|   |   |  Азат Нұрғалиев "Астанада" қосалқы құрамда отырып қалмай ма?

Азат Нұрғалиев "Астанада" қосалқы құрамда отырып қалмай ма?

Азат Нұрғалиев "Астанада" қосалқы құрамда отырып қалмай ма?
Азат Нұрғалиев

«Астана» футбол клубының қатарына Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Азат Нұрғалиев қосылды. Тіпті, жаңа командасының сапында алғашқы ойынын өткізіп те үлгерді. Негізгі құрамда емес, дегенмен жаңа әріптестерімен пас алмасуға уақыты жетті. Осы орайда «шымкенттік жігіт чемпиондар сапынан тұрақты орын таба ала ма?» деген орынлы сұрақтың туындайтыны рас. Жауап іздеп көрелік.

Азат "Астанаға" қажет пе?

Азаттың «Астанаға» қосылғанына таңғалмаймын. Шымкенттік жартылай қорғаушы биыл тамаша ойындарымен жанкүйерлерін қуантып жүр. Маусымды әдемі бастап, Байсейітов командасының ең үздік ойыншысы болды. Жыл басынан бері ішкі чемпионатта алты гол соғып, төрт нәтижелі пастың авторы атанды. Ұлттық құрамамыздың жолдастық кездесулерінде Грузия және Қытай қақпашыларын сан соқтырды. Менің таңғалып отырғаным, оның түйіндемесінде осы күнге дейін «Астана» немесе «Қайрат» сынды клубтар болмағандығында.  Рас, «Тобылда» ойнап, ел чемпионы және Қазақстан кубогының иегері атанды. «Ордабасы» сапында да бір рет ел кубогын жеңіп алған. Дегенмен, жылтырығанның барлығына құмарта беретін «Астана» мен «Қайраттың» қалайша Шымкенттің жарқырап тұрған алтынын көрмеген?! Жә, пафосты қойшы, Азат ақыры өзіне лайық командаға келді. Бірақ, кілең ығай мен сығай жиналған «Астана» құрамынан өз орнын таба ала ма?

«Астана» сапында дәл қазір Азаттан бөлек, тағы алты жартылай қорғаушы бар. Рас, Ардақ Сәулет пен Мәди Жақыпбаев бұл маусымда Нұрғалиевке бәсекелес бола қоймас, дегенмен бұл екеуінен басқа Неманья Максимович, Роджер Каньяс, Серікжан Мужиков, Асқат Тағыберген бар екенін ұмытпайық. Сондай-ақ, алғы шептің ойыншылары ретінде тіркеліп тұрғандарымен Таңат Нөсербаев пен Патрик Твумаси де көбіне шабуылға тереңнен араласатын жігіттер. Сондықтан, негізгі құрамнан орын алу үшін Азатқа осы футболшылармен бәсекеге түсуге тура келеді. Әлбетте, әрқайсысы әр шептің ойыншысы. Бірі сол қапталға, екіншісі оң қапталға машықтанған болса, енді бірі орта шептің шебері. Бірақ, Азаттың әмбебаптығымен етене таныс жанкүйерлер, оның жартылай қорғаныстың кез келген қапталында да ойнай алатынын жақсы біледі. Мәселен, өткен тур аясындағы «Қайратқа» қарсы кездесуде Станимир Стойлов 57-минутта шымкенттік жігітті Патрик Твумасидің орнына шығарды. 30 минуттан сәл астам уақытта Азат «Астанаға» бекер келмегенін дәлелдеуге тырысып, есепті теңестіру үшін барын салды. Бас бапкер де оны алаңға сенгендіктен шығарды. Әйтпесе, қосалқы құрамда Джуниор Кабананга мен Асқат Тағыберген сынды футболшылар да бар болатын.

Азат Нұрғалиев

"Астанада" кім артық?

Иә, сол кездесуден-ақ «Астананың» Азатты жай ғана ойыншыларының санын көбейту үшін алмағаны түсінікті болды. Оның үстіне, Чемпиондар лигасының қарсаңында бұл трансфердің елордалық клуб үшін маңызы екі еселеніп тұр. Ендеше Станимир Стойловтың құрамында кімнің орнын басуы мүмкін?

Рохер Каньяс? Мүмкін емес. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, қанша жерден әмбебап дегенімізбен Азат Нұрғалиев қорғанысқа тірек болар шепті жаны сүймейді. Ол көбіне шабуылға жақын ойнағанды ұнатады. Екіншіден, Рохер Каньяссыз «Астананың» орталық шебін көзге елестету мүмкін емес.

Неманья Максимович? Дәл Каньястыкіндей жағдай. Оның үстіне, маңыздылығы колумбиялықтан артық болмаса, кем емес. Станимир Стойлов өзінің ең қымбат ойыншысын қосалқы құрамға отырғызып қояды дегенге сене алмаймыз.

Серікжан Мужиков? Бәрі де мүмкін. Мужиков ойнайтын шепте Нұрғалиев те жүгіре алады. Алайда, Серікжан биыл өзінің нағыз бабында және үздік маусымдарының бірін өткізіп жатыр. Тіпті, дәл қазір «астаналықтардың» ең үздік ойыншысы деп айтсақ та жаңылыспаймыз. Рас, анда-санда шаршаған кезінде екеуінің орнын алмастырып тұруы ғажап емес. Бірақ Мужиковты түбегейлі қосалқы құрамға отырғызып тастамайтын шығар. Обал ғой.

Асқат Тағыберген? Биылғы Премьер-лигада алаңға 13 рет шығып үлгергеніне қарамастан онсыз да қосалқы құрамда отырған жігіт, бір жағынан көбінесе қорғанысқа қарайласатын ойыншы. Сондықтан, Асқат пен Азат негізгі құрам үшін бір-біріне аса қатты бәсекелес бола қоймас.

Таңат Нөсербаев? Таңат – команданың капитаны. Ұжымның көшбасшыларының бірі. Чемпиондар лигасында қайдам, былтыр қосалқы құрамда қалып қойып жүретін. Бірақ ішкі чемпионатта Нөсербаев негізгі құрамдағы өз орнын ешкімге бермейтін шығар. Дегенмен, екінші таймда орнын басып отыруы әбден мүмкін.

Патрик Твумаси? Биыл Станимир Стойловтың ганалық легионерге көңілі тоймай жүр. Оны болгар бапкері әр ойыннан кейін айтатын жағдайға жеткен. «Қайратпен» болған матчта да Азат осы Патриктің орнына алаңға шықты. «Ордабасыда» да Нұрғалиев Твумаси сынды көбінесе оң қапталдағы жартылай қорғаушы ретінде көзге түсіп жүрді. Кім біледі, бәлкім алдағы уақытта шымкенттік жігіт Твумасиді негізгі құрамнан ысырып та тастайтын шығар. Тек, Патриктің легионер екенін ұмытуға болмайды. Ал бізде бапкерлер легионерлерді барынша пайдаланып қалуға тырысып жатады.

Жаңа тактика? Бәлкім, Асқат Тағыбергеннен бөлек, аталған басқа ойыншылардың барлығын бір мезетте алаңға шығарып, олардың қасына Азат Нұрғалиевті де қосып қоятын шығар. Несі бар,  орталық жартылай қорғаушылардың жұбын Максимович пен Каньяс құраса, сол қапталға Серікжан Мужиков ие болып, оң қапталды Азат Нұрғалиев өз мойнына алса, шабуыл шебінде Таңат пен Патриктің тандемін көріп қалуымыз ғажап емес қой. Бірақ, мұндай жағдайда шабуылшылар Агим Ибраими мен Жуниор Кабананганың көңілін табу қажет болады.

Иә, «Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов бұл мәселені ойластырып, шешіп те қойған шығар. Клуб жаттықтырушысы үшін ойыншы жетпей жатқаннан гөрі осылай артығымен болғаны жақсы. Ал Азатқа 13-нөмірлі жейде «Астанада» сәтті болғай демекпіз.

Тізімге қайта оралу