|   |   |  Георгий Жуков – қазақтың досы ма, әлде дұшпаны ма?..

Георгий Жуков – қазақтың досы ма, әлде дұшпаны ма?..

Георгий Жуков – қазақтың досы ма, әлде дұшпаны ма?..
Фото rodajc.nl сайтынан

Георгий Жуков кім? Кемшіліктерімізді бетімізге басатын, «дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтадының» керіндегі жанашырымыз ба? Жоқ, әлде қарақан басының қамын ойлаған өр көкірек адам ба?..

Соңғы жылдары Қазақстан футболында ауызға жиі ілігіп, көзге көп түсіп жүрген футболшылардың бірі – Георгий Жуков. Оны жанкүйерлер мен Қазақстан басылымдары жақтайды да, даттайды да. Себебі, тәп-тәуір ойыншы. Бірақ біздің елдің намысын қорғаудан қашқақтап жүр...

Ол 2015 жылдың аяғына дейін Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп, «Астана» футбол клубының намысын қорғады. Өздеріңіз білесіздер, бізде биылға дейін әр команда сапында жасы 21-ден аспаған бір жас футболшы алаңға шығаруы керек болатын. Әрі міндетті түрде. Мұны мамандар да, жанкүйерлер де ауызекі тілде «лимитчик» деп атап кеткен-ді.

Міне, Жуков Астана клубына осы «лимитчик» мәртебесінде ойнап, клубтың олқы тұсының орнын толтырған болатын. Әрі жай ғана жас футболшы мәртебесінде ғана ойнап қоймай, Еурокубоктарда негізгі құрамға ілігіп, өзінің бәсекелестікке қабілетті екендігін дәлелдеген. «Астана» ел чемпионатында осындай шеберлігі шыңдалып қалған «лимитчигімен» оқшауланып, өзгелерден асып түскен.

Жалпы, Жуков – қазақ футболының «кіндік қаны» тамған киелі Семей өңірінің тумасы. Бірақ 5 жасында ата-анасымен Бельгияға көшіп кеткен. Доп тебуді сол елде үйренді. Аяқдоп өнерінің қыр-сырына «Беерсхот» футболының академиясында қаныққан.

Өзін әлеуеті зор футболшы ретінде көрсете біліп, 2013 жылдың ақпан айында Бельгияның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы сапын шақыртылған. Тіпті Грецияның өздерімен құрдас бозбалаларымен өткен жолдастық кездесуде жасыл алаңға шығып, алғашқы ойынын да өткізген.

Алайда 2014 жылы қаңтар айында туған жерінің азаматтығын алып, Қазақстан жанкүйерлерін қуантты. Еліміздің жастар құрамасы сапында әуелі екі жолдастық кездесу өткізіп, Достастық кубогында Қазақ елі намысын қорғады.

Сол кезде оның ойын өрнегін көріп, «Бауыржан Исламхан екеуі тізе қоса қимылдап, болашақта ұлттық құрамамызды алға сүйрейтін болады» деп бөркімізді аспанға атқанбыз.

Иә, Жуковтың ұлттық құрама сапына шақыртылуы да көп тостырған жоқ. Бұғанасы қатпаған бозбала былтыр ересектер арасындағы Қазақстан құрамасы сапына шақыртылды. Екі жолдастық кездесуде алаңға шығып, Ресеймен өткен ойында 85 минут, ал Буркино-Фасо футболшыларымен кездескенде 75 минут ойнады.

Алайда... Қызықтың бәрі осыдан кейін басталды. Қазақстан ұлттық құрамасының ресми ойындарына шақыртылған Жуковтың қылтың-сылтыңы, әр түрлі сылтаулары көбейді. Ақыры оның Бельгия құрамасы сапында ойнағысы келетін дәмесі бар екені мәлім болды...

Осыдан бастап жанкүйерлер пікірі қақ айырылды. Біреулері Жуковты даттайды, ал қайсыбіреулері жақтайды. Кейбіреулер тіпті оның Қазақстан чемпионатында ойнап, қазақтың нуы мен суынан нәр алғанына, яғни біздің елдің клубынан жалақы алғанына қарсы екендіктерін білдірді. «Барсын, Бельгиясына! Ойнасын сол елде» деушілер де табылды.

Трансфер саясатында «Стандарт» пен «Астананың» қандай ұстанымда болғандарын тараштап бере алмаймыз, әйтеуір қазаққа жақпаған Жуков «Қызғалдақтар елінен» бір-ақ шықты. Әрі «маған ең маңыздысы ақша болса, Астанада жүре бере едім, бірақ мен футболшы ретінде әлі де жетіле түскенді қалаймын» деп өз ойын ақтарып салды.

Жақында ғана отандық электронды басылымдардың бірінде сұхбаты шықты. Бұл сұхбаттан кейін Жуков тағы да сөзге ілікті. Өйткені оның мына бір сөздері базбіреулерге ұнамай да қалған сияқты:

«Астанада» күш-қуатты шыңдауға берілетін жүктемелер соншалықты ауыр емес, әрі чемпионаттағы ойын қарқыны да аса төмен. Бұл жас футболшыларды бұзады. Мен Қазақстанда жаттығу жұмыстарынан кейін жеке қалып, әрі қарай жалғастыра бермек болғанымда, мені қуып шығып, ”бұл шектен тыс” деген болатын.

Сонымен қатар, егер Бельгия құрамасының сапына іліге алмаса, болашақта Қазақстанның намысын қорғап қалуы да ықтимал екендігін сездірген. Бірақ «егер Еуропада атағымды шығарсам, онда мен үшін Қазақстан құрамасы сапында ойнау проблема болмайды. Мұндай жағдайда қай ел үшін ойнағаның маңызды емес. Ал Қазақстан құрамасы сапында ресми ойындар өткізіп, Еуропаға келу – өте қиын. Мұндай бірде-бір ойыншыны білмеймін» деп тарихи отандастарының кеуделерін күйдіре айтып салды...

Алайда, енді бір көңіл аударарлығы, ол Еуропаға бара салып, қазақтың көк түсті төлқұжатын лақтырып тастаған немесе өртеп жібермеген сияқты. УЕФА сайтында да, «Рода» клубының ресми сайтында да Қазақстан азаматы ретінде тіркеліп тұр...

Сонымен, Георгий Жуков кім? Ащы шындықты айтып, жар салушы ма? Әлде, кемшіліктерімізді бетімізге басатын, «дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтадының» керіндегі жанашырымыз ба? Жоқ, әлде қарақан басының қамын ойлаған өр көкірек адам ба? Қазақстан жанкүйерлері оны жақтауы немесе қолдауы керек пе, жоқ па?..

Георгий Жуков


Жартылай қорғаушы

Туған күні: 1994 жыл 19 қараша

Туған жері: Семей қаласы

Бойы: 172 см

Салмағы: 70 келі

Азаматтығы: Бельгия, Қазақстан

Өнер көрсеткен командалары:

?-2012 – «Беерсхот» (Бельгия) /жастар командасы сапында/

2012-2013 – «Беерсхот» (Бельгия)

2013-қ.у.д – «Стандарт» (Льеж, Бельгия)

2014-2015 – «Астана» /жалға берілді/

2016-қ.у.д – «Рода» (Нидерланды) /жалға берілді/

Екі елдің құрамалары сапындағы ойындары:

Бельгия U-19 – 3 ойын (2013 жылы)

Қазақстан U-21 – 9 ойын (2014)

Қазақстан ұлттық құрамасы – 2 жолдастық кездесу (2015)

Жетістіктері:

Қазақстанның екі дүркін чемпионы (2014 және 2015 жылдар)

Тізімге қайта оралу