|   |   |  Какау Қазақстанда кемінде 2018 жылға дейін қалады

Какау Қазақстанда кемінде 2018 жылға дейін қалады

Какау Қазақстанда кемінде 2018 жылға дейін қалады
Какау Қазақстанда кемінде 2018 жылға дейін қалады

– Рас, Әзірбайжан ұлттық құрамасынан түскен ұсыныс қаржылық тұрғыдан қызықтырды. Дегенмен, егер келісім берсем, онда «Қайраттан» да кетуім керек еді. Ал бұл клубпен 2018 жылдың мамыр айына дейін келісімшартым бар. Сондықтан, ҚФФ-мен кез-келген уақытта жаңа шартнама жасасуға дайынмын. - дейді Какау.

Осыдан бірер күн бұрын футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының және «Қайрат» шағын футбол клубының бас бапкері Какаудың әзірбайжандық спорт басылымына берген сұхбаты жанкүйерлер арасында дүрбелең туғызып, түсініспеушіліктер болған еді. «Қайраттың» ресми сайтына сұхбат берген бас бапкердің өзі мәселенің мән-жайын толық ашып берген секілді.

– Маған өзін «әзірбайжандық спорт басылымының өкілімін» деп таныстырған бір тілші хабарласып, бірнеше сұрақтарына жауап беруімді сұрады. Әлбетте, бас жаттықтырушының көп міндеттерінің бірі көпшілікпен жұмыс істеу болғандықтан бас тарта алмадым. Оның үстіне, білесіздер мен осы күнге дейін ешқандай журналистке сұхбат беруден бас тартқан емеспін. Қазақстан ұлттық құрамасындағы келісімшартыма байланысты біраз сөйлестік, - деп «Қайраттың» ресми сайтына ағынан жарылған Какау бапкер әзірге Қазақстаннан ешқайда кетпейтінін айтты.

Иә, ұлты басқа болғанымен «өзіміздің қазақ» болып кеткен Какаудың атқарған істері кеуде соққан кейбір азаматтарымыздыкінен асып түседі. «Қайрат» пен Қазақстан ұлттық құрамасының жетістіктерін бәрі де бүгінде жақсы біледі. Дегенмен, биылғы Еременко кубогының қарсаңындағы мына пікірі оның отандық футзалға қаншалықты жаны ашитындығын көрсетіп тұрғандай. «Мен еліміздің әр өңіріндегі қалталы демеушілерді футзалға көңіл бөлуге шақырамын. Қазақстан футзалы тек «Қайратпен» шектелмеуі керек, барлық қалаларда дамуы тиіс. Олай болмаса, менің қажетім не? Кеткенім дұрыс», - деген болатын. Өзін ғана ойлаған адам «Қазақстан футзалы «Қайратпен» шектелмеуі керек», - деп айта ма?

Ал ұлттық құрамамен жаңа келісімшарт жасасу жөнінде Какау Польшамен өткен електік кездесуден кейін Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановпен сөйлескенін айтып, Колумбияда өтетін әлем чемпионаты аяқталғанша жұмысын жалғастыруға уәде беріп қойғанын жеткізді.

– Қазақстан ұлттық құрамасын ешқандай келісімшартсыз-ақ төрт жыл бойы жаттықтырғанымды ескеріңіздер. Бірақ бұған аса мән берген жоқпын. Өйткені, Қазақстан менің екінші үйім болып кетті. Рас, Әзірбайжан ұлттық құрамасынан түскен ұсыныс қаржылық тұрғыдан қызықтырды. Дегенмен, егер келісім берсем, онда «Қайраттан» да кетуім керек еді. Ал бұл клубпен 2018 жылдың мамыр айына дейін келісімшартым бар. Сондықтан, ҚФФ-мен кез-келген уақытта жаңа шартнама жасасуға дайынмын. Қанша дегенмен алдымызда Колумбияда өтетін әлем чемпионаты күтіп тұр. Егер осындай жауапты кезеңде команданы тастап кетеді деп ойласаңыздар, онда мені әлі дұрыс білмейді екенсіздер. Әзірбайжан тарапына жайлы ұсыныс үшін тағы да алғыс айтамын. Бірақ мен қазір өз жігіттерімді тастап кете алмаймын, - деп қорытындылады Какау.

Тізімге қайта оралу