|   |   |  Қазақстан футзалшылары әлем чемпионатына екінші рет қатысады

Қазақстан футзалшылары әлем чемпионатына екінші рет қатысады

Қазақстан футзалшылары әлем чемпионатына екінші рет қатысады
Фото futsal-polska.pl сайтынан

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Колумбияда өтетін әлем чемпионатында бақ сынау құқығына қол жеткізді. Бұл – бүкіләлемдік доданың финалдық додасына екінші рет шығуымыз.

Алғаш рет Азиядан барғанбыз

Қазақстан құрамасы алғаш рет 2000 жылы Гватемаледе өткен ІV әлем чемпионатына қатысқан болатын. Бірақ онда Азиядан екшеліп шыққанбыз. Қасымжан Мәдиев жаттықтырған жігіттеріміз «А» тобында Бразилия майталмандарынан 1:12 есебімен, Португалия құрамасынан 2:6 есебімен ұтылып қалып, Гватемале футзалшыларына 5:6 есебімен есе жіберіп алған болатын.

16 жылдан кейін Европада екшелдік

Енді, міне, араға 16 жыл салып, Колумбияда өтетін ХІІІ әлем чемпионатында бақ сынау құқығына қол жеткізіп отырмыз. Биылғы бүкіләлемдік біріншіліктің финалдық додасында 24 құрама бақ сынайды. Еуропаға жеті жолдама бөлінген.

Еуропаның електік додасы үш сатыға бөлінді. Әуелі рейтингтері төмен 23 құрама алты топта бақ сынап, әр топтың жеңімпазы келесі кезеңге өтті.

Екінші кезеңде оларға 22 елдің футзалшылары қосылды. 28 елдің құрама командасы жеті топқа тең бөлінді. Қазақстан құрамасы да електік додаға осы кезеңде қосылып,бесінші топта сынға түсіп, бірінші орынға ие болды. Қарсыластары Словения, Чехия және Франция футзалшылары болды.

Ең соңғы үшінші кезеңге осы жеті топтың жеңімпаздары мен екінші орынға ие болған құрамалар шықты. Сөйтіп, Еуропаға бөлінген жеті жолдама екінші електік додада екшеліп шыққан 14 құрама арасында сарапқа салынды.

Бір көңіл бөлерлігі, өз тобында бірінші орынға ие болғандар плей-оффта басқа топта екінші болған құрамамен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан құрамасы 6-топта екінші орын алған (Португалиядан асып түсе алмаған), Польша футзалшыларымен кездесті.

Екі матчтан тұратын шешуші кезеңде Польша құрамасынан басым түсті. Әуелі түзде өткен матчта 1:1 есебімен тең түсіп, өз жерімізде 7:0 есебімен күйрете жеңді.

Еуропадан Колумбияға баратындар

Сейсенбіден сәрсенбіге ауған түні Еуропаның бес қаласында плей-офф сатысындағы қарымта кездесулер өтіп, Қазақстанмен бірге Колумбияға баратын жеңімпаздар анықталды. Бір ойын бүгін түнде өтеді.

Қазақстан – Польша – 8:1 (7:0, 1:1)

Әзірбайжан – Нидерланды – 9:5 (4:4, 5:1)

Украина – Словакия – 11:1 (5:1, 6:0)

Ресей – Беларусь – 6:3 (2:2, 4:1)

Испания – Словения – 5:2 (5:1, 0:1)

Португалия – Сербия – 4:2 (2:1, 2:1)

Италия – Венгрия – ? (3:0, ?)

Жетінші жолдаманы Италия құрамасының жеңіп алатындығына күмән келтіруге болмайтын шығар. Деңгейі әлдеқайда жоғары және бірінші ойында, яғни түзде жеңіске жеткен. Енді өз жерінде төрт және одан да көп доп айырмасымен қтылады дегенге сену қиын.

P.S.: Айтпақшы, Колумбиядағы әлем чемпионатына Өзбекстан да барады. Ала тақиялы көршілеріміз Азиядан екшеліп шықты... 

Тізімге қайта оралу