|   |   |  О, бизнес! Сен футболмен егіз бе едің?!

О, бизнес! Сен футболмен егіз бе едің?!

О, бизнес! Сен футболмен егіз бе едің?!
Фото slbenfica.pt сайтынан

Мұқағали Мақатаев «Сені іздедім сезімге у шараптан да» дегендей, сезімге у болмаса да, жанкүйерлік көңілімізді суытып жүрген футболымыздан жақсылықтың нышанын іздейміз...

Ақшасын жасырған «өлмейді»...

Қазекем «Қалауын тапсаң, қар жанады» немесе «Түгін тартсаң, май шығады» дегендей, бүгінде футбол да ақша табу көзіне айналған. Ебін тапқандар ақшаны судай сапырып, пайдаға кенеліп жүргендей...

Біреудің қалтасындағы ақшаны санау әсте дұрыс емес, әрине. Оған қосыламын. Десек те, біздегідей бәрі де жабулы қазан күйінде қала беруі керек пе? Бұл тұрғыда шет елдерде жариялылық біршама жетілген секілді. Ал бізде «біреудің ақшасын санаған ұят болады» немесе «бұл коммерциялық құпия» деп, жасырып қалу басым сияқты...

Негізгі айтпағымыз, бүгінде есімі көпшіліке беймәлім, бірақ әлеуеті зор футболшыларды тауып алып, оларды біраз шыңдап, кейіннен қыруар қаржыға сатып жүргендер баршылық. Енді осының Еуропадағы озық үлгісі мен біздегі нұсқасына атүсті тоқталып өтсек.

«Шахтер»: шарық және нарық

Бұл тұрғыда, «Шахтер» ( Донецк) клубын өзгелерге үлгі тұтуға болатындай. Украинадағы кеншілер клубы кейінгі жылдары өздерінің легионерлерін бірте-бірте қып-қызыл ақшаға сата бастады.

Әуелі Виллианды «Анжиге» өткізді (шетелдік басылымдардағы деректерге жүгінсек, 35 млн еуроға). Одан кейін Фернандиньоны қалтасы қалың «Манчестер Сити» клубына «ұзатты» (40 млн еуро). Генрих Мхитарянды Германиядағы «Борусияға» түлетіп ұшырды (27,5 млн, еуро). Былтыр Дуглас Костаны «Баварияға» беріп, құтты орнына қондырды (30 млн еуро). Алекс Тейшейраны ағылшын клубтарының бірі ұсынған ақшаға бермей (азсынғанда болар), жақында Қытайға («Цзянсу Сунинге») жөнелтті (50 млн еуро). Тағысын тағы...

Осы Донецкінің «Шахтері» кезінде Анатолий Тимощук пен Дмитрий Чигринскийді де «Зенит» пен «Барселонаға» қымбатқа сатып, Украина футболшыларының да беделдерін өсірген.

«Порту»: пайым және пайда

Португалияның «Порту» клубы да осы «бизнесті» ұршықша иіріп, тәп-тәуір жүргізіп жүр. Екі мыңыншы жылдардың басынан бері Еуропа футболына білікті бапкерлер де, қас шебер футболшылар да «сыйлады». Жозе Моуринью де, Андре Виллаш-Боаш та осы клубты өрге сүйреп, бақтары ашылған. Ал «Порту» клубы томағасын сыпырып, дүлей додаға қосқан футболшы-қырандардың санын дөп басып айту қиын. Өйткені ондай ойыншылар өте көп. «Порту» кем дегенде жылына бір футболшыны «қияға» ұшырып отыратын шығар...

Бизнестің футболдағы қазақы нұсқасы

Ал бізде ше? Бізде осы уақытқа шейін бәрі де мүлде басқаша болып келді. Біздің елде біршама уақыт бойы футбол бизнесінің «қазақша нұсқасы» белең алды. Ол – шетелдерден шабыты мен шеберлігі шfу тартса да, есімі көпшілікке танымал футболшыны үлде мен бүлдеге «орап» әкелу. Ол айына немесе жылына қанша ақша алады? Бәрін де өзі ала ма, базбіреулермен бөлісе ма, жоқ әлде басқаша «жүйеде» жүзеге асырыла ма? Оның бәрі – коммерциялық құпия! Бізде осындай «қазақы бизнес» тамыр тартқандай болды емес пе?!

Содан соң әлгі футболшы ойнай ма, жоқ па? 90 минут жүгіруге шамасы жете ме, әлде аз ғана уақыт төбе көрсетумен шектеле ме? Гол соға ма, әлде қосалқы құрам орындығын тоздыра ма? Онда ешкімнің шаруасы жоқ...

Алайда «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, мұндай «қазақы бизнестің» де түбі көріне бастады. Қазақстандағы футбол клубтары енді ебін тауып, жалғанды жалпағынан басқандардың «май шелпегі» де, «сауын сиыры» да бола алмайтын сияқты...

Сондай-ақ, қайсыбір клубтарымыз секілді мойны жуан демеуші тауып алып, жыл он екі ай бойы соның «суын» сіміріп, «нуын» жайпай беру де пұшпаққа жеткізбейтіндей.

Сені іздедім сезімге у шараптан да...

Енді, «Порту»мен «Шахтер» сияқты талантты футболшыларды жетілдіріп, соларды бай-манаптарға, яғни бай клубтарға «ұзатып», қалың малын санап алып отыру керек шығар. Бірақ бұл да оңай емес. Екінің, тіпті мыңның да, миллионның да бірінің қолынан келер іс емес. Өйткені «тұлпарды тай кезінен танитын», тұрысынан топшалайтын атбегілер сияқты, талантты футболшыны жас кезінен жаңылыспай, айыра білетін қырағы көз мамандар керек.

Десек те, бізде қазір шетелдік клубтар көз салып, «құда түсіп» жүрген футболшылар баршылық. Солардың бірі – Сербияның жас «перісі» Неманья Максимович (26.01.1995).

«Астана» футбол клубы мұндай бағалы ойыншысын әзір сатпайтын шығар. Сатпағаны да жөн. Кім біледі, бағасы әлі де өсе түсер. Буыны бекіп, бұғанасы қатып келе жатқан Неманья биыл көсіле сілтеп, Еурокубок додаларында жай оғындай жарқырап, көзге түссе, батыстың бай клубтары таласып та қалар...

Ұзын сөздің қысқасы, футболдағы жүбі түзу бизнес бізге де келіп жеткендей. Соған қуанамыз. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Сені іздедім сезімге у шараптан да» дегеніндей, сезімге у болмаса да, жанкүйерлік көңілімізді суытып жүрген футболымыздан жақсылықтың нышанын іздейміз...

Тізімге қайта оралу