|   |   |  Прокуратура деген сөзден жым болатын елде футбол қалай дамиды

Прокуратура деген сөзден жым болатын елде футбол қалай дамиды

Прокуратура деген сөзден жым болатын елде футбол қалай дамиды
Фото prosportkz.kz сайтынан

ҚР Кәсіпқой футбол лигасының кеңесінде ҚФФ президенті “Бас прокуратурамен тексеріс жүргіземін” дегенде, бәрі де жым болып, басшының ырқына көнген сияқты...

Жолдастық кездесу сыныққа сылтау емес пе?

Жақында Астанада еліміздің Кәсіпқой футбол лигасының (КФЛ) кеңесі өтіп, онда аталған лиганың президенті Олжас Абраев қызметінен кетті. Премьер-лига клубтары бірауыздан дерлік оның отставкасын қабыл алған. Себеп – КФЛ басшысы ұлттық құрамамыздың Қытай футболшыларымен жолдастық кездесу өткізуіне қарсы болған-мыс.

Меніңше, бұл – сыныққа сылтау іздеуден пайда болған желеу ғана. Басты себеп әріде болса керек. Бәлкім, бұл мүдделер қақтығысы немесе егесі шығар. Қалай десек те, “ұлттық құраманың жолдастық кездесуіне қарсы болды” деген күлкілі уәжге өз басым сене алмаймын.

Негізі, Олжас Абраевтың қызметінен кетуінің сыры тым тереңде болуы мүмкін. Өйткені, маусым басынан бері КФЛ шаңырағында “ұсақ-түйек” дау-дамай аз болған жоқ. Мәселен, кейбір командалардың ойындары ауыстырылып («Қайрат» – «Ақжайық»), ал енді бір ұжымдардың өтініштері орындалмады («Ақтөбе» – «Жетісу»)... Қаза берсек, мұндай мысалдар мен болжам-долбарлар жетерлік.

9 айда 192 ойынды да өткізе алмаймыз ба?

Әйтпесе, не жетпейді? Қазақ «айдағаның екі-ақ ешкі» демекші, премьер-лигадағы командалар саны небәрі – 12 клуб қана. Бұл ретте, Испания лигасында 20 клуб, Англия премьер-лигасында да 20 команда, Италияның «А» сериясында да 20 ұжым, Германия бундеслигасында 18 клуб ойнайтындықтарын айта кеткеніміз жөн.

Бір маусымда тек чемпионаттары аясында 38 матч өткізетін, ал кубоктары мен басқа да додаларын қосқанда одан да көп ойын өткізетін елдердің “шыны-аяғы” сылдырап жатқан жоқ. Ал бізде ел біріншілігі аясында әрбір команда небәрі 32 матчтан өткізеді.

Бұл – төл біріншілігімізді екі кезеңге бөліп, мейілінше созғанымыздағы көрсеткішіміз. Ел чемпионатын наурызда бастап, қарашада аяқтаймыз. Сөйте тұра, тоғыз айда 192 ойынды ың-шыңсыз өткізе алмаймыз. Ал басқа елдер күз-қыс-көктем айларында қалай ғана 380 ойынды тым-тырыс өткізіп жатыр?..

Клубтардың бұғып қалуын түсінбедік

Содан кейін премьер-лига клубтарының ұстанымын түсіне алмадық. Олар неге үнсіз қалды? КФЛ-сының бұрынғы басшысы бірінші кезекте солардың мүддесін қорғамақ болды емес пе? Әлде, Абраевтың ел біріншілігінде жеке меншік командасы бар ма? Естіген емеспіз. 

Әлде Олжас алаңға өзі шығып ойнай ма? Күнтізбені өзгертсек, шаршап қаламын деп, қара басының қамын ойлады ма? Мүлде түсініксіз. Қазақстан премьер-лигасының клубтары өздерінің жағдайларын ойлап, мүдделерін қорғамақ болған басшыны қолдай алмады.

Федерация басшысы дауысқа салғанда, селқостық танытты. Ал Ерлан Қожағапанов «Бас прокуратурамен барлық клубқа тексеріс жүргіземін» деп, қоқан-лоқы көрсеткенде, оның ығына көніп, айтқанын істеді.

Сонда қалай, клубтарымыз Бас прокуратура тексерісінен қорқа ма? Былық-шылықтары бар ма? Онда бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдырмай, міндетті түрде тексеру керек қой. Кім біледі, мүмкін қыруар қаржы табылып, бюджетке қайтарылар...

Бағлан Ергешевке кеңес

Өз кезегімізде, Кәсіпқой футбол лигасының жаңа президенті Бағлан Ергешевке айтар кеңесіміз бар. Ерлан Қожағапанов сияқты ҚПЛ клубтары басшыларын «Бас прокуратурамен барлық клубқа тексеріс жүргіземін» деп, қорқыту керек. Сонда олар айтқаныңызға көніп, бір шыбықпен (сөзбен) “айдауға” көнеді.

Бәрін айт та, бірін айт, қоқан-лоқы жырын айт дегендей, прокуратура тексерісінен имандары ұшатын клубтарда, осындай клубтары бар елде футбол қалай қарыштап дамиды?! Қадірімнің қашқанына күйінемін деген осы болар...

Сонымен күнтізбе өзгертілді. Кім ұтылды, кім ұтты, оны уақыт көрсетеді. 11 маусымнан бастап, премьер-лига клубтары төрт күнде бір ойыннан өткізеді. Еурокубоктарға қатысатындары тағы бар. Ал ойыншылары Қазақстан ұлттық құрамасының сапына шақыртылмаған командалар 2-11 маусым аралығында қол қусырып бос отырады...

Тізімге қайта оралу