|   |   |  Әлем чемпионатының жеребесі таңғы бесте тартылады

Әлем чемпионатының жеребесі таңғы бесте тартылады

Әлем чемпионатының жеребесі таңғы бесте тартылады
Фото fifa.com сайтынан

Астана уақытымен бүгін бейсенбіден жұмаға ауған таңғы сағат 5:00-де футзалдан әлем чемпионатының жеребесі тартылады.

Футзалдан ХІІІ әлем чемпионатының 10 қыркүйектен 1 қазанға дейін, Колумбияда өтетіндігін жақсы білесіздер. Ал жеребе тарту рәсімі осы елдің Медельин деген қаласында өтеді.

Колумбия уақытымен 19 мамыр күні 18:00-де тартылатын жеребе біздің уақытпен 20 мамыр арайлап атқан таңғы сағат 5:00-де басталады.

Лауазымды қонақтар ретінде жеребе тарту рәсіміне Колумбияның үздік футболшылары Хуан Пабло Анхель мен Давид Оспина, сондай-ақ Фалькао, Кике және Маркиньо секілді футзал жұлдыздары шақыртылыпты.

Енді жеребе тарту рәсіміне қысқаша ғана тоқталып өтер болсақ, әлем чемпионатында бақ сынайтын 24 құрама төрт себетке (қоржынға) тең бөлінген. Яғни бұл құрамалар алты топқа жіктіледі – А, В, С, D, Е, F.

Жеребе тарту рәсімі 1-себеттен басталып, 4-себетпен аяқталады. Бір себеттегі шарлар толық ашылып, түгесілген соң ғана келесісіне ауысып отырады.

Осы ретте айта кетейік, әлем чемпионатының ойындары Колумбияның үш қаласында өтеді – Медельин, Кали және Букараманга. Яғни әр қалада екі топтың ойындары өтуі керек.

Бұл тіпті былайша жіктелген – Кали (А, С), Медельин (В, F) және Букараманга (D, Е). Жеребе тарту барысында Колумбия, Бразилия және Испания құрамаларының бір қаладағы топтарға түспеуі қатаң сақталады. Бұл көрермендерге қызықты болсын деген ниетпен жүзеге асырылмақ көрінеді.

Мысалы, Колумбия чемпионат қожайындары ретінде автоматты түрде «А» тобына түседі. Яғни Бразилия мен Испания енді «С» тобына түсе алмайды. Егер олардың біреуі «С» тобына түсе қалса, бірден «D» тобына ауыстырылады.

Сол секілді Бразилия және Испания құрамаларының да бір қаладағы топтарға түсіп қалуына жол берілмейді. Мәселен, Бразилия «В» және «F» топтарының біріне түссе, онда Испания «D» немесе «Е» топтарының біріне жөнелтіледі.

FIFA-ның тағы бір ұстанымы, әр конфедерацияның екі командасы бір топқа түспеуі керек. Тек UEFA-ның екі командасы бір топта бірге ойнайтын болад. Себебі Еуропадан баратын құрамалар саны – жетеу, ал әлем чемпионатының алғашқы кезеңіндегі топтар саны – алтау.

Сонымен, таң ата тағатсыз жеребе тарту рәсімін күтеміз. Қарсыластарымыз қай елдің футзалшыдары болады екен?

1-себет (қоржын)

2-себет (қоржын)

Колумбия CONMEBOL

Бразилия CONMEBOL

Испания UEFA

Италия UEFA

Аргентина CONMEBOL

Ресей UEFA

Иран AFC

Украина UEFA

Португалия UEFA

Парагвай CONMEBOL

Египет CAF

Коста-Рика CONCACAF

3-себет (қоржын)

4-себет (қоржын)

Соломон аралдары OFC

Таиланд AFC

Марокко CAF

Панама CONCACAF

Гватемала CONCACAF

Австралия AFC

Куба CONCACAF

Мозамбик CAF

Қазақстан UEFA

Әзірбайжан UEFA

Өзбекстан AFC

Вьетнам AFC


Тізімге қайта оралу