|   |   |  "Астана" импорттайды, "Тараз" экспорттайды, басқа командалар ше?

"Астана" импорттайды, "Тараз" экспорттайды, басқа командалар ше?

"Астана" импорттайды, "Тараз" экспорттайды, басқа командалар ше?
Фокси Кетевоама мен Самат Смақовтың текетіресі. Фото "Астана" ФК ресми сайтынан

Осыдан біршама уақыт бұрын АҚШ-тың ESPN спорттық телеарнасы Англияның футбол клубтарын картопқа теңеп, астарлы әзілмен әдемі мақала жазған болатын. Осы тектес материалды Премьер-лига клубтарына байланыстырып, біз де әзірлеп көрген едік. 

Дегенмен, Қазақстан картоппен емес, астық алқабымен мақтанады. Сондықтан, бәзбіреулер ақтүйнек атап кеткен аталмыш дақылды астықпен алмастырып, материалымызды алдарыңызға ұсыналық.

Ақжайық: Бізде астық өндіру былай тұрсын, оны өсіретін алқаптар да аз.

Ақтөбе: Өзіміздің астық піскенше өзгенікін тұтынуға мәжбүрміз.

Астана: Арпа-бидайдың түр-түрін тонна-тоннасымен сатып алуға шамамыз жетеді.

Атырау: Мұнай тұрғанда астықтың не қажеті бар?

Ертіс: Біздің астық жоғары сұрыпты. Бірақ келілеп қана өндірілетіні жаман.

Жетісу: Сырттай қарағанда әдемі көрінгенімен біздің арпа-бидайымыз көпке шыдай бермейді.

Қайрат: Өзіміздікін экспортқа шығарып, өзіміз астықты сырттан тұтынғанды ұнатамыз.

Оқжетпес: Бізде көбінесе арпа-бидай піспей жатып, сатылып кетеді.

Ордабасы: Пісуі ұзақ демесең біздің астық жоғары сұрыпты.

Тараз: Жыл сайын тым құрығанда бір тонна астық экспорттаймыз.

Тобыл: Бізде астық жақсы өседі, тек оны күте білетін діңдей агрономдар аз.

Шахтер: Бұрын бізде астық жақсы өсетін, кейінгі кездері дән салмай қойды.


Сыр футболының жұлдызы – Жасұлан Молдақараев. Фото "Қайсар" ФК ресми сайтынан
Бонус:

Алтай: Бұрын бізде қос егістік алқабы болатын. Екеуінде де егін бітік шығатын еді. Бүгінде көбісінің мерзімі өте бастады.

Каспий: Біз арпа-бидайдың басқа сұрыпын өсіреміз.

Қайсар: Біздің арпа-бидайымыз жақсы, диқандар да тәжірибелі. Тек оны өсіретін алқаптар аз.

Қызыл-Жар: Бұрындары біздің астық қырманға сыймай жататын. Кейін диірмен істен шығып, астық өндірісі тоқтап қалды.

Әлбетте, мұның барлығы жай ғана әзіл. Алайда, астарына үңілсеңіз, қай аймағымызда футболымыздың қалай дамып жатқанын байқауыңызға болады.

Тізімге қайта оралу