|   |   |  Көктем келді, кешігіп жатыр Сейд-ағамның турнирі...

Көктем келді, кешігіп жатыр Сейд-ағамның турнирі...

Көктем келді, кешігіп жатыр Сейд-ағамның турнирі...
Фото oinet.kz сайтынан

Жыл сайын журналистер арасында өткізілетін Сейдахмет Бердіқұл турнирі биыл өтпей қалды. Кейінге шегеріліпті. 2 шілде күні Астанада өтеді екен...

Табиғат ана үрдісінен жаңылған жоқ. Жылдағыдай қыс артынан көктем келді. Биыл тіпті қыс көбесі наурыздың басында-ақ сөгіліп, көктем де ерте келді. Бірақ жылдағыдай көктеммен ілесіп Бердiқұл турнирі келмеді...

Несіп ағам «Ғажап! Футбол дүбір салған көктем тағы келді» деуші еді. Байқайсыз ба, биыл көктемгі футбол дүбірінен Сейд-ағаңның есімі естілмейді, Нес-аға! Өкінішті! Футболды қазақы көзбен, қазақы сөзбен, қазақы жүрекпен кестелеп жазған Сейд-ағаңды биылғы көктемде ұлықтай алмадық.

Шіліңгір шілдеде өтеді екен. Енді соған де шүкір демеске амалымыз жоқ. Бірақ, жүрек шіркін кеудемде толқи тулап, алабұртады. Білмеймін, сіздерге қалай, ал маған кербез көктем мен Бердіқұл турнирі егіз сияқты болып кетіп еді. Солай емес па, ә? Әлде мен қателесем бе?..

Есімде, осыдан 10 жыл бұрын 9 мамырда әр түрлі себептермен Бердіқұл турниріне қатыса алмадық. Сонда содан бірер күн бұрын ғана «Айқын» газетіне бас редактор болып келген Бауыржан ағам «Қалай?! Қалай, қалай ғана жыл сайын 9 мамырда өтетін Сейд-ағаңның турнирін ұмыттыңдар?!» деп кейіген. Айтарға сөзі болмай, қапаланған. Сол жолы жерге кірерге тесік таппай қалып едік...

Ашығын айтайын, мен кейінгі жылдары көктем сайын өтетін Бердіқұл турнирінде доп теуіп жүрген жоқпын. Бірақ Сейд-ағаңның аты аталып, ұлтжанды қаламгерді еске түсіруге арналған доп додасының үздіксіз өтіп жатқанына қуанып, сырттай мәз болып жүретіндердің бірі едім. Допты қазір негізінен жастар тебеді. Несіп Жүнісбайұлы жазғандай, сол жастардың ішінен «Сейдахмет ағасын оқыған бір түйір бала болса болғаны» деуші едік.

Айтпақшы, Қыдырбек ағам да жетесіне жеткізіп жазып еді-ау: «Қайран ұстаздың осыдан 24 жыл бұрын айтқан сөздері еріксіз ойға оралады, Алла тағала алаш жұртын көптің өктемдігінен, озбырдың қиянатынан сақтасын деп, сол кезде-ақ Сейд-ағаң азаттықтың жолы оңай болмасын терең түйсініп, алпауыт мемлекеттердің бізге бақай есеппен қарайтынын сезген екен...»

Есімде, басында қалай еді?! Шағын футболдан Сейдахмет Бердіқұловты еске түсіруге арналған журналистер арасындағы дода алғаш рет 1996 жылы өткізілген. Бастапқы жылдары қос тілді «Спорт» газеті доп додасы өтетін алаңға қазан-ошағын көтере келіп, бауырсағы мен шелпегін пісіріп, есепші және коректор қыздары да у-ду болып жатушы еді. Содан бері бұл турнир жыл сайын, үздіксіз, дәстүрлі түрде өткізіліп келді...

Спорт журналистері қауырт жұмыстың кесірінен жылына бір рет осы тунирде кездесіп, арқа-жарқа, мәре-сәре болып жататын. Жас журналистер үлкендердің қолын алып, үлкендер жас таланттарға батасын беріп, шүйіркелесіп қалатын. Самайын ақ шалған ағалардың «әй, қазір сен қайдасың» деген, қарлыға шыққан қатаң дауыстары қалай «жұмсақ» естілуші еді. Содан соң ақсақалдардың «әй, сенің жазғандарыңды оқып тұрамын» деген бір ауыз сөздерінен артық мадақ-мақтау болушы ма еді, тәйірі...

Иә, Жер-ана өз кіндігін бір айналып шығып, қазақтың сайын даласына көктем де келді. Ұлан-ғайыр Жердің бәрі көгеріп, қызыл-жасыл гүлге де толды. Қазақ топырағына көктеммен футбол да келді. Бірақ, бірақ Бердіқұл турнирі әлі кешігіп жатыр... 

Тізімге қайта оралу