|   |   |  Еуро-2016: Тесак Словакия құрамасынан тыс қалды

Еуро-2016: Тесак Словакия құрамасынан тыс қалды

Еуро-2016: Тесак Словакия құрамасынан тыс қалды
Лукаш Тесак. Фото: fckairat.kz

Алматының «Қайратының» және Словакия құрамасының қорғаушысы Лукаш Тесак Еуропа чемпионатына бармайтын болды.

2016 жылғы Еуропа чемпионаты 10 маусымнан 10 шілдеге дейін Францияның 10 стадионында өтеді. Құрлық біріншілігінің финалдық додасында 24 елдің ұлттық құрамасы бақ сынайды. Мамырдың соңғы күндері осы 24 құрама дайындықтарын пысықтап, «Кәртамыс ғалам» додасында сенім артар футболшыларының тізімін анықтауда.

Бүгін Словакия құрамасы Франция жерінде өз елінің намысын қорғайтын 23 футболшының тізімін жариялады. Бас бапкер Ян Козактың соңғы тізімінде «Қайратың» қорғаушысы Лукаш Тесак болмай шықты.

Тесак Словакия құрамасының кеңейтілген тізіміне ілігіп, Грузия құрамасымен өткен жолдастық кездесуде 90 минут ойнап шыққан болатын. Алайда кеше Германия құрамасымен өткен матчта алаңға шықпай, қосалқы құрам орындығынды отырды. Ал бүгін Францияға бармайтыны мәлім болды.

Енді Қазақстан премьер-лигасындағы ойыншылардың ішінде тек Анатолий Тимощуктің ғана «Еуро-2016» додасына баруы мүмкін. Бірақ оның да финалдық кезеңде өнер көрсетіп, өз елінің намысын қорғауы – екіталай. Өйткені ол Украина құрамасы сапында жарақат алып қалыпты. Десек те, әліптің артын тосамыз.

Тізімге қайта оралу