|   |   |  Джанни Инфантино – ФИФА президенті

Джанни Инфантино – ФИФА президенті

Джанни Инфантино – ФИФА президенті
Фото fifa.com сайтынан

ФИФА президенті сайланған соң... ҚФФ басшысы Джанни Инфантиномен қатар тұрып, суретке түсіпті. Әрі оны әлеуметтік желілерге салды. Бізде мүлде басқаша, қазақ халқы емес, Ерлан Қожағапанов мәз...

Кеше түнде Цюрихте ФИФА конгресі өтіп, Халықаралық футбол қауымдастықтарының жаңа президенті сайланды. Екі турға созылған дауыс беру қорытындысы бойынша Джанни Инфантино жеңіске жетіп, ФИФА-ның тоғызыншы президенті болып бекітілді.

Бес үміткер және дауыс беру қорытындысы

Бірден айтайық, дауыс беру құқығына ФИФА құрамындағы 209 мемлекеттің 207-і ие болған. Екеуі, яғни Кувейт пен Иордания, үшінші тараптар осы елдердің ұлтық федерацияларының жұмыстарына араласқандары үшін уақытша ФИФА құрамынан аластатылған болатын (Бұл екі елдің мәселесі ФИФА-ның 12-13 мамыр күндері өтетін келесі конгресінде шешілетін көрінеді).

Жалпы, ФИФА президенті лауазымынан бес адам үміткер болып, сайлауға түскен болатын. Олар:

– Шейх Салман бин Ибрагим аль-Халифа (Бахрейн) – жасы 50-де, Азия футбол конфедерациясының президенті;

– Джанни Инфантино (Швейцария) – 45-те, УЕФА-ның Бас хатшысы, ФИФА-ның реформалар жөніндегі комитетінің мүшесі;

– Принц Али бен аль-Хусейн (Иордания) – 40-та, ФИФА-ның бұрынғы вице-президенті;

– Жером Шампань (Франция) – 57-де, ФИФА Бас хатшысының бұрынғы орынбасары, дипломат;

– Токио Сексвале (ОАР) – 62-де, саясаткер және бизнесмен, саяси тұтқын ретінде 13 жыл жазасын өтеп шыққан.

Дауыс беру рәсімі басталмай тұрып, үміткердердің бәрі де ортаға шығып, өз мақсат-тұжырымдамаларын, жоба-жоспарларын ортаға салды. Токио Сексвале өз сөзін, «менің 13 түрмеде отырып шыққанымды білесіздер ме?» деп бастап, ең соңында дауысқа түсуден өздігінен бас тартты.

Сонымен, дауыс берушілер саны 207 өкіл (мемлекет) болды. Ал бірінші тур төмендегідей нәтижемен аяқталды: Инфантино – 88 дауыс, Салман – 85, Али – 27, Шампань – 7.

Сөйтіп, бірінші турдың қорытындысы бойынша ешкім де барлық дауыстың 2/3 бөлігін жинай алмады. Сондықтан екінші тур өткізілді.

Екінші турда жеңіске жету үшін кемі 104 дауыс жинау керек еді. Ал бұл жолы Инфантиноға дауыс берушілер саны 115-ке жетті. Оның басты бәсекелесі Салман 88 дауыс қана жинапты...

Сөйтіп, Джанни Инфантино көп дауыс жинап, ФИФА-ның тоғызыншы президенті болып сайланды.

Инфантино не істемек?

Джанни Инфантино осы кеште назарлары Цюрихке ауған футбол жанкүйерлерін сүйсіндіріп, әуелі италиян тілінде, содан соң испан, әрі қарай ағылшын және француз тілдерінде сөйлеп, өз баяндамасын португал тілінде бір-екі ауыз сөзбен түйіндеген. Әрі:

– Мен УЕФА-да жұмыс істеген жылдары, әлемдегі қаржы дағдарысына қарамай, аталған ұйымның табысы мен пайдасы үш еседен артық шамаға өсті. Мен футболды инвестициялаумен айналысамын. ФИФА табысының 25 пайызын, яғни 1,2 миллиардын әр елдің ұлттық федерцияларына бөліп беремін. Бұл – сіздердің ақшаларыңыз, – деп салған.

Былайша айтқанда, 209 елге «футболды дамыту үшін 5 миллион доллардан беремін» деп отыр.

Жалпы, ол ФИФА басқармасын «үтір-нүктесіне» дейін өзгертпек. Халықаралық футбол федерациясының қаржылай қызметтерін толықтай «ашық жүйеде» жүргізбек. Әлем чемпионатының финалдық додасына қатысатын құрамалар санын 40-қа дейін ұлғайтпақ. Замануи технологияларды футбол ережесіне енгізу жөнінде пікірталастар ұйымдастырмақ. Тағысын тағы...

Ең басытысы ол «Мен саясаткер емеспін, мен – жұмысшымын, футбол адамымын. Саясатты қойып, футболды жетілдіруге көшуіміз керек, сонда әлем бізге қарап тамсанады» деп, ФИФА тірлігін түпкілікті өзгертуге бел байлап отырғандай.

Жаңа президент: кім ол, қайдан келді?

Джанни Инфантино 1970 жылы 23 наурызда Швейцарияның Бриге қаласында туған. Тамырында Италия қаны бар Швейцария тумасы. Фрибург университетінің заң факультетін бітірген. Шетелдіктердің айтуларынша, өте жоғары деңгейлі заң маманы.

Мишель Платинидің жақын досы. Италия, Испания және Швейцария футболында кеңесші болып жұмыс жасаған. Халықаралық спорттық зерттеу орталығының Бас хатшысы да болған.

УЕФА-ға 2000 жылы келген. Осы жылы тамыз айынан бастап, заң және коммерция салаларындағы мәселелерін шешуге көмектескен.

2007 жылы УЕФА Бас хатшысының орынбасары болып бекітілді. Ал 2009 жылдың 1 қазанынан бастап УЕФА-ның Бас хатшысы қызметін атқарып келді.

Ол көбінесе тың бастамаларды жүзеге асырумен көзге түсіп жүр. Оның ықыласымен Еуропа чемпионатының финалдық додасына қатысушылар саны 16-дан 24-ке ұлғайтылды. 2020 жылғы Еуропа чемпионаты 10-нан астам елдің сәулетті қалаларында өтетін болды. УЕФА-ға қаржы фэйр-плейі енгізіле бастады...

Ол неміс, италиян, француз, ағылшын, испан және араб тілдерін біледі. Қарапайым халық оны ылғи жеребе тарту рәсімінде көреді. Еурододалардың жеребе тарту рәсімі түгелдей осы Инфантиноның басқаруымен жүргізіледі. Шетелдіктер тіпті «Джанни бірнеше жыл жеребе шарларын араластырып жүріп, кешегі сайлауда ең бақытты шарды өзі алып шықты» деп әзілдеп те жүр...

Біз көрген Инфантино

Джанни Инфантиноны біз де жүзбе-жүз көрдік. 2014 жылғы наурыз айының аяғында Астанада УЕФА конгресі өткен. Оған Еуропадағы 54 елдің өкілдері және ФИФА мен УЕФА президенттері, басшылары қатысты.

Осы конгресс барысында Джани Инфантино баяндама жасап, УЕФА-ның қаржылай жағдайы мен ахуалын, атқарған істері мен қызметтерін, кіріс-шығысын, алдағы жоспарлары мен жобаларын бастан аяқ жіпке тізді. Қағазға қарап, судыратып оқып шыққан жоқ. Алдындағы жоспарына көз қиығын салып қойып, бәрін де рет-ретімен жіктеп шықты. Негізінен әр алуан кестелер мен диаграммаларды қолданды. Олардың бәрі үлкейтіліп, қабырғада көрсетіліп отырды.

Сонда бірден көзге ұрғаны, Инфантино – өз ісіне бейім, сауатты және өте білікті маман. Өзін еркін ұстайды. Көпшілікті өзіне қарата біледі. Орынды әзіл-қалжыңмен жиналғандардың назарын өзіне аудара алады. Нағыз жаңа заманың адамы, жаңа дәуірдің білікті маманы.

УЕФА конгресі аяқталған соң, осы ұйымның президенті Мишель Платини журналистермен кездесіп, арнайы баспасөз жиынын өткізді. Бұл басқосуға Джанни Инфантино да қатысты. Күрмеуі күрделі, түйіні шешілмеген өзекті мәселелер жайлы сұрақтардың бәріне дәл осы Бас хатшы жауап беріп отырды. Отырғандар сонда оның жан-жақты білімділігі мен біліктілігіне сүйсінді.

Ерлан Қожағапанов ФИФА-ның жаңа президентімен суретке түсті

Джанни Инфантино ФИФА-ға президент болып сайланғанына еуропалықтар қуанышты сияқты. Өйткені жаңа президент – УЕФА өкілі. Еуропадағы ұлттық федерациялардың басшыларының барлығы дерлік Инфантиноға дауыс берген шығар.

Енді, Еуропадағы әрбір ел УЕФА-ның бұл жеңісін әр түрлі мағынада, мәтінде беріп жатыр. Мысалы, Ресей ФИФА-ның жаңа басшысының мына бір сөзіне ерекше мән беретіндей.

Өйткені Джанни Инфантино «егер ФИФА президенті болып сайлансам, 2018 жылғы әлем чемпионаты барысында орысша сұхбат беру үшін орыс тілін үйренемін» депті.

Орыс халқы – мәз. Енді ше? ФИФА президенті «қазақша сұхбат беру үшін қазақ тілін үйренемін» десе, мен де бөркімді аспанға атып, қуанар едім.

Негізі, Цюрихте Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов та болды. Дауыс берді. ҚФФ басшысы ФИФА президенті сайланған соң... Джанни Инфантиномен қатар тұрып, суретке түсіпті. Әрі оны әлеуметтік желілерге, атап айтқанда, Фейзбукке салды. Яғни бізде мүлде басқаша, қазақ халқы емес, Ерлан Қожағапанов мәз...

Тізімге қайта оралу