|   |   |  Қазақстан кубогының "көреген" соқыр жеребесі

Қазақстан кубогының "көреген" соқыр жеребесі

Қазақстан кубогының "көреген" соқыр жеребесі
Финалда "Астана" мен "Қайрат" кездесе ме?

Бүгін Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының елордамыздағы кеңсесінде Ел кубогының жартылай финалына шыққан командалар арасында жеребе тарту рәсімі өтті.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан кубогының жартылай финалына «Астана», «Атырау», Алматының «Қайраты» және Павлодардың «Ертісі» шыққан болатын. Сонымен, жартылай финалдың жұптарын қай командалар құрады деп ойлайсыздар? Меніңше, басым бөлігіңіз дұрыс таптыңыздар-ау. «Қайрат» пен «Атырау» және «Астана» мен «Ертіс» кездеседі.

Қызық, ә?! Финалда қос астананың текетіресін тамашалауымыз мүмкін.

Жалпы, сіздерді қайдам, ел кубогының жеребе тартылуында мен түсінбейтін «тылсым» жайттар көп.

Мәселен, қалайша 1/8-финалда Бірінші лигадан шыққан төрт команданың тым болмағанда біреуіне қарсыласын өз алаңында қабылдау бақыты бұйырмады? Қалайша ширек финалда «Астана», «Қайрат», «Ордабасы» немесе «Ертіс» бір-бірімен кездеспей қалды? Ал құдды бір, ақтық айқаста дәл қазіргі таңдағы қос алпауыт «Астана» мен «Қайрат» кездессін дегендей, жартылай финалда екеуі екі бөлек жұпты құрай қалуы ше? Бұл да қызық... түсініксіз. Бейне бір, қолдан ұйымдастырылып қойғандай. Жаман ойламайын десең де, жеребе тарту рәсімдерінің қорытындысы еріксіз осындай ойға жетелей береді.  

Иә, менің пайымдарымның бәрі де жай ғана сәйкестіктер шығар. Оның үстіне, 1/8-финал жеребесін КФЛ спорт директорының орынбасары Александр Кеплин мен әріптесі Бауыржан Сейсенбеков жүргізді. Ширек финалдың жеребесін жүргізуге Кеплинге танымал футбол ардагері Александр Убыкин көмектесті. Ал жартылай финалдың жеребесінде шарларды шыны жәшіктерден Кеплинге Алан атты кішкентай бала алып беріп тұрды. 

Бұлардың ешқайсысының да адалдығына күмән келтірмеймін және күйе жаққым да келмейді. Оның үстіне, бәрі де КФЛ ресми сайты арқылы тікелей эфирден көрсетіліп жатты. Дегенмен, қатарынан үш жеребе тарту рәсімінде әдейі ойластырылып қойғандай жайттардың орын алуы шынымен де кез-келген көзі қарақты жанның күмәнін туғызады екен.

Биыл ғана емес, жалпы бұған дейінгі жылдардың да жеребе тарту рәсімдері туралы осындай пәлсапалық пайым жасауға болады. Мысалға былтыр да «бір құдіреттің» күшімен «Астана» мен «Қайрат» бір-бірімен финалға дейін кездеспей келді. Жартылай финалда бірі «Ақтөбемен» ойнаса, екіншісі «Тобылмен» текетіресті. 2014 жылғы футбол маусымында да «Қайрат» елорданың командасымен тек ақтық айқаста ғана кездесуі қажет еді. Бірақ соңғыларын жартылай финалда «Ақтөбе» ұтып кетті. Айтпақшы, ол кездері «ақтөбеліктер» де ел футболында үздіктердің бірі еді.

Тізе берсең мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірақ, біздікі тек өзіміздің ішкі ойымыз ғана.

Жалпы, жеребе тарту рәсіміне байланысты дау әлем футболында аз кездеспеген. Өзіңе қажет қорытындыға қол жеткізудің небір түрлері бар екенін де қалың бұқара жақсы біледі. Мәселен, керекті шарларды тоңазытқышқа салып қою немесе ысытып алу, қолың тигенде дірілдейтіндей ету сынды қитұрқы жолдары көп. Кім біледі...

Сонымен, Қазақстан кубогының биылғы жартылай финал ойындары 21 қыркүйек және 6 қараша күндері өтеді. Командалар бір-бірімен екі реттен кездесіп (өз алаңында, түзде) шығады. Ал финал қарашаның 19-ына белгіленген.  


   

Тізімге қайта оралу