|   |   |  Кулагин мырзаға қазақтың "Оқжетпес" деген киелі ұғымы неге ұнамайды...

Кулагин мырзаға қазақтың "Оқжетпес" деген киелі ұғымы неге ұнамайды...

Кулагин мырзаға қазақтың "Оқжетпес" деген киелі ұғымы неге ұнамайды...

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин «Оқжетпес» клубының атауын «Арлан» деп өзгерту жөнінде ұсыныс білдіріпті...

Көкшетаудағы «Любимый город» газетінің сайтында (lgorod.kz) облыс әкімінің осы ұсынысы жарияланды. Өңір басшысы «Оқжетпес» клубының ғимаратында болып, әр түрлі ескертулер жасапты. lgorod.kz басылымының жариялауынша, жөндеу жұмыстары ұнамаған, қонақ күтетін және асқа да бөлмелерінің безендірулері облыс басшысының көңілінен шықпаған...

Бізде «Арлан» деген бар ғой (хоккей клубы). Әлбетте «ЦСКА» – «ЦСКА», «Динамо» – «Динамо». Білесіздер ме, неге «Арлан»? Мысалы, «То-бол!». Ал «Оқ-жетпес» немесе «Ақ-төбе» деп қиқу салу – қиындау, жоғалады. Ал «Арлан»: «Ар-лан!» – деп түсіндіріпті Сергей Витальевич мырза.


Ойын нақтылып жеткізбеген. Бәлкім, айтқандары түсінікті, қысқа да нұсқа дерсіздер. Жарайды, келістік. Онда неге Ресей клубтарын көлденең тартады? «Ди-намо» деген де қиындау екенін неге айтпайды. «Оқжетпес» сияқты ол да үш буын ғой?! Өзіне еш қатысы жоқ «Ақтөбеде» несі бар?

Сонда, облыс әкімі «Оқжетпес» деген атаудың жай ғана сөз тіркесі емес, тарихи ұғым екенін білмей ме? Футбол мен хоккейдегі клубтарының атауы бірдей болғанын қаласа, неге «Арланды» «Оқжетпес» деп өзгертпейді.

Абырой болғанда, «Оқжетпес» клубының басшылары бұған түсініктеме беруден бас тартып, нақты ұсыныс түспегендігін алға тартқан. Әрі команда жанкүйерлерінің футболшыларға клуб атауы жөнінде ешқандай шағым білдірмегендерін де тілге тиек еткен. Сонымен қатар, заң жүзінде команда атауын өзгерту кез-келген ұйым үшін біраз қиыншылықтар туындыратындығын да айтыпты.

«Любимый город» газеті мен lgorod.kz сайтына да керегі «Арлан» деген атау сияқты. Олай дейтініміз, аталмыш басылым, Көкше клубының 2004 жылғы 2 ақпанан бері «Оқжетпес» деп аталатындығына тоқталып өткен.

«Өйткені бұрынғы ”Есіл” атауы жақсы ештеңе әпермеді. Оны сәтсіз және құтсыз деп санаған облыс басшылары команданың жолы ашылсын деген ниетпен команда атауын өзгерткен. Алайда әр жылдары кейбір қала тұрғындары «Оқжетпес» сөзінің қазақ тілінен «жебе жетпес» деп аударылатындығына мән берген. Ал мұның допты қиыс тебу мен жеңілістерді тартатын жағымсыз мәнді білдіруі мүмкін» – деп жазыпты аталмыш басылым.

Бәлкім, «Оқжетпес» атауы Көкше клубының қақпасы «доп жетпес» қамалға айналсын деп, игі ниетпен таңдалып алынған шығар. lgorod.kz бұған неге көңіл аудармайды.

PS:

Қазақ футболында осындай келеңсіз жағдай болған. Семей футбол клубы 1994-2003 жылдар аралығында «Елімай» деп аталды. Рас, 1999-2000 жылдары «Елімай» атауының алдына AES деген сөз қосылды.

Айтпағымыз, «Елімай» 1994, 1995 және 1998 жылдары Қазақстан чемпионы атанды. 1996 жылы қола жүлдеге ие болды. 1995 жылы Қазақстан кубогы мен суперкубогын жеңіп алды. 1997 жылы «Штоккерау» кубогын да иеленді. Дәл осы жылы «Түркіменбашы» кубогында қола жүлде еншіледі.

1995, 1996 және 1999 жылдары «Достастық кубогында» еліміздің намысын қорғады. 1996 жылы ширек финалға дейін жетті.

1994/1995 және 1996/1997 жылдар маусымында Азия чемиондары кубогына қатысып, екеуінде де 1/8 финалына шықты.

Әлқисса, 2004 жылы команданың «Елімай» деген тарихи мағыналы атауы «Семей» болып өзгертілді. Сол жылы қазақ футболындағы киелі өңірдің клубы тұңғыш рет сіперлигадағы орнынан айырылып қалып, бірінші лигаға түсіп қалды. 2008 жылы атауын «Спартак» деп өзгертіп, одан әрі жаза басты. Содан бері Семей клубы құрдымға кетті. Қазір мүлде жоқ десек те болады. Биыл қаржының қаттығынан жабылып қалғандай. Себебі қазір Шығыс Қазақстан облысында «Восток» пен «Спартактың» орнына «Алтай» деген команда құрылды. Былайша айтқанда, екі команда ізім-қайым жоғалып, бір клуб пайда болды.

Көкшетау облысының әкімі осыны да ескерсе екен дейміз. Қазақ тарихындағы киелі ұғымдармен «ойнауға» болмайтын сияқты...

Тізімге қайта оралу