|   |   |  Қонысбаев және аяқтан ауыр жарақат алған әлем футболындағы ойыншылардың кейінгі тағдырлары

Қонысбаев және аяқтан ауыр жарақат алған әлем футболындағы ойыншылардың кейінгі тағдырлары

Қонысбаев және аяқтан ауыр жарақат алған әлем футболындағы ойыншылардың кейінгі тағдырлары
Ұлан Қонысбаев енді кемі үш ай емделеді

Далянда өткен Қытай – Қазақстан кездесуі жерлестеріміздің жеңісінен бөлек, Ұлан Қонысбаевтың өте ауыр жарақатымен жанкүйерлердің есінде қалатын болды. Енді тараздық тарланның үлкен футболға қашан, қалай оралатыны белгісіз. Бутсыды аяғына кигеннің өзінде жасыл алаңда бұрынғыдай жарқылдай ала ма, жоқ па, ол жағын да айта алмаймыз. Ал біз тура Ұлан сияқты тобық пен жіліншіктен кеткен әлем аяқдобындағы тағы бес футболшының жасыл алаңдағы кейінгі тағдырлары зерттеп көрген едік.

Ескерту: бейнероликтерді жүйкесі жұқа адамдарға көруге болмайды.

Дэвид Баст (Англия) – 08.04.1996 ж.

Өз басым бұл бейнероликті бір-ақ рет көрдім. Екінші рет қарауға жүрегім дауаламады. 1996 жыл. «Олд Траффордтағы» «Манчестер Юнайтед» – «Ковентри Ситидің» екінші минуты өтуде. Қонақтар бұрыштама добын орындауға мүмкіндік алды. Шабуылға көмектесуге қорғаушысы Дэвид Баст та жетіп келді. Кенет, допқа талас кезінде «МЮ»-дің екі ойыншысы Дэвид Ирвин мен Брайан Макклер қатар секіріп, Басттың аяғын мыжып тастады. Тобығы да, жіліншік сүйектері де сынып, алаң қанға көмілді. Бәрі ойын жағдайында болғандықтан ешкім алаңнан қуылмағанымен матч 12 минутқа үзілді. Өйткені, қанды жуып кетіру оңай болмаған еді. Ал осының барлығы көз алдында болған «қызыл сойқандардың» қақпашысы Петер Шмейхел жүрегі лоқсып, қайта-қайта құса берді. Артынша психологқа жазылып, өзіне әзер келді. Дэвид Баст ше? Аяғына 26 рет ота жасатты. Жасыл алаңға қайта ұмтылғанымен «аяғыңды кеспегенімізге рахмет айт» деген дәрігерлер оған доп тебуге рұқсат бермей қойды.

Дэвид Баст травма 


Джибриль Сиссе (Франция) – 30.10.2004 және 07.06.2006 ж.

Франциялық ақ сақалды, сары шашты қара жігіт футболдағы карьерасында екі рет аяғын оңдырмай сындырған. Біріншісінде «Ливерпульде» ойнап жүрген кезі болатын. Чемпионат аясында «Блэкбернмен» кездескен. Кенет «қаңғыбастардың» қорғаушысы Джэймс Макивли арт жақтан қос аяқпен секірді де, Сиссені «ойбайлатып» жіберді. «Үлкен және кішкентай жіліншік сүйектерінің ашық сынығы» деген диагноз қойды дәрігерлер. Бірақ, Джибриль мықты екен, алты ай өтер өтпестен «Ливерпуль» сапында қайта алаңға шығып, командасының лидері болды.

Алайда, екінші жарақатынан кейін біз бұрынғы Сиссені көре алмадық. Обалына Қытай ойыншысы қалды. Осыдан тура 10 жыл бұрын болатын. Ұлан Қонысбаевтың аяғын қытайлықтар 2016 жылдың 7 маусымында сындырса, Сиссені 2006 жылдың осы айы, осы күнінде омақасынан түсірді. «Джибрильдің жан айқайын естігенде денем түршігіп кетті. Тез сауығып кетуін тілеймін! Ол мықты. Міндетті түрде алаңға қайта оралады», - деді сол кезде командаласы Тьерри Анри. Иә, Сиссе қайта оралды. Алайда, бұрынғы бабына қайта келмеді. Рас, екі рет Грекия чемпионатының үздік сұрмергені атанды. Бірақ бұл мақтаныш па?


Франческо Тотти (Италия) – 19.02.2006 ж

Аяқтан алған ауыр жарақатты жеңгендердің бірі – Франческо Тотти. 2006 жылдың 19 ақпанында «Эмполиге» қарсы ойында жіліншік сүйегін ғана емес, тобық сүйегін де сындырып алған «Романың» «Гладиаторы» сол жылы Германияда өткен әлем чемпионатына қатысып қана қоймай, 7 ойында да алаңға шықты. Ең бастысы, бас кубокты басынан асыра көтерді. Ал оның алдында дәрігерлер оны кемі бір жылға қатардан шықты деп бастарын ұстаған. Аяғына метал тілігін салып, сүйектің орнын сол темірмен бекіткен. Тотти содан бері аздап ауырсынса да, «Романың» нағыз «Императоры» болып қала берді.  


Эдуардо да Силва (Хорватия) – 23.02.2008 ж.

Хорватия азаматтығын алған бразилиялық шабуылшының от болып лапылдап тұрған кезі еді. Бірақ «Бирмингеммен» болған ойын оның футболдағы карьерасына біржола нүкте қоймаса да, біраз әуреге салды. Тіпті, алғашында дәрігерлер аяғын кесуі мүмкін деген де сыбыстар тарады. Әупірімдеп аман қалған Эдуардо алаңға бір жылдан кейін бір-ақ шықты. Шыға салысымен екі гол соғып, «Арсеналды» алға жетеледі. Алайда жарақаты шыдатпай, екінші таймда алмасуға мәжбүр болды. Кейін Украинаның «Шахтеріне» ауысты, Бразилияға барып қайтты, қайта Украинаға келді. Кім біледі, егер сол кезде Мартин Тейлор сақ ойнап, аяғын орып жібермегенде қазір Эдуардо «Реал» немесе «Барселонаның» бірінде ойқастап жүрер ме еді?!


Аарон Рэмзи (Уэльс) – 27.02.2010 ж.

Болашағынан мол үміт күттірген «арсеналдық» Рэмбо 18 жасында Англия Премьер-лигасының ең үздік жас ойыншысы атанды. Бұл 2009 жыл еді. Бәрі де Ааронның ойынын Зинедин Зидандікіне ұқсатып жүрді. «Алтын доптардың» болашақ иегері ретінде таныды. Дегенмен, 2010 жылдың 27 ақпаны оның өмірін біршама өзгертіп жіберді. «Сток ситимен» болған кездесуде Райан Шоукросспен қақтығысып қалып, аяқтан өте ауыр жарақат алды. Алаңда сегіз минут ем-дом жасаған дәрігерлер ақыры жедел жәрдеммен жақын маңдағы ауруханалардың біріне алып кетті. Бас төреші кінәліні алаңнан қуды.

Жарақатын емдеуге 9 ай кетті. 2010 жылдың 23 қарашасында «Арсенал» сапында алаңға қайта шыққанымен «Ноттингем Форест», «Кардиф Сити» сынды екінші деңгейлі клубтарға жалға берілді. 2011 жылы «Арсенал» Ааронды қайта шақыртып алды. Бірақ бірден көсіліп кеткен жоқ. Басында аяғын тартып ойнап жүрді. Бүгінде Рэмзи қайта бабында. Соңғы маусымда «Арсенал» мен Уэльс құрамасының үздік ойыншыларының бірі болды.


P.S. Байқағандарыңыздай, мұндай жарақаттардан кейін де қайта шауып кетуге болады. Біз өз тарапымыздан Ұлан Қонысбаевтың тезірек сауығып кетуін тілейміз! Әртүрлі ақпараттарға сүйенсек, ол енді кемі үш ай емделеді. 


Тізімге қайта оралу