|   |   |  Игита – қазақ, ал Какау "ақымақ" па...

Игита – қазақ, ал Какау "ақымақ" па...

Игита – қазақ, ал Какау "ақымақ" па...
Фото federacaopaulistadefutsal.com сайтынан

Кеше Қазақстан ұлттық құрамасы Польша футзалшыларын күйрете жеңіп, әлем чемпионаты жолдамасын жеңіп алды. Осыған орай, аталған ойыннан кейінгі пікірлер рейтингін құрастырып едік.

Қазақстан – Польша кездесуінен кейін футзалшылар да, бапкерлер де қуаныш құшағында толқып тұрып, әсерлі пікірлер айтты. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әйтсе де, біз солардың ішіндегі ең қызықты және жүрек тебірентерлік сөздерін таңдап алдық. Әрі Польша құрамасының намысын қорғаған бір ойыншының да пікірін қостық:

1-орын. Игита (қақпашы):

Мен қазақпын, әрине. Жыл 12 айдың 10-ын Қазақстанда өткіземін. Бразилияда тек екі ай боламын. Тамырымда Бразилия қаны аққанымен, жүрегім қазақ деп соғады. Бразилияға қандай қақпашыдан айырылып қалғандарын көрсеткім келеді. Олар мені тым кеш шақырды. Ол кезде мен Қазақстан азаматтығын алып қойғанмын. Енді тек Қазақстанның намысын қорғаймын. Бұл ел маған бәрін берді. Мен өзім армандап жүрген белестерді бағындыруға мүмкіндік алдым. Бразилияға қарсы бар күш-жігерімді салып ойнайтын боламын.


2-орын. Серік Жаманқұлов (шабуылшы):

Ұлттық құраманың намысын қорғағанда ерекше беріліп ойнайтын жалғыз мен ғана емес. Ел үшін осылай шыбын жаныңды шүберекке түйіп, жүрегіңмен ойнау керек. Үнемі қосымша бір күш құйылатынын сезінесің. Әнұран құйқылжып қоя бергенде, қолыңды жүрегіңе қоясың. Ауызбен айтып жеткізгісіз күштің өзіңді жігерлендіретінін сезіну осылай туындайды. Содан соң бәрін де қолыңнан келетін болады.

3-орын. Какау (бас бапкер):

Көбісі мені ақымақ деп атайды. Өйткені мен тәуекелге бел буып, Игитаны шабуылға араластырып, қауіпті тактика қолданамын. Алайда менің қарамағымда әлемнің ең үздік қақпашысы болса, мұндай тактиканы қолданбау нағыз ақымақтық болар еді. Мен үшін әрбір ойыншым – батыр. Себебі олар ақша үшін емес, елінің абыройы үшін ойнайды. Мен олардың бәрін де, әсіресе қақпашымызды мақтан тұтамын.

4-орын. Томаш Лутецки (ойыншы, Польша):

Мен бізде, яғни Польшада лық толы үлкен залдарды көрдім. Бірақ естері кеткен көрермендерге аузы-мұрнынан шыға толған мынандай адам сенгізісіз залды бірінші рет көріп отырмын. Мен мұны ешқашанда ұмытпаймын, өз өмірімнің соңына дейін есімнен шығармаймын. Бізге көрермендер де қатты әсер етті, екі иығымыздан басып жібергендей болды. Ал Қазақстан әлем чемпионатында, кем дегенде, жартылай финалға шығуы керек.

/Пікірлер рейтингісін құрастырғанда kairat-futsal.kz сайтындағы қысқа сұхбаттар да қолданылды/


Тізімге қайта оралу