Главная страница
 |   |   |   |  Кетіп жатыр, «Қайраттың» легионерлері...

Кетіп жатыр, «Қайраттың» легионерлері...

Кетіп жатыр, «Қайраттың» легионерлері...
"Қайраттан" кеткен үш легионер... Фотолар: fckairat.com

Алматы клубы Жерар Гоу, Жарко Маркович және Сесар Арзо сынды легионерлерімен қоштасты.

«Қайрат» футбол клубы Қазақстан премьер-лигасында соңғы ойынын өткізген соң бірнеше легионерімен еңбек келісімдерін ұзартпай, елдеріне қайтарды. Соның бірі һәм бастысы «құралайды көзге атқан» сұрмергені Жерар Гоу болды.

29 желтоқсанда 29-ға толатын Кот-д'Ивуар шабуылшысы «Қайрат» футбол клубымен және жанкүйерлерімен қоштасты. Менеджерінің айтуынша, келісімшартын ұзартпау жөнінде шешімге жаз кезінде-ақ тоқталған көрінеді. Енді басқа елдің чемпионатыда доп теуіп, гол соғып көрмек екен.

Бір жағынан өкінішті де... Соңғы жылдары «Қайраттың» барлық голдарының үштен бірін соғып жүрген шабуылшы енді қазақ додасында доп теппейді. Ал екінші жағынан, Қазақстан премьер-лигасындағы бірталай қорғаушы мен қақпашы іштей қуанып жүрген де шығар...

«Қайрат» клубымен және жанкүйерлерімен қоштасқан тағы бір легионері – серб қорғаушысы Жарко Маркович. 30-дан асқан орталық қорғаушы Алматы клубында 2014 жылдың басынан бері ойнады. Алайда, биыл сәуір айында ауыр жарақат алып, Италияда ота жасатқан. Содан бері алматылықтар аталған қорғаушысыз ойнады...

Бүгін Испанияның орталық қорғаушысы Сесар Арзо да әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы «Қайрат» жанкүйерлерімен қоштасты. Алматы клубына 2016 жылдың шілде айында келген қорғаушымен еңбек келісі ұзартылмағандығын клубтың ресми сайты да жариялады.

Есесіне, Бразилия мен Хорватияның жартылай қорғаушылары Исаэль мен Иво Иличевич команда сапында қалады. Сондай-ақ 36-дан асып кеткен Андрей Аршавинмен арадағы еңбек келісімі тағы бір жылға ұзартылыпты. Соңғысы Алматы клубына маркетингтік тұрғыда пайда келтіруін жалғастыра береді екен...

Айтпақшы, қазақ додасын бейімделген Седрик Гогуа Алматы клубының негізгі құрамына ауыстырылыпты. Ол биыл жазда келіп, «Қайраттың» бірінші лигада ойнайтын жастары арасында («Қайрат А» командасында) өнер көрсеткен болатын. Кот-д'Ивуар қорғаушысымен «2+1» жүйесінде келісімшартқа қол қойылған көрінеді.

Возврат к списку