Главная страница
 |   |   |  Қазақстан футбол федерациясы айыппұл салудан қанша табыс түсірді

Қазақстан футбол федерациясы айыппұл салудан қанша табыс түсірді

Қазақстан футбол федерациясы айыппұл салудан қанша табыс түсірді
Қазақстан футбол федерациясы айыппұл салудан қанша табыс түсірді?

Биыл қазақ футболы айыппұлға бай болды. ҚФФ ресми сайтындағы ақпараттарға сүйенсек, наурыз айы мен қарашаға дейін Қазақстан футбол федерациясы клубтар мен футболшыларға, бапкерлерге айыппұл салудан 16 миллионға жуық табыс тауыпты.

Қазақстан футбол федерациясының бір жақсы жері – Тәртіптік-бақылау комитетінің әр отырысын жанкүйерлерге хабарлап, әр шешім жайлы толыққанды ақпарат беріп отырды. Сондықтан, бүгінгі мақала жазуда мәлімет іздеп, аса қиналған жоқпыз. ҚФФ сайтындағы сандарға жүгіндік.

Жалпы, Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік Регламентіне сүйенер болсақ, Премьер-лига ойындары мен Суперкубок матчы үшін айыппұлдың ең үлкен мөлшері бір миллион теңге екен. Мұндай жаза ойынды жалғастырудан бас тартқан кезде немесе жаппай төбелеске байланысты тоқтатылған болса қолданылады екен. Биыл ешкімге мұндай жаза қолданылған жоқ. Ал Премьер-лига клубтары үшін айыппұлдың ең аз мөлшері – 300 мыңға дейін. «Дейін» дегенді бекер қосып отырған жоқпыз. Яғни, көп жағдайда 300 емес, 150 мың теңге айыппұл салынып жатады. Бұл ойыншылары бір ойында бес немесе одан көп ескерту қағазын алған командаларға қатысты қолданылатын жаза. Сондай-ақ, айыппұлдың ең аз мөлшері – 20 мың теңге. Бұл Футбол орталықтары арасындағы біріншіліктерге қатысты.

Сонымен, биылғы маусымда Тәртіптік-бақылау комитетінің 23 отырысы өтіп, барлығы 15 940 000 теңге айыппұл салынған екен. Ең «табысты» мәжіліс тамыздың 1-інде өткен. Премьер-лига, Бірінші лига, Екінші лига, Футбол орталықтары арасындағы біріншілік сынды додалардың барлығын қосұанда 15 ойындағы жағдайларды қарастырып, жазалыларға жалпы соммасы 2 105 000 теңгенің айыппұлы салынған.

Қай айда қанша айыппұл салынғанын көру үшін 1-ші диаграммаға көз жүгіртіңіздер.


Тәртіптік-бақылау комитетінің ең басты «табыс көзі» дейміз бе, әлде клубтардың басты шығыны дейміз бе, әйтеуір, клубтар көбіне айыппұлды жанкүйерлерінің кесірінен төлейді екен. Нақты айтсақ, көрермендерінің сабырсыздығы кесірінен клубтар ҚФФ бюджетін 6,2 миллион теңгеге көбейткен. Одан кейінгі кезекте ойыншылардың дөрекілігі тұр. Ойыншыларының бір ойындағы ескертулерінің саны лимиттен асып кеткендіктен клубтар ҚФФ-ға 4 265 000 теңге төлеуге мәжбүр болған.

Әлбетте, айыппұлдардың басым бөлігі Премьер-лигаға тиесілі. 33 турда Тәртіптік-бақылау комитеті жалпы соммасы 11 250 000 теңгенің «чегін» жазып берген. 2 миллион теңгені Бірінші лигадан тапқан. Ал Футбол орталықтары арасындағы біріншіліктерден бір миллион теңге «табыс түсірген».

Қай лига мүшелеріне қанша айыппұл салынғанын көру үшін 2-ші диаграммаға көз жүгіртіңіздер.


Ал ең көп айыппұл төлеген клуб – «Ақтөбе». Көбіне көрермендерінің бассыздығынан зардап шеккен олар ҚФФ қазынасына 1,6 миллион қаржы құйыпты. Екінші орында Оралдың «Ақжайығы» (1 450 000 тг), ал үздік үштікте 1 390 000 теңгенің айыппұлымен «Тараз» тұр. Айыппұлдардан ең тазасы – «Астана». Оларға биыл ешқандай да жаза қолданылмаған. Сондай-ақ, Бірінші лигадағы «Шахтер-Болаттың» айыппұлын есепке алмағанда Қарағандының «Шахтері» де Премьер-лиганың биылғы маусымын айыппұлсыз өткізген.

Қай клубқа қанша айыппұл салынғанын көру үшін 3-ші және 4-ші диаграммаларға көз жүгіртіңіздер.



Тәртіптік-бақылау комитеттері шығарған шешімдердің бір шеті жаттықтыруышлар мен ойыншыларға да қатысты. Премьер-лига клубтарының бас бапкерлерін айтар болсақ, ең көп жазаланған жаттықтырушы – «Ертістің» экс-бас бапкері Димитар Димитров. Оған екі рет шара қолданылып, біріншісінде 200 мың теңге айыппұл салынса, екіншісінде қалтасынан 300 мың теңге шығарып берген. Сондай-ақ, «Қайраттың» бұрынғы бапкері Кахабер Цададзе де жалпы соммасы 450 мың теңгенің айыппұлын төлеген. Ал «қайсарлық» Стойчо Младеновке екі рет 150 мың теңгеден айыппұл салынған. Сонымен қатар, «Атырауды» жаттықтырған Зоран Вулич пен «қайраттық» Карлос Алос Ферер де 150 мың теңгесінен қағылған. Бұлардан бөлек, футболшылар да жазасыз қалмаған. «Қайсарлық» Мақсат Байжанов, «ертістік» Пірәлі Әлиев және «қайраттық» Жерар Гоу әрқайсысы 300 мың теңгеден 900 мың жинап берген.

Ең «табысты туры» 22-ші тур болыпты. Бұл турдың қорытындысы бойынша, Премьер-лига клубтарына 1,4 миллион теңге айыппұл салынған. Ал 33 турдың 11-інде ешкімге жаза қолданылмаған.

Қай турда қанша айыппұл салынғанын көру үшін 5-ші диаграммаға көз жүгіртіңіздер.


Ал енді айыппұлдар қайда жұмсалады деген сауал өздігінен туатыны рас. Осы орайда Лигаларды ұйымдастыру Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының құзырында екенін айта кеткіміз келеді. Бірақ, Тәртіптік-бақылау комитеті Қазақстан футбол федерациясына бағынышты. Сонда айыппұлдардан түскен табыстар қайсысының қазынасына түседі? Олар қайда жұмсалады? Бұған өздері жауап берер деп ойлаймыз.

Р.S. Сандармен жұмыс істеу өте қиын. Оны өздеріңіз де жақсы түсінесіздер. Сондықтан, цифрлардың соңғы сандары артық немесе кем болып қалуы да мүмкін. Дегенмен, биылғы айыппұл мөлшерінің жалпы жобасы осындай.

Тізімге қайта оралу