|   |   |  Қазақстан клубтары Еуропада ойран сала бастады

Қазақстан клубтары Еуропада ойран сала бастады

Қазақстан клубтары Еуропада ойран сала бастады
Фото uefa.com сайтынан

Ерте заманда аталарымыз «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деп, бар күш-жігерімізді тек еңбек етуге жұмсауды меңзеп кеткен. Тек қарнымыз тоқ болсын дегендері де. Шындығы сол, содан қазекем біраз уақыт теңбіл допқа «үрке» қарап жүрді...

Алайда «елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, одан бері заман өзгерді, қоғам түледі. Доп ойнағандардың да айдарынан жел есе бастады. «Түгін» тартсаң, теңбіл доптан да «май» шығады екен. Яғни теңбіл допты ұршықша үйіріп, дедек қаққызсаң, атақ та, бедел де, ақша да, қаражат та қарша борайды екен.

Бүгінде теңбіл доп додалары ішінде төрткүл дүние халықтары назарын өзіне аударғандары көп. Солардың ішінде, мәртебесі бәрінен жоғары – әр елдің ұлттық құрамалары арасындағы әлем чемпионаты мен Еуропаның ең үздік клубтары арасындағы Чемпиондар лигасы.

Ұлттық құрамамыз әлем чемпионатының финалдық додасына әлі іліге алмай келеді. Бірер жыдың ішінде іліге қоюы да екіталай. Футболшыларымызға қарап, «қатарың кетті-ау алысқа-ай» деп, пұшайман болатынымызды да жасырмаймыз.

Есесіне, клубтарымыз жетіліп келеді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, құрамдарын деңгейі жоғары легионерлермен күшейтіп, Еуропа додаларында ойранды салып жүрген клубтарымыз да бар.

Бұрындары Қазақстан клубтары УЕФА (Еуропадағы футбол қауымдастықтары одағы) додаларының топтық кезеңіне шыға да, тіпті оған маңайлай да алмай жүретін. Електік сындардың бірінші, әрі кетсе екінші айналымынан ауып қалатын. Ал соңғы жылдары қазақ футболының жаңа тарихи белестерін бағындырып, тыңнан түрен тартып жатқан клубтарымыз баршылық.

Әуелі Қарағандының «Шахтері» Чемпиондар лигасының тек соңғы електік сатысында сүрініп, Еуропа лигасының топтық кезеңінде бақ сынау құқығына ие болды. Нақтырақ айтқанда, 2013/2014 жылдар маусымында тұңғыш рет Еурододаның негізгі кезеңіне өтіп, қазақ футболының тарихына жаңа жетістік енгізді.


Фото – В.Шаповалов

Ал биыл «Астана» әлгі Қарағанды клубы сынық сүйем жетпей сүрінген Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Бұл – қазақ футболында бұрын-соңды болмаған соны жетістік! Яғни қазақ клубы тұңғыш рет Еуропаның азуын айға білеген әйгілі клубтарымен додаға түсті.

Осы ретте айта кетуге тиіспіз, қазақ клубтарының мұндай ерен жетістіктерге қол жеткізулеріне УЕФА-ның бұған дейінгі президенті Мишель Платинидің «жаңа революциясы» да әсер етті. Оны да мойындауымыз керек.

Жұмбақтамай, тараштап айтар болсақ, бұрындары Чемпиондар лигасына (1992 жылға дейін Чемпиондар кубогы деп аталған) кіл мықтылар ғана ілігетін. 2007 жылдың қаңтарында УЕФА президенті болып сайланған әйгілі француз футболшысы һәм қайраткері Мишель Платини бірте-бірте Еурокубок додаларына өзгерістер енгізе бастады. Соның бірі Чемпиондар лигасының електік сатысына арнайы «чемпиондар сүзгісін» енгізуі болды.

Бұл сөздеріміз түсінікті болу үшін тағы да Чемпиондар лигасының тарихына көңіл аударуға тиіспіз. 1997 жылдан бастап, Чемпиондар лигасына Еуропа елдерінің чемпиондары ғана емес, төл біріншіліктері өте жоғары деңгейдегі мемлекеттердің 2-4 орын алған командалары да додаға түсе бастады.

Бірақ Мишель Платини Чемпиондар лигасының 2009/2010 жылдар маусымындағы додасынан бастап, топтық кезеңге екшеліп шығудың екі сүрлеуін (сүзгісін) енгізді. «Чемпиондар сүзгісінде» тек әр елдің төл біріншіліктерінің жеңімпаздары кездесіп, «үздіктер сүзгісінде» әлгі чемпионаттарының деңгейі жоғары елдердің 2-4 орын алған клубтары өзара додаға түсті.

Осы жаңа жүйенің арқасында Қазақстан клубтары електік кезеңде Англия, Испания, Италия, Германия, Франция, Португалия, Нидерланды, тіпті Украина және Ресей командаларымен кездеспей жүр. Өйткені олардың чемпиондары УЕФА рейтингісіндегі көшбасшылық орындарына байланысты топтық кезеңге тікелей шығады да, төл біріншіліктерінде 2-4 орын алған клубтары басқа сүрлеумен («үздіктер сүзгісі» арқылы) екшеледі.

Мысалы, «Астана» 2015/2016 жылдар маусымындағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуы үшін үш електік сатыдан өтті. Әуелі Словения чемпионы «Марибор» клубымен кездесіп, түзде 0:1 есебімен ұтылып қалды да, өз алаңында 3:1 есебімен үстем түсті. Бұдан кейін Финляндия чемпионы ХИК командасын жолынан тайдырды. Нақтырақ айтқанда, түзде 0:0 есебімен тең түсіп, елорда төрінде өткен шектен тыс шиеленісті матчта 4:3 жеңіске жетті. Ал соңғы, шешуші електік кезеңде Кипрдің 24 дүркін чемпионы АПОЭЛ клубын сан соқтырып кетті. Өз алдаңында 1:0 есебімен ұтып, түздегі қарымта матчта 1:1 есебімен тең түсті.

Егер Платинидің «чемпиондар сүзгісі» деген жаңа жүйесі болмағанда, «Астананың» соңғы електік сатыда «Манчестер Юнайтед» (Англия), «Валенсия» (Испания), «Лацио» (Италия), «Байер» (Германия), «Спортинг» (Португалия) және «Шахтер» (Украина) сынды азулы клубтардың біріне тап болуы да мүмкін еді...

Ең бастысы, «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтіп, еліміздің атын шығарып қана қоймай, клуб қазынасына 15 миллион еуродан артық қаржы құйды. Рас, бұл ақшаның бәрі дәл қазір қолдарына тимейді. Чемпиондар лигасының 2015/2016 жыдар маусымындағы додасы толықтай аяқталып, жеңімпазы анықталғаннан кейін қорытындысы шығарылып, есеп шотына аударылады.

Жалпы, Болгария маманы Станимир Стойлов жаттықтыратын «Астана» футбол клубы Чемпиондар лигасының қыркүйектен желтоқсанға дейін созылған топтық кезеңі додасында алты ойын өткізді. Соның екеуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татып, қалған төртеуінде азулы қарсыластарымен тең түсті.

Нақтырақ айтқанда, түріктің төрткүл әлемге танымал мақтанышы «Галатасарай» клубымен үйде де, түзде де тең түсті (2:2 және 1:1). Португалияның шежіресі ең бай, жетістіктері жырлап айтуға тұрарлық командасынан, яғни «Бенфика» клубынан Лиссабонда 0:2 есебімен ұтылып қалып, өз алаңында 2:2 есебімен «итжығыс» түсті. Ал Испанияның арынды да, адуынды «Атлетикосынан» Мадридте 0:4 есебімен ойсырай ұтылып қалды. Бірақ бұл ойында жасыл алаңға негізінен қосалқы құрамдағы ойыншыларын шығарды. Себебі іле-шала ел чемпионатындағы ең маңызды һәм шешуші матчы өтуі керек болатын. Есесіне, екі аптадан кейін айбынды «Атлетикомен» елорда төрінде қайта кездесіп, 0:0 есебімен тең түсті.

Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, «Астана» өткен маусымда Еурокубок додасы аясындағы матчтарда өз алаңында ешбір клубтан ұтылған жоқ.

Сондай-ақ былтыр Алматының «Қайраты» да азулы «Абердинді» әбігерге түсіріп, жолынан тайдырып, беделді «Бордоны» борша-борша қылып, қара терге түсірген.

Ұзын сөздің қысқасы, бүгінде Еуропа клубтарының көбісі Қазақстан командаларынан қаймығады. Жеребе тарту рәсімінде «қазақтың сайын даласына сапар шегуден сақтай гөр» деп Тәңірлеріне жалбарынады. Себебі олар үшін жол – алыс, қазақ жері – жазда ыстық, күзде қара суық, ал клубтарымыз – ұр да жық...

Тізімге қайта оралу