|   |   |  Еуро-2016: Криштиану Роналдудың “тұсауын” Қазақстан құрамасы кескен

Еуро-2016: Криштиану Роналдудың “тұсауын” Қазақстан құрамасы кескен

Еуро-2016: Криштиану Роналдудың “тұсауын” Қазақстан құрамасы кескен
Португалия елшілігі Еуропа чемпионатындағы футболшыларының жеңісіне мәз. Фото: Ілияс Омаров.

Португалия құрамасының жарық жұлдызы Криштиану Роналду жасыл алаңда Қазақстан ұлттық құрамасымен төртінші рет кездесе ме?..

Португалия елшілігі өз футболшыларын қазақстандықтармен бірге қолдайды

Кеше түнде футболдан ХV Еуропа чемпионатының 1/8-финалынында Португалия құрамасы шектен тыс шиеленісті матчта Хорватия қырандарын жолынан тайдырып, ширек финалға шықты. Жасыл алаңдағы табан тірескен дүлей дода тағдырын ойынның 117-минутында, яғни екінші экстра-таймында соғылған жалқы гол шешті.

Қазақстандағы Португалия елшілігі осы ойынды өздерімен бірге тамашалауға Қазақстан журналистерін де шақырды. Осылай, олар екінші рет өздерінің ұлттық құрамаларының аса сәтті аяқталған ойынын қазақстандық достарымен бірге бөлісті.

Бұған дейін Португалия құрамасы Венгрия футболшыларымен 3:3 есебімен тең түсіп, плей-оффта бақ сынау құқығына қол жеткізгенде де, Криштиану Роналдудың отандастары Қазақстан журналистерін “қонаққа” шақырған болатын.

Бір қызығы, Португалия құрамасының топтық кезеңдегі алғашқы екі ойыны Астана уақытымен түнгі 01:00-де басталған-ды. Сондықтан “матч тым кеш басталады” ғой деп, олар алғашқы екі ойында «қазақстандықтармен бірге отырып көрсек» деген ойларын жүзеге асыра алмаған.

Өздеріңіз де білесіздер, ал Португалия – Венгрия кездесуі Астана уақытымен кешкі 22:00-де басталды. Криштиану Роналду бастаған португал жігіттері осы ойында бір ұпай еншілеп, келесі кезеңге шыққан болатын.

Рас, 1/8-финалындағы Португалия – Хорватия матчы да Астана уақытымен түнгі 01:00-де басталды. Бірақ Пиреней түбегіндегі елдің елшілігі бұл ойынды да қазақстандықтармен бірге отырып, тамашалуды жөн көріпті.

Біріншіден, бұл матч сенбіден жексенбіге ауған түні өтті. Таңертең бәрі де дем алады. Екіншіден, бәлкім, ең бастысы да осы болар, қазақ жанкүйерлерімен бірге отырып көргенде, ұлттық құрамаларының бақтары жанып, айдарларынан жел ескен. Яғни сәтті бастаманы неге жалғастырмасқа?!

Криштиану Роналду және Қазақстан ұлттық құрамасы

Айтпақшы, тіпті ең бастысы, Португалия құрамасының қазіргі жарық жұлдызы мен Қазақстанды бір маңызды һәм тарихи дерек ұштастырады. Криштиану Роналду өз елінің ұлттық құрамасы сапындағы ең алғашқы ойынын біздің елдің футболшыларымен өткізген!

2003 жылы 20 тамызда өткен Португалия және Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы жолдастық кездесуде (1:0) Криштиану Роналду алғаш рет өз елінің намысын қорғап, “тұсауы кесілген”. Ол Шавиш қаласында өткен матчтың екінші таймында әйгілі Руй Коштаның орнына шығып, алғаш рет Португалия құрамасының жейдесін киген болатын.

Қазақстандағы Португалия істерінің Сенімді өкілі және Португалия елшілігінің жетекшісі Аделину да Силва бұл деректі Қазақстан журналистерінен естіп, ерекше сүйсінді.

Үйден алыс, жырақта жүрсек те, бәріміз бірге отырып, ұлттық құрамамызға қолдау көрсеткеніміз дұрыс деп шештік. Біз көп емеспіз де, әйтсе кеудемізді шарпыған эмоциямыз бен тілеулестік сезіміміз командамызға көңілге қонымды нәтижелер көрсетуге көмектесті деп ойлаймыз, – дейді Португалия істерінің Сенімді өкілі.

Сөз соңында Аделину да Силва мырза Криштиану Роналдудың өз елінің ұлттық құрамасы жейдесінде Қазақстан құрамасымен тағы да кездескенін теріс көрмейтінін білдірді. Несі бар, біз де қарсы емеспіз.

Жалпы, Криштиану Роналду біздің елдің ұлттық құрамасымен жасыл алаңда үш рет кездескен. Біріншісін жоғарыда айттық. Екінші рет – 2006 жылы 15 қарашада, «Еуро-2008» електік додасы аясында (Коимбра, 3:0). Үшіншісінде, 2007 жылғы 17 қазанда «Еуро-2008» електік додасының қарымта кездесуінде Португалия жұлдыздары Қазақстан құрамасын 2:1 есебімен әзер ұтқан-ды. Криштиану Роналду осы ойынның аяғында Давид Лория қорғаған қақпамызға бір гол соққан болатын.

Сонымен, Криштиану Роналду мен Қазақстан құрамасы енді қашан кездеседі екен?.. 

Тізімге қайта оралу