|   |   |  Қожағапанов қалай Ергешевті ұлттық құрама капитаны қылып жіберді

Қожағапанов қалай Ергешевті ұлттық құрама капитаны қылып жіберді

Қожағапанов қалай Ергешевті ұлттық құрама капитаны қылып жіберді
Қазақ футболының қос президенті - Ерлан Қожағапанов пен Бағлан Ергешев

Кәсіпқой футбол лигасының қазіргі Президенті Бағлан Ергешевке қарсы ештеңеміз жоқ. Дегенмен, ҚФФ Президенті Ерлан Қожағапанов таныстырғандай, ол ешқашан Қазақстан ұлттық құрамасы мен жастар құрамасының капитаны болған емес. Тіпті, ойыншы кезінде бас командаға шақыртылмаған да.

Сөз аңдып қалғандығымыз емес, бірақ Лига кеңесінің 18 мамырдағы мәжілісінен соң хабарласып, осы туралы жөн сұрап жатқан жанкүйерлер өте көп. «Ол кісі қашан ұлттық құрамада ойнап еді?» деп таңғалып жүргендер аз емес. Сондықтан, Бағлан Қожабайұлының футболдағы карьерасына көз жүгіртіп, анық-қанығын білуге тырысқан едік.

Ақпарат көздеріне сүйенсек, 1971 жылдың 13 наурызында дүниеге келген Бағлан Ергешев 1985 жылдан бастап Шымкенттің Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. 1988 жылы жергілікті «Мелиораторда» кәсіпқой деңгейде доп теуіп бастаған. Кейін 1999 жылға дейін «Арсенал-СКИФ», «Ордабасы-СКИФ», «Жігер», «Кеден» сынды Оңтүстік Қазақстан облысының командаларында ойнаған.

Жасыл алаңдағы карьерасын аяқтаған соң «Атырау», «Қайрат» футбол клубтарында команда басшысы қызметін атқарса, «Ордабасы» мен «Оқжетпесте» спорт директоры болған. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясының Вице-Президенті лауазымын атқарған. Бірақ ешқашан ұлттық құрама сапында ойнамаған, жастар құрамасында болмаған.

Кім біледі, бәлкім ҚФФ Президенті Ергешевті «Ұлттық құрама мен жастар құрамасының капитаны» деп таныстырғанда Бағлан Қожабайұлының Вице-Президенттік рөлін меңзеген шығар. Біздікі тек жанкүйерлер арасында түсініспеушілік орнамау үшін анық-қанығын атап өту ғана.


Тізімге қайта оралу