|   |   |  ТОП-10 трансфер. Биыл қазақ аренасына келген ең үздік легионерлер

ТОП-10 трансфер. Биыл қазақ аренасына келген ең үздік легионерлер

ТОП-10 трансфер. Биыл қазақ аренасына келген ең үздік легионерлер
Андрей Аршавин "Қайратты" сүйрей ала ма?

Қаңтардың 11-інде басталған Қазақстан Премьер-лигасындағы қысқы трансферлік маусым 3 сәуірде аяқталып, командалар өз құрамдарын шама-шарқынша толықтырып алды. Енді үлгермегендері жазды күтеді. Ал біз ел чемпионатындағы легионерлердің ТОП-10 трансферін назарларыңызға ұсынбақпыз.

Рейтинг түзуде футболшылардың тек заттаңбасындағы бағасына қараған жоқпыз. Бұрынғы жүріп өткен жолдарын, атақтары мен жаңа командасына қаншалықты пайдалы бола алатындығын да ескердік. Сонымен, бастайық.

10-ОРЫН. Алассане Н’Диайе (Франция).

Жартылай қорғаушы, 26 жаста. «Ертістен» «Тобылға».

Алассане Н’Диайе өзінің қарымдылығын Қазақстан футболында былтыр-ақ дәлелдеген футболшы. Францияның шығыс бөлігіндегі Оденкур қаласында туған «қара маржан» өткен маусымның жазында Павлодардың «Ертісіне» қосылып, жарты жылдың ішінде 16 ойын өткізіп үлгерді және 5 голдың авторы атанды. Енді Дмитрий Огай бастаған «Тобылдың» тірегі болмақ.

9-ОРЫН. Куасси Куаджа (Кот Д’Ивуар).

Жартылай қорғаушы, 20 жаста. «Слуцктан» (Беларусь) «Ақтөбеге».

«Ақтөбенің» ең сәтті трансферлерінің бірі осы шығар. 20 жастағы ивуарлық қорғаушы алғашқы үш турдан кейін-ақ жанкүйерлерінің сүйікті ойыншысына айналып үлгерді. 18 жасына дейін өз елінде доп теуіп, 2014 жылы «Кәрі құрлықты» бағындыруға Молдоваға кетіп қалған Куасси алдымен «Саксанда» ойнап, кейін Румынияның «Астрасында» жалға доп тепті. Өткен маусымда Белоруссияның «Слуцк» командасында өнер көрсетті. Өте жанкешті және позицияны жақсы таңдай білетін қабілеті бар.

8-ОРЫН. Джозеф Нейн (АҚШ).

Жартылай қорғаушы, 28 жаста. еркін агент «Оқжетпеске».

АҚШ-тың Қазақстан футболындағы алғашқы ойыншысы Джозеф Нейн Көкшетаудың «Оқжетпесіне» әжептеуір сіңісіп кетті. Алғашқы үш турда қаба сақалды жартылай қорғаушы өте тамаша ойнап, қорғаушыларына керемет тірек бола білді. Әсіресе Алматының «Қайратына» қарсы өткен кездесуде Джозеф өз командасының ең үздіктерінің бірі болып, Бауыржан Исламханның өзін тырп еткізген жоқ. Оның бұрынғы карьерасы жөнінде ақпараттар аз. Тек Камерунда туып-өсіп, футбол әліппесін АҚШ-та үйренгенінен хабардармыз. Бірақ, осы ойынынан танбаса, онда Қазақстан футболындағы ең үздік легионерлердің бірі болуы әбден мүмкін.

7-ОРЫН. Гогита Гогуа (Грузия).

Жартылай қорғаушы, 32 жаста. «Диладан» (Грузия) «Ертіске».

2005-2011 жылдар аралығында Грузия ұлттық құрамасының сапында ойнаған. Ресейдің «Химки», «Сатурн», «Терек» футбол клубтарында доп тепкен. Жай ғана теуіп қана қойған жоқ, өзі ойнаған командалардың барлығында көшбасшы болды. Әлбетте, Гогита қазір бұрынғыдай жас емес. Дегенмен, оның тәжірибесі маусымның маңызды бөлігіне келгенде керекуліктерге керек болып қалуы ғажап емес. Қазірдің өзінде жартылай қорғаушы «Ертіске» тез үйреніп, Премьер-лигадағы алғашқы голын соғып та үлгерді.


Бесарт Абдурахими "Локерен" сапында

6-ОРЫН. Бесарт Абдурахими (Македония).

Жартылай қорғаушы, 25 жаста. «Локереннен» (Бельгия) «Астанаға».

«Астана» сапына трансферлік терезенің жабылуына сәл қалғанда ғана қосылған Бесарт елордалық команда үшін небәрі 14-ақ минут өткізді. Аяғына доп дұрыс тиген де жоқ. Дегенмен, әлеуеті зор ойыншы екені көрініп-ақ тұр. Ұлты албан болғанымен қазіргі Хорватияда туылған. Хорватияның U-16 командасынан бастап, жастар құрамасына дейін ойнаған ол 2014 жылдан бері Македония ұлттық құрамасының негізгі ойыншысы. Соңғы клубы Бельгияның «Локерен» командасы. Жартылай қорғаушы болғанымен шабуылға әуес бұл жігіт кез-келген тұстан допты қақпаға шірене бағыттай алады және Станимир Стойлов командасына жаңа креатив қосуы тиіс.

5-ОРЫН. Моштаг Ягуби (Финляндия).

Жартылай қорғаушы, 21 жаста. «Спартактан» (Латвия) «Шахтерге».

Ауғанстан астанасы Кабулда дүниеге келіп, әкесінен жастай айрылған Моштаг 12 жасында отбасымен босқын ретінде Финляндияға қоныс аударған. Футбол әліппесін сол елде үйреніп, Суоми елінің 15 жасынан бастап 21 жасқа дейінгі барлық құрамаларында ойнап шыққан. Бүгінде Финляндия жастар құрамасының негізгі ойыншысы, әрі капитаны. Ұлттық құрамаға да шақыртылып қалуы әбден мүмкін. Өз еліндегі чемпионаттың күміс жүлдегері және кубок иегері болған. Енді ол осы маусымды Қарағандының «Шахтері» сапында жалға өткізеді. Бір қызығы, бұл футболшы қыста «Астанаға» ауысуы қажет болған. Бірақ соңғы сәтте келіссөздер сәтсіз аяқталды.

4-ОРЫН. Аруна Лукман (Нигерия).

Жартылай қорғаушы, 25 жаста. «Анжиден» (Ресей) «Астанаға».

Аруна Лукманның қаншалықты сәтті трансфер бола алатынын дәл қазір тап басып айту қиын. Дегенмен, өткен карьерасына көз жүгіртсеңіз, әжептеуір командаларда доп тепкенін көресіз. 2011 жылы 21 жасында Францияның «Монакосынан» Киевтің «Динамосына» ауысқанда сарапшылар «Украина футболына тағы бір болашақ жұлдыз келді» деп жар салысқан. Бірақ, Аруна сол күйі киевтік команданың негізгі ойыншысы бола алмады. «Динамода» төрт жыл жүргеннен кейін алдымен «Говерлада», сосын «Анжиде» жалға ойнады. Ал трансферлік маусымның жабылуына шақ қалғанда «Астанаға» ауысты. Әлі де «Динамоға» тиесілі ойыншы. Әлі де шеберлігін жоғалтпаған. Нигерия ұлттық құрамасына шақыртылып жүр. Сондықтан, мұндай ойыншысы бар Станимир Стойловқа Чемпиондар лигасына нық сеніммен қарауға болады.


Лукаш Тесак "Торпедо" сапында ЦСКА-ға қарсы

3-ОРЫН. Лукаш Тесак (Словакия).

Қорғаушы, 31 жаста. «Арсеналдан» (Ресей) «Қайратқа».

Александр Бородюктің «Қайратқа» алып келген ойыншыларының бірі. Екеуі 2013 жылдан бері жақсы таныс. Тіпті Бородюк оны «Торпедоның» капитаны ретінде де алаңға шығарып жүрді. Айта кетуі керек, словакиялық қорғаушы бас бапкердің де, жанкүйерлерінің де сенімдерін толық ақтаған. Кейін Туланың «Арсеналына» ауысып, ол жақта да көшбасшылардың бірі болды. «Қайрат» сапындағы алғашқы ойындарын да көрдік. Жап-жақсы ойыншы. Сол қапталдан ешкімді өткізбейді. Жалпы, Лукаш вино секілді, уақыт өткен сайын сапасы артады. Мәселен, ұлттық құрамасына былтыр 30 жасынан бастап қана шақырту ала бастаған. Дегенмен, «Қайратта» енді Бородюк жоқ. Ал жаңа жаттықтырушы Тесакқа қаншалықты сенім артады екен?

2-ОРЫН. Джордже Деспотович (Сербия).

Шабуылшы, 24 жаста. «Қайраттан» «Астанаға»

Өткен жылы Деспотович Сербияның «Црвена Звезда» клубынан Талдықорғанның «Жетісуына» ауысқанда ешкім де бұл жаңалыққа аса қатты мән бермеген. Бірақ жарты маусымның ішінде Джордже өз шеберлігін дәлелдеп, 18 ойында 5 гол соқты. Содан кейін «Қайраттың» көзі түсіп, алматылық клубқа ауысты. «Қайратта» 9 матчта 8 гол соққанымен жыл соңында клуб басшылығы серб шабуылшысын өздерінде қалдыруды жөн көрген жоқ. Шамасы, Аршавин мен Леандро Тавамбаны одан мықтырақ деп есептесе керек, «Астанаға» оңай жібере салды. Бойшаң шабуылшы бірінші ойындардан-ақ елордалық клубтың айнымас бөлшегіне айналды. Енді ол «Қайраттың» қатты қателескенін дәлелдейтін де шығар.

1-ОРЫН. Андрей Аршавин (Ресей).

Шабуылшы, 34 жаста. «Кубаньнан» (Ресей) «Қайратқа».

Анатолий Тимощукпен қатар Қазақстан аренасындағы ең танымал футболшы. Бірақ жасыл алаңда сенің атағың емес, бірінші ретте шеберлігің, басың, аяғың ойнайды. Ал Андрей Аршавинде қазір атақтан басқа не қалды? Оны тап басып айту қиын. Соңғы клубы «Кубаньда» жарты жылдың ішінде небәрі 8-ақ ойын өткізген. Дегенмен, мұндай ойыншыдан Қазақстан футболы ұтпаса, ұтылмайтыны анық. «Аршавин Қазақстанда ойнайды екен» қазір Англиядада шулап жүр. Ойын жағынан болмаса да, «Қайратқа» Шава жарнама жағынан көмектесетіні айдан анық. 

Тізімге қайта оралу