Главная страница
 |   |   |  Шымкенттегі Қажымұқан атындағы стадионның шамдары жанатын болды

Шымкенттегі Қажымұқан атындағы стадионның шамдары жанатын болды

Шымкенттегі Қажымұқан атындағы стадионның  шамдары жанатын болды
Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион. Фото: fcordabasy.kz

«Ордабасы» футбол клубы Шымкенттегі Қажымұқан атындағы стадионның жарықшамдары жаңартыла бастағандығын жариялады.

Оңтүстікқазақстандық футбол клубы өзінің ресми сайтына жегілікті tvk-uko телеарнасының стадионнан түсірген бейнехабарын салып қойыпты. Онда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның жарықшамдары жаңартыла бастағаны баяндалады.

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның директоры Құралбай Өкшебаев «өткен жұма күні есепшотымызға арнайы бөлінген ақша түсті, дүйсенбіден бастап мердігер ұжым жарықтандыру жұмыстарын бастап кетті» деп, оңтүстікқазақстандық жанкүйерлерді қуантып отыр.

Стадионның жарықтандыру жұмыстарын жаңарту әрі кетсе 45 күннің ішінде аяқталатын көрінеді. Сөйтіп, соңғы жылдары сиырқұйымшақтанып кеткен, тіпті былтыр тендерде “көкпарға” тартылып, сот алдына дейін жеткен мәселе шешімін тапқан сияқты.

Әрине, Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның жарықшамдары жарқырап жанғанша, шіліңгір шілде де аяқталып, аптап ыстықтың беті қайтып, тіпті тамыз да түгесілер. Бірақ енді «Ордабасының» ойындары “тал түсте” өтпейтін болады...

Ең бастысы, Шымкентегі жанкүйерлер қаланың сыртындағы, қоғамдық көліктер аз қатынайтын, тіпті автокөлік қоятын орындары жоққа тән «Намыс» стадионына жөңкілмейтін болады. Қазақ «ештен де кеш жақсы» дейді. 

Ендеше, күзге салым жанса да, жарықшамдарыңыз жарқырап жанып тұрсын, оңтүстікқазақстандық жанкүйерлер! 50 жыл бойы жөндеу көрмеген электр жұмыстары сәтімен аяқталсын!


Фото: tvk-uko.kz 

Тізімге қайта оралу