|   |   |  Грузиялық Моуриньо немесе Цхададзе бапкердің Бородюктен бес артықшылығы

Грузиялық Моуриньо немесе Цхададзе бапкердің Бородюктен бес артықшылығы

Грузиялық Моуриньо немесе Цхададзе бапкердің Бородюктен бес артықшылығы
Кахабер Цхададзе енді Баториді қайта бабына келтірсе...

Бүгінгі тақырыбымызда Цхададзенің Бородюктен бес артықшылығын атап өтуді жөн көрдік.

Александр Бородюкті қызметінен босатқан «Қайрат» футбол клубы кеше жаңа бапкерін тағайындады. Енді алматылық команданы грузиялық Кахабер Цхададзе жаттықтыратын болады. Әлбетте, бұл маман жайлы әркімнің пікірі әртүрлі. Ал біз бүгінгі тақырыбымызда Цхададзенің Бородюктен бес артықшылығын атап өтуді жөн көрдік.

1. Бас бапкерлік тәжірибесі көбірек

Александр Гейнриховичтің біліктілігіне күмән келтірмейміз. Цхададзе секілді ол да бапкерлік карьерасын 2001 жылы бастаған. Ресей ұлттық құрамасында жұмыс істеді. Бірақ бас жаттықтырушы ретінде емес. Тек Гус Хиддинк, Дик Адвокаттың көмекшісі болып жүрді. Бас бапкер ретінде 2013 жылдан бастап қана танылып, Мәскеудің «Торпедосын» жаттықтырды. Сондай-ақ «Қайратқа» дейін шетелдік клубты жаттықтырмаған.

Бородюк бапкер 10 жыл Ресей ұлттық құрамасында көмекші болып жүргенінде Кхахабер Джумберович Тбилисидің «Локомотивінде» ойыншы-бапкер ретінде тіркеліп, кейін Тбилисидің «Динамо», Болнисидің «Сиони», Әзірбайжанның «Стандарт» және «Интер» командаларында бас бапкер болып үлгерген. Сонымен қатар, 2009 жылы Грузия жастар құрамасының тізгінін ұстаған. Ал «Қайратқа» дейін бір жыл Грузия ұлттық құрамасында бас бапкер болған.

2. Жүлделері көбірек

Бас бапкер ретінде Александр Бородюк Мәскеудің «Торпедосын» төменгі лигадан Премьер-лигаға шығарғанымен мақтана алады. Рас, «Қайратпен» де бірінші ойында-ақ Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды. Бірақ бұл жеңіске Бородюктің сіңірген еңбегі соншалықты зор деп айта алмаймыз. Ал көмекші ретінде «Еуро-2008» додасында Ресей ұлттық құрамасын жартылай финалға дейін жеткізгенімен бар мәртебе бас бапкер Гус Хиддинкке жазылып кетті.

Ал Кахабер Цхададзе бас бапкер ретінде 2005 жылы-ақ алғашқы чемпиондығына қол жеткізген. «Локомотивтен» кеткеннен кейін оған Тбилисидің тағы бір командасы «Динамодан» ұсыныс түсіп, алғашқы ұмтылысында-ақ «Динамоға» бас жүлдені әперді. Келесі жылы Болнисидің «Сиони» клубына қызметке барып, олардан да бірден чемпион жасады. Ал 2010 жылы Бакудің «Интер» футбол клубына Әзірбайжан чемпиондығын әперді.


Кахабер Цхададзенің мінезіне екінің бірі шыдай бермейді

3. Тік мінезді

Александр Генриховичтің Қазақстандағы баспасөз мәслихаттарына куә болдық, кейбіріне қатысып та үлгердік. Шынын айту керек, мінезі жұмсақ, мейірімді адам секілді көрінді. Солай екені де рас. Бірақ, «Қайратқа» қазір қатал, мінезі тік маман қажет. Кейбір сарапшылар Бородюкті «бос мінезінен тізгінді уысынан шығарып алды» деп жүр. «Жел тұрмасас, шөптің басы қимылдамайды ғой».

Ал Кахабер Цхададзенің мінезі өте тік. Командаға темірдей тәртіп орната алады. Кез-келген «жұлдызды» орнына қоя алады. Жалқауды жерден көтеріп алып, тері емес, қаны шыққанша жүгірте алатындай қатал. Дегенмен, қанішер, тасжүрек емес. Футболшылармен тіл табысуы оңай. Ойын және жаттығу кезінде қаншалықты қатал, қатты болса, былайғы кезде соншалықты жуас және ашық.

4.Тактика мәнері шабуылға жақын

Александр Бородюк ойыншы кезінде шабуыл шебінде ойнаған. Бірақ командасының ойындарына қарап, шабуылға құмар деп айтпайсың. Мәселен, «Қайрат» өткен үш турда бар болғаны үш-ақ гол соққан. «Астанаға» қарсы өткен Суперкубок матчында 120 минут бойы жүгіргенімен гол соға алмай, елордалықтарды тек пенальтиден ғана жеңе алды. Сол кездесуде «Қайраттың» көбіне қарымта шабуылдарға иек артқанын да айта кетуіміз керек. «Торпедоны» Ресей Премьер-лигасына шығарған кезде де мәскеулік команда 36 ойында небәрі 45 гол соққан.

Ал Кахабер Цхададзе негізінен қорғаушы болғанымен шабуылға әуес. Көбіне 4-3-3 жүйесімен ойнағанды жақсы көреді. Рас, 5-4-1 немесе 3-4-2-1 тактикалық схемаларын да қолданады. Бірақ командасы ұтылып жатқанда әлгі тактикалар автоматты түрде 3-4-3 жүйесіне ауысып кетіп жатады. Айтпақшы, бас бапкер ретіндегі алғашқы жылдарында грузиялық маман командасын алаңға екі-ақ қорғаушымен шығарған кезі де болыпты.


Кахабер Қазақстан чемпионатына қаншалықты сіңісіп кете алар екен?

5. Іш пыстырмайды

Тәрбиесі солай шығар, әйтеуір Александр Бородюктен Қазақстанға келгелі бері артық сөз естімеппіз. Ол өте тыныш бапкер, жоғарыда атап өткеніміздей тым жуас. Тіпті, «Қайраттан» кетіп бара жатқанында да артық ауыз сөз айтпай, тыныш кеткен.

Ал Цхададземен іш пыспайды. Қап тауы баурайындағы халықтарда бар қасиет Кахабердің де бойына сіңген. Қаншалықты қатал екенін жоғарыда атап өттік. Сонымен қатар, тым қызуқанды. Ұнамай қалған адамымен оп-оңай айқасып кетеді. Онымен өткен әр матч трагикомедия. Төреші, қарсы команданың жаттықтырушысы, жанкүйер, журналист... жалпы кіммен болса да айқасып кетуге дайын. Сондай әрекеттері үшін кейде бір матчқа, кейде тіпті бес-алты ойынға дисквалификация алып жатады. Әрбір сұхбаты қызық және қитұрқы. Айтпақшы, ойын кезінде командасын алаңнан алып кеткен кезі де болған. Оны Жозе Моуриньоның грузиялық үлгісі десек те болатындай. Бір сөзбен айтқанда Кахабер Цхададземен іш пыспайды. Ал Қазақстан футболында қаншалықты ұзақ қызмет атқаратынын уақыт көрсетеді.

P.S. Келісімшартқа қол қойған Кахабер Цхададзе жаңа командасымен алғашқы жаттығуын жүргізіп те үлгерді. Клубтың ресми сайтына берген сұхбатында «Қайраттың» амбициясы асқақ. Барлық жағдай жасалған. Менің алдыма биыл команданы Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығару тапсырмасы қойылған», - деп түйіпті. Ендеше «Қайратпен» Кахабер одағы қаншалықты нәтиже беретінін күтейік.


Тізімге қайта оралу