13 ақпан аралығында Сербия астанасы Белградта өтетін 2016 жылғы Еуропа чемпионатына әзірленіп жатқан Қазақстан құрамасы дайындықтарын екі жолдастық кездесумен пысықтады. Атап айтқанда, Алматыда Өзбекстан футзалшыларымен екі мәрте кездесіп, екеуінде де 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Алайда екі ойындағы жеңіс те оңайшылықпен келген жоқ. Екі матч та өте тартысты өтті. Қазақстан – Өзбекстан ойыншылары арасындағы шектен тыс бәсекелестіктің үлкен футболда ғана емес, футзалда да өте жоғары деңгейде екендігі тағы да байқалды.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какаудың басты міндеті осы екі ойын барысында қарамағындағы 16 футзалшыны іс жүзінде тексеріп және сынап көру болатын. Өйткені дәл қазір Какаудың құрамасында екі ойыншы артық. Іріктеп алып қалғаны – 16 футзалшы. Ал Сербияға 14 ойыншы апаруы керек. Яғни екі ойыншыны тізімнен «сылып» тастау қажет.

Бас бапкер "матч бойы қосалқы құрамда отырса да, алаңда үш минут қана ойнап-ақ ұлттық құраманың ойынына зор үлес қоса алатын ойыншыны" таңдап алғысы келетіндігін тілге тиек етіп отыр. Әрі қай футзалшы команданың ұжымдық ойын үлгісіне тез бейімделіп кете алатындығына көз жеткізгісі келеді. Қысқасы, артық екі ойыншыны анықтауы керек.

Өздеріңіз білесіздер, Белградта жалауы желбірейтін Еуропа чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы Ресей және Хорватия футзалшыларымен «С» тобында додаға түседі. Ресейліктер Қазақстан құрамасын қиналмай жеңетіндеріне бек сенімді көрінеді. Үш ұпайды әлден «қалталарына» салып та қойған секілді...

Өзбекстан футзалшыларымен өткен жолдастық кездесулерде бұл да айтылды. Біздің футзалшылар жеңісті қолдан бермейтіндерін айтып, бәрін де алдын-ала даурығу емес, 3 ақпан күнгі екеуара матч шешетіндігін меңзеп отыр.

Біз құрама капитаны Дінмұхамбет Сүлейменов бастаған футзалшыларымызға сенеміз. УЕФА кубогы додасында ысылған футзалшыларымыз халықаралық аренада ел сенімін ақтауға жарап қалды деп үміттенеміз. «Белград төрінде еліміздің атын шығарып, өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, Еуропаны елітеді» деп дәмеленіп отырған жайымыз бар.

Тізімге қайта оралу