|   |   |  Футбол добының теңбілін қазақы оюмен өрнектесек

Футбол добының теңбілін қазақы оюмен өрнектесек

Футбол добының теңбілін қазақы оюмен өрнектесек

Қазақтың қошқар мүйіз оюлары мен басқа да ою-өрнектерін футбол ойнайтын былғары доптың теңбіл бедерлердің орнына қиюластырып салмасқа? Қазақстан футбол федерациясының да, ҚР Кәсіпқой футбол лигасының да логотиптерінде ұлттық ою-өрнегіміздің нышандары бар ғой...

Қазақы ою-өрнектеріміз – баға жетпес ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Ұлттық киімдерімізді де ою-өрнектермен үйлесімін келтіре отырып, безендіру – ертеден келе жатқан салт-дәстүріміздің бірі.


Ұлттық нақышқа өте бай, ата-бабаларымыздан қалған осы мұраны біз спорт саласында кеңінен қолдансақ, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе, дүбірлі додаларға аттанған спортшыларымыздың киімдерін көздің жауын алатын ою-өрнектерімізбен әшекейлеп, безендіріп отырсақ, шіркін.

Рас, Олимпиада және Азия ойындары секілді кешенді дүбірлі додаларға баратын спортшыларымызды және делегцияның басқа да мүшелерін біркелкі киім-кешекпен жабдықтап жүрміз. Әрі түрлі-түсті гамма үйлесімдігі мен сәйкестігін жыл сайын өзгертіп, қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен қиюластырып та келеміз.

Енді осы үрдісті ел футболына да енгізсек, шіркін. Жасырып қайтейін, мен бұл мәселені осыдан бірер жыл бұрын да көтердім. Бірақ қолдаушылар болмады...

Әйтсе де, осы бір ой көктем сайын «жылтыңдап», маза берер емес. Сондықтан футболдан Қазақстан чемпионатының жаңа маусымы қарсаңында осы ойды тағы да бір рет көлденең тартқым келіп отыр.

Неге, осы қазақтың қошқар мүйіз оюлары мен басқа да ою-өрнектерін футбол ойнайтын былғары доптың теңбіл бедерлердің орнына қиюластырып салмасқа?


Қазақстан футбол федерациясының да, ҚР Кәсіпқой футбол лигасының да логотиптерінде ұлттық ою-өрнегіміздің нышандары бар. Өте тамаша! Енді осындай ұлттық нақыштарымызды ала допқа салсақ, қалай болар еді, ә?!

Төрт жылда бір өтетін әлем және Еуропа чемпионаттары қарсаңында ұйымдастырушы біткендер өз додаларының доптарын қалай әдемі етіп шығаруды ойластырып, бастары қатып, бәйге де жариялап жатады. Бізде әзірше әлем және Еуропа чемпионаттары өте қоймас, сондықтан төл чемпионатымыздағы додаларды осындай теңбілі ою доптармен ойнап жатсақ ше?!

Сүйсіне қарап, қызығушылар да табылуы мүмкін ғой. Қазақстанға келген футболшылардың бәрі де өздерімен бірге осындай допты ала кетуге тырысатын шығар. Қазақы ою добымыз көпшіліктің көз жауын алып, бүкіл әлемге тез тарап кетсе ше...

Тізімге қайта оралу