|   |   |  Бердіқұлов додасына дайындық

Бердіқұлов додасына дайындық

Бердіқұлов додасына дайындық
"Қазақ радиосы" командасы

Байланыс және ақпарат мерекесінің қарсаңында елордамыздың Қажымұқан атындағы Орталық стадионында Бұқаралық ақпарат құралдары арасында шағын-футбол турнирі өтті.

Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен бұл турнирге барлығы 13 команда тіркеліпті. Барлығының құрамында кілең ығай мен сығайлар жиналған. Журналистік тұрғыда да, футболшылық жағынан да. Аптасына бір рет болса да бас қосып, өзара жаттығу жасап жүрген қаламгерлер. Рас, әлеуеті басқа әріптестеріне таныс емес жұмбақ командалар да болды. Бәрі сондайлардан шығады екен ғой. Мәселен, «ҚазАқпарат» агенттігінің командасы жартылай финалға дейін жетсе, бұрын футболда керемет дәстүрі болғанымен кейінгі кездері жасыл алаңдағы орнын «ҚазСпортқа» босатқан «Қазақстан» телеарнасы да бұл турнирге сақадай сай келіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ, «Қазақ радиосы» командасының қарқынына таңғалдық. Ойыншыларын қайдан жинап алған десеңізші?! Журналистика мамандығына дейін бәрі де футболмен айналысқан болулары керек, теңбіл допты ұршықша иіреді екен. Финалда Амангелді Сейітхан, Төлеубек Қадырмолла сынды саңлақтары бар «Хабар-Алматы» командасының өзін жеңіп кетті.

– Бұрын бір-екі рет Амангелді Сейітхан, Жандос Айтбай сынды «хабарлық» халық сыйлайтын журналистермен бірге жаттығулар жасағаным болмаса, телеарнаның құрамында бірінші рет алаңға шығып отырмын. Ең бастысы, командаңның құрамында сырттан кәсіпқой футболшы болмағаны дұрыс қой. Ал журналист әріптестер бір-бірінің командасында ойнап жатқаны – сыйластықтың белгісі. «Хабар» сапындағы алғашқы турнирім жаман болған жоқ. Финалға дейін жетіп, 2-орынды иемдендік. Алдағы уақытта тағы да ұсыныстар түсіп жатса, аталмыш телеарна сапында алаңға шығуға қарсы емеспін, - деді Астана әкімдігінің турнирінде «Хабар-Алматы» командасының намысын қорғаған «Қазақ спорты» газеті бас редакторының орынбасары Төлеубек Қадырмолла.

Сонымен, бұл турнир қаламгерлер қауымы үшін 2 шілде күні өтетін журналистердің «Чемпиондар лигасы» – Сейдахмет Бердіқұлов додасы қарсаңындағы дайындық іспеттес болды. Басты қызықтың барлығын сол турнирде көретін боламыз. Ұйымдастырушы, Штаттағы ұлттық командалар дирекциясының баспасөз хатшысы Ардақ Тоғымовтың айтуынша, Бердіқұлов бәсекесіне қатысу үшін елордамызға Алматы, Ақтау, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Павлодар, Қостанай қалаларының да журналистері келеді деп күтілуде. 

Тізімге қайта оралу